Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүректен шығару қажет

Жүректен шығару қажет

Жарықтық Наполеон Бонапарт сонау ХVII ғасырдың өзінде БАҚ-тың қадір-қасиеті мен күш-қуатын жіті түсініп, «Төрт жүз мылтықтан төрт баспасөздің күші артық» деп айтқан екен. Иә, қазір көзімізге көрінгені бар, көрінбей астыртын жасалғаны бар айналамыздағы алпауыт елдер арасында ақпараттық майдан жүріп жатқаны ақиқат. ХХІ ғасыр ақпарат соғысының дәуірі дейтін болсақ, біздің ел бірінші кезекте ақпарат майданында сап түзеген «әскерлеріне» ерекше көңіл бөліп, әлеуметтік мәселелерін толыққанды шешіп, заманауи құрал-саймандармен жабдықтауды күн кешіктірмей қолға алу керек. Өйтпеген жағдайда өз жыртығын жамай алмай, қолында қаламынан басқа қаруы жоқ бүгінгі БАҚ «сарбаздарымен» әлемдік ақпарат майданында иық тіресіп, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп, белгілі бір белесті бағындырамыз деу құр әурешілік болмақ.

Иә, осы күні әлем бойынша Наполеонның БАҚ-қа берген бағасымен келіспейтін жан жоқ шығар, сірә. Тіпті ақпараттық технологиясы дамыған мына заманның бүгінгі жеткен жетістіктерін көріп, БАҚ саласының еңбегіне еріксіз бас шұлғып, еш қарсылықсыз мойындамасыңызға амал да жоқ. Қазақ журналистикасы қазіргі таңда қарқынды дамып, қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық тақырыптарда тыңнан түрен салып, рухани-мәдени тақырыптардың майын ішіп, жілігін шағып, оқырман назарына ұсынып келеді. Одан бөлек елдегі тұрақтылық пен ынтымақты, бірлік пен татулықты сақтауда да баспасөз саласының майталмандары ерекше үлес қосып жатыр десек, артық айтқандығымыз емес. Сонымен қатар қоғамды тәрбиелеп, ақ пен қараның аражігін ажыратып, елді жақсылыққа шақырып жүрген де осы журналистер қауымы десек қателеспейміз. Сөзіміз жалаң болмас үшін айта кетейік.
Мәселен, өткен жылдың соңына таман еліміздегі танымал телеарананың бірінде Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Алмалы ауылы жайлы арнайы репортаж көрсетілді. Онда Алмалы ауылы тұрғындарының соңғы алты жылдан бері арақ-шарапсыз өмір сүріп келе жатқаны айтылып, елді мекендегі барлық мәселе ауыл ақсақалдарының сөзімен шешілетіні баяндалады. Ал егер әлдекім үлкендердің сөзіне құлақ аспай, дастарқанына арақ қойған болса, ауыл тұрғындары арасындағы бекітілген пәтуаға сәйкес, ол үйден ауыл халқы дәм татпайды, Рамазан айында ауыз ашпайды екен. Аталған репортажда журналист алмалылықтардың осы амалын еліміздегі басқа ауылдар жалғастырса деген ұсыныс білдіріп, үндеу тастаған болатын. Міне, содан бері әлеуметтік желілерде «Арақсыз ауыл» деген айдар, хэштегтер пайда болып, кейбір ауылдар бұл акцияға үн қоса бастады.
Нәтижесінде Түркістан облысында тағы бір ауыл «арақсыз» атанамыз деп бастама көтеріп, тұрғындар елді мекендегі кәсіпкерлермен өзара келісіп, дүкен сөрелеріндегі спирттік ішімдіктерді өз қаражаттарына сатып алып, сындырып жатқанын әлеуметтік желі арқылы білдік. Кейін аталған акцияны көршілес Жаңақорған ауданына қарасты Қырқеңсе, Жаңарық ауылдары жалғастырып, арақтан бас тартты. Солайша дарияны жағалай орналасқан өңірлерде басталған бастамадан біздің аудан да шет қалмады. Қаңтар айының орта шебінде Шиелі ауданында алғаш болып, 21 бекет тұрғындары шариғат тыйым салған шарапты ауылдарынан шеттетті. Оған ауыл жастары бастамашы болды. Бізге жеткен бейресми ақпараттарға жүгінсек, енді теріскейдегі Төңкеріс елді мекені де «Арақсыз ауыл» атануға ниетті екен. Иә, қазақылықтың қаймағы сақталған қасиетті қара шаңырақ ауылдардың ішімдіктен бас тартып, болашақ ұрпағын ұлттық сусындарымызбен өсіріп, тәрбиелеуге ден қоюлары бізді шын қуантып отыр. Дегенмен арақ құйылған құтыларын шұңқырға көміп, шыныларын сындыру арқылы ауылдар мәңгілік арақсыз болады деп кесіп айтуға әлі ерте сияқты. Себебі, біз бұл мәселеде адамның ішкі дүниесімен емес, сыртқы көріністерімен күресіп жатқандаймыз. Негізі бірінші кезекте арақты сындырумен емес, адам санасындағы ішімдікке деген тәуелділік, қызығушылық, құмарлық сезімдерін сындыруымыз керек еді. Өйткені, адам жүрегіндегі араққа деген сүйіспеншілік жоғалмай жатып, оның болашақ өмірін арақсыз өткізеді дегенге еш сенім жоқ. Былайынша айтқанда, біздің бұл әрекетіміз іргетасын қаламай жатып, үйдің дуалын тұрғызып, шатырын жауып жатқан құрылысшының іс-әрекеті секілді көрінуде. Әрине, «Арақсыз ауыл» атанып жатқан ауылдардың тірлігі қате, не болмаса дұрыс емес деуден аулақпыз. Керісінше, бұл да болса, ауыл тұрғындарын арақтан алыстатуға септігі тиетін амалдың бірі деп білеміз. Дейтұрғанмен сынған бөтелке қайта бүтінделіп, төрімізден орын алмас үшін, мынадай ой қосуды жөн санап отырмыз.
Мәселенки, журналистер мен блогерлер жоғарыда айтып өткен ақпарат құралдарының әлеуетін пайдаланып, жұртты жақсылыққа үндеп, жамандықтан қайтаратын мақала, бейнероликтердің санын көбейтіп, халыққа салауатты өмір салтын насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар атқаруы тиіс. Ал имамдар жамағаттың жүрегіне иман дәнін сеуіп, оның өркендеп-өсуіне көңіл бөлуі керек. Әсіресе, мешіттерде адамның осы өмірдің қадірін біліп, Алланың аманаттап берген денсаулығына қиянат жасаудың зияны жайлы уағыздарды жиі айтып, көпшілік есіне салып отырғандары ләзім. Сонымен қатар қоғамның түзеліп, халықтың дұрыс өмір сүруіне мемлекет тарапынан үздіксіз қолдаулар көрсетіліп отыратын болса, елде ішімдік, құмар ойын, ұрлық секілді азғындық әрекеттер азайып, қылмыстың да саны едәуір қысқарар еді. Осындай жұмыстар жүргенде ғана дүкен сөрелерінен ішімдік атаулының барлық түрі өз еркімен ығысып, шұңқырға төгіліп, жермен жексен болмақ. Әйтпесе...

Елдос Айтөреұлы

29 ақпан 2020 ж. 414 0