Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Елдегі ахуалдың есебі

Елдегі ахуалдың есебі


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады. 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және елдегі санитарлық-эпидемиялық ахуал туралы есеп берді деп хабарлады Ақорда.
– Ұсынылған мәліметтерге сәйкес соңғы екі айда экономикада тұрақты оң динамика байқалады. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы салалары қарқынды дамып келеді. Қызмет көрсету ісі біртіндеп қалпына келе бастады. Ақпарат пен байланыс саласында оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Азық-түлік өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі, металлургия, оның ішінде, түрлі-түсті металл өндірісі мен машина құрастыру, фармацевтика салаларында тұрақты өсім бар – деп есеп берді Премьер-Министр.
Айта кетейік, еліміздегі эпидахуалды тұрақтандыру үшін барлық өңірлерде екпе егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылдың дәл осы айында жұқпалы індеттің өршігенін ескерген А.Мамин кездесуде елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай талқылады. Премьер-Министрдің айтуынша, жағдай бақылауда: республика бойынша вирустың арту көрсеткіші 0,9 процентті құрайды, жұқпалы ауруханалардағы төсек орын 23 процентке, жан сақтау бөлімшелеріндегі орындар 16 процентке артқан.
Сонымен қатар, есепті кездесу барысында Президентке ОПЕК+ Мониторинг комитеті отырысының қорытындылары туралы ақпарат берді. Аталған жиында Қазақстан үшін мұнай өндірісін тәулігіне 20 мың баррельге дейін арттыру туралы жеке келісім жасалғаны айтылды. Бұл тау-кен секторындағы өндіріс өсімін біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Ел экономикасын арттыру мақсатында Мемлекет басшысына инвестициялар тарту, тұрғындарды жұмыспен қамту, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басқа да өзекті мәселелері бо­йынша қабылданып жатқан шаралар туралы да баяндады.

«Өскен өңір» ақпарат
13 наурыз 2021 ж. 526 0