Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бас басылымның бүгінгі бейнесі

Бас басылымның бүгінгі бейнесі

Жарықтық Наполеон Бонапарт сонау ХVII ғасырдың өзінде БАҚ-тың қадір-қасиеті мен күш-қуатын жіті түсініп, «Төрт жүз мылтықтан төрт баспасөздің күші артық» деп айтқан екен. Иә, қазір көзімізге көрінгені бар, көрінбей астыртын жасалғаны бар айналамыздағы алпауыт елдер арасында ақпараттық майдан жүріп жатқаны ақиқат. ХХІ ғасыр ақпарат соғысының дәуірі дейтін болсақ, біздің ел бірінші кезекте ақпарат майданында сап түзеген «әскерлеріне» ерекше көңіл бөліп, әлеуметтік мәселелерін толыққанды шешіп, заманауи құрал-саймандармен жабдықтауды күн кешіктірмей қолға алу керек. Өйтпеген жағдайда өз жыртығын жамай алмай, қолында қаламынан басқа қаруы жоқ бүгінгі БАҚ «сарбаздарымен» әлемдік ақпарат майданында иық тіресіп, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп, белгілі бір белесті бағындырамыз деу құр әурешілік болмақ.
Иә, осы күні әлем бойынша Наполеонның БАҚ-қа берген бағасымен келіспейтін жан жоқ шығар, сірә. Тіпті, ақпараттық технологиясы дамыған мына заманның бүгінгі жеткен жетістіктерін көріп, БАҚ саласының еңбегіне еріксіз бас шұлғып, еш қарсылықсыз мойындамасыңызға амал да жоқ. Қазақ журналистикасы қазіргі таңда қарқынды дамып, қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық тақырыптарда тыңнан түрен салып, рухани-мәдени тақырыптардың майын ішіп, жілігін шағып, оқырман назарына ұсынып келеді. Одан бөлек елдегі тұрақтылық пен ынтымақты, бірлік пен татулықты сақтауда да баспасөз саласының майталмандары ерекше үлес қосып жатыр десек, артық айтқандығымыз емес.
Ақпарат құралдарының өкілдеріне деген бұқара халықтың сенімі жылдан-жылға арта түспесе, кеми қойған жоқ. Халық қоғамдағы күрмеуі қиын шетін мәселенің түйінін тарқату үшін көбіне БАҚ-тың көмегіне жүгінгенді жөн көріп жатады. Бұл баспасөздің төртінші билік деңгейінен түспегендігінің дәлелі болса керек. Иә, кейде «Кеңестік кезеңдегі БАҚ-тың құдіреті күшті еді» деген сөздер жиі айтылады. Оған әрине, дау жоқ. Дегенмен, бүгінгі таңда да баспасөзде көтерілген мәселелер атқарушы және қадағалаушы орган өкілдерімен біріккен алқалы ­жиын­­дарда қаралып, газетте жарияланған жайға уақытылы жауаптар беріледі. Сонымен қатар, ондағы көтерілген мәселелер оң шешімін тауып жатады. Біз бұны күнделікті көріп, біліп отырмыз.
Жалпы, Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің тарихы сонау 1939 жылдан бастау алады. Сол жылдың 19 наурызында «Стахановшы» деген атпен қазіргі «Өскен өңірдің» алғашқы саны жарық көрді. Басылымның алғашқы редакторы Мәді Молдыстамов деген азамат болды. Одан кейінгі жылдары О.Нұрхабаев, Б.Уызбаев, О.Шілдебаев, Ж.Шөкенов, М.Шәменов, А.Сопыбеков, Ж.Сатыбалдиев, М.Арысбаев, Қ.Әбенов, Р.Нұрекеев, Ж.Шәукебаев, Д.Смайылов, З.Жайлыбай сынды білікті басшылар үнжарияның тынысын кеңейтіп, халыққа ақпарат таратудың көшін тоқтатпады. Дүние дидарынан 2 жыл бұрын кеткен Алтай Айып аудан айнасының абыройын арттыру жолында сүбелі еңбек етті. Өңірдегі өлі тіршілікке жан бітіріп, ақсаған тұсын қалам ұшына салған редактордың бірі болды. Сондай-ақ, бүгінде қаламын қолынан тастамаған Өркен Исмаил, Дүйсенбек Аяшұлы да аудандағы ата басылымға басшылық жасады. Жыл басынан бері аудандық газетте көптеген сын, ұсынысқа негізделген мақалалар жарияланды. Бұл дерек газеттің әрбір екінші нөмірі қоғамдағы кезіккен өзекті мәселені айналып өтпей, мәселе етіп көтеріп, атқарушы билікке ұсыныспен шығып отырады деген сөз. Ал осы үдеден шығып, билік пен бұқараның арасындағы алтын арқауға айналған үнжарияның өзіндік орны мен айтары бар маңызды құжат екенін айқындап келе жатқан бүгінгі бас редактор Нұрболат Пірімбеттің де еңбегін айта кеткеніміз жөн-ақ.
Заман ағымына қарай аудандық газет те жетіліп, форматы мен дизайны өзгерді. Қазір жаһандану заманы салғырттықты емес, алғырлықты талап еткен кезең. Газет баспаханадан шыққан сәттен енесіне еміренген құлындай елге жетуге асық тұрады. Оқырмандар үшін бізде барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Бүгінде «Өскен өңірдің» өрісі кеңи түсіп, баспаның жанынан газеттің электронды нұсқасы, яғни сайты ашылып, жұмыс істеуде. Оқырман қауымы сайттан газетте жарияланған мақалалардан бөлек әлемдік, республикалық, облыстық деңгейдегі ақпараттар, видео түсірілімдерді тауып, оқып, көріп біле алады. Бұл әсіресе, елден жырақта, алыс облыстар мен шет елдерде жүрген жерлестерге үлкен сый болды десек артық айтқандық емес. «Өскен өңір» газетінің сайтынан әлемнің кез келген бұрышында жүріп-ақ, Шиелідегі барлық жаңалықтарға қанық бола аласыздар.
Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі жүз жылдық.
Редакцияның жүрегі болып табылатын шығармашылық ұжым жүз пайыз жасарғанын айтып өттік. Редактордың орынбасары Елдос Жүсіп, беттеуші-дизайнер Ерұлан Даткенов, фототілші Бақытжан Бәйімбет, бөлім басшылары Гүлхан Яхияева мен Гүлнәр Дүйсебаева, тілшілер Маржан Құрманғалиева, Сұлушаш Мадиярова, Ақбота ­Баянбай, Шапағат Тілеубайлар жиырма мен отыз жастың арасындағы жайқалған кіл жастар. Сондай-ақ, газеттің таралымы мен баспасөзге жазылу, жарнамалық жұмыстарын Күләш Мырзаева, Элвира Ахметова, Абылайхан Сақтағанов жүргізіп келеді. Қаламдары қуатты, мамандықтарына Һәм өз жұмыстарына деген ынта-ықыластары жоғары. Үнемі ізденіс үстінде. Бұларды өздерін-өздері шыңдап, қаламдарының қуатын арттырып, болашақтарынан мол үміт күттіріп отырған жастар деп білеміз. Елдің, жердің, халықтың, жұрттың жоғын жоқтап, түгесілгенін түгендеуге атсалысып, кемшілік көрсе, қара немесе төре деп теріп жазбай тура жазып, тер төгіп еңбек етіп келеді. Қаруым – қалам, өрісім – қағаз деп жүрген журналистер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз!

«Өскен өңір» газеті
29 маусым 2021 ж. 474 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031