Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІТІМІ БӨЛЕК, БОЛМЫСЫ НӘЗІК

БІТІМІ БӨЛЕК, БОЛМЫСЫ НӘЗІК


Қазақтың атақты ақыны Күләш Ахметованың:
«Көктем келсе – құлпырар гүл әрқашан,
Жапырақ жайса – бітеді шынарға сән.
Ештеңеге шаттана алмайсың сен,
Қаулап өскен шалғынға қуанбасаң», – деп жырлаған көктемі де келіп жетті. Еріген қардың астынан көрінген көк шөп те суықтан сескенбей жер бетіне шығуға асыққандай. Әр мезгіл өзіне тән кереметімен әдемі ғой. Дегенмен, көктемді күтетініміз шындық. Жанымыз жылылықты қалап, төңірегімізді де жылытқымыз келгендей.
Тылсымға толы тіршіліктің ең кереметі – көктем. Ал оның алғашқы мерекесі нәзік жандыларға арналуы тіптен үйлесім тауып тұрғандай. Айтулы мереке қарсаңында аудандық мәдениет үйінде «Көктем. Ару. Ана» атты іс-шара өтті. Шараның шымылдырығы ана мен баланың арасындағы байланысты көркем суреттеген М.Мақатаевтың «Шеше, сен бақыттысың» өлеңін би қимылдары арқылы бейнелеген ерекше қойылыммен ашылды. Мерекелік шараның алғы сөзін аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов ашып, арулар мен аналарды құттықтады.
Қазіргі таңда ауданда 2496 батыр ана бар. Алтын құрсақты аналардың 697-сі «Алтын алқа», 1429-ы «Күміс алқа» иегерлері. Күні кеше 4 ана «Күміс алқалы» болды. Қазақ елінің демографиясын көтеруге атсалысқан аналарды мереке қарсаңында арнайы аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттап, гүл шоқтарын ұсынды. Сонымен қатар ұрпақ тәрбиесімен айналысатын білім бөліміне қарасты мекемелерде 2948 ұстаздың 2587-сі қыз-келіншектер. Ал, денсаулық сақтау мекемелерінде 1557 қызметкер болса, оның ішінде 1157-і нәзік жандылар. Мемлекеттік қызметшілердің нақты саны – 200 адам болса, оның 85-і немесе 42,5%-ы әйелдер екен. Яғни, мемлекетті басқару ісінің тиімділігін арттыруға нәзік жандыларда өз септігін тигізуде деген сөз. Барлық салада біліктілігімен қара көрсеткен нәзік болмыс иелері де мерекелік кеште марапатсыз қалмады. Оған қоса залға жиналған ақ жаулықты аналарға арнайы аудан әкімінің атынан сыйлықтар таратылып, гүл шоқтары ұсынылды.
Ауданның сұлуларына арналған шараның шырайын одан әрі аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері кіргізді. Ана, жеңге, қарындасқа арнап ән мен биден шашу шашқан өнерпаздарға көрерменнің де ықыласы зор болды.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

05 наурыз 2021 ж. 461 0