Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Гитара қайда пайда болған?

Гитара қайда пайда болған?

Гитара – ерекше музыкалық аспап түрі. Бұл аспаптың тарихы тым тереңде жатыр. Өйткені, қазіргі гитаралардың түпнұсқалары б.з.д. III мыңжылдықтарда жарық көрген.

Библиялық ертегілерде ұшырасатын шумер-вавилондықтардың ішекті аспаптары осының айғағы. Бұл заттай деректер Месопотамия жеріне жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған. Ежелгі Мысыр мен Үндістанда да осы аспапқа ұқсас заттар табылғаны тағы бар. Олар: набла, нефер, мысырлық цитра, және үндістандық ситра мен вина. Ал сол кездерде Грекия мен Римде гитарамен туыстас ежелгі кифара аспабының аты аспандап тұрды.

Алғашқы гитаралар

Ұзын мойнымен жабдықталған ішекті шертпелі аспаптар ежелгі заманнан бар. 1470 жылдардан бастап қазіргі гитараларға ұқсайтын аспаптар дүниеге келе бастады. 
Әлемдегі ең алғашқы гитара деген атпен атақты аспап бүгіндері Лондондағы корольдық музыкалық мұражайда сақтаулы тұр. 1581 жылы Лиссабонда жаслаған бұл аспап Мельчиор Диастың атымен тығыз байланысты. Ол XV ғасыр мен XVI ғасырдағы аспаптың бір-бірінен айырмашылығы көп екендігін көрсетті.

Оны біз гитараның құрылымына қарап ойланбастан мойындай аламыз. Диастың құрастыруымен жасалған гитара палисандр ағашынан жасалған. Қазіргі гитаралардың нағыз шығу тегі осы гитарамен байланысты деп айтуға болады.

«Гитара» сөзі қайдан шықты?

«Гитара» сөзі санскрит тілінің екі сөзінен құралған: «сангита» - «музыка» деген мағынаны береді; ал ежелгі парсы тілінің «тар» сөзі – «ішек» деген мағынаны білдіреді. Басқа да мәліметтерге сүйенсек, «гитара» «төрт ішекті» деген мағынаны білдіретін санскриттік «кутур» деген сөзден де шыққан екен.

Орта ғасырда гитара аспабы әсіресе Испанияда танымал болды. Латын гитарасы деген атпен алғаш рет бұл елге аспап Римнен жеткен еді. Ал мавритандық гитара деген атпен араб басқыншылары арқылы да таралды.

Испанияға кең таралған бұл аспапты жергілікті халық 5 ішекті қылып дүниеге әкелді. Осындай гитаралар испандық гитара деген атқа ие болды. XVIII ғасырда испан гитараларына тағы да бір ішек қосылып, алты ішекті шертпелі аспап болып шыға келді.

Қаншама ғасырды артқа тастап бұл аспап келе-келе біздің де қолымызға жетті. 
06 желтоқсан 2020 ж. 454 0