Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өркендеу кепілі – өнімді еңбек

Өркендеу кепілі – өнімді еңбек

Өткен аптада аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков облыс орталығында болып, БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді. Аудан басшысының айтуынша Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ауданда қазір кәсіпкерлік нысандар көбейіп, инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асып отыр.
– Жыл басынан бері аудандағы өнеркәсіп орындары арқылы 24,3 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 8,5 млрд теңгеге жетіп отыр. Жалпы бүгінге дейін ауданда 5183 шағын және орта кәсіпкерлік тіркелген. Биылғы жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында барлығы 103 жобаға 489,2 млн теңге несие берілді. Оның ішінде: Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 71 жоба – 273.2 млн тг, «Наурыз-Дем» НС» ЖШС арқылы 12 жоба – 108,5 млн тг, «Сырдария-1» НС» ЖШС арқылы 15 жоба – 94,5 млн тг, Қызылорда Өңірлік инвестиция орталығы арқылы 5 жоба – 13 млн тг қаржыландырылды. Сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасы бойынша 675 жобаға – 372 млн теңге қайтарымсыз грант бөлінді. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бағыты бойынша ағымдағы жылы жобалық құны 67,2 млн теңгені құрайтын 5 жоба қаржыландырылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша инвестиция қажет ететін жобалық құны 1 млрд 370 млн теңгенің 23 жобасы іріктеліп, бүгінгі күнге жобалық құны 71,2 млн теңгені құрайтын 5 жоба ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы қаржыландырылды. Атап айтсақ «Нұрислам» шаруа қожалығы – 8,4 млн теңге, «Мұстафа» шаруа қожалығы – 12 млн теңге, «Жылқайдаров» шаруа қожалығы – 30,4 млн теңге, «ШАХ» шаруа қожалығы – 10 млн теңге, «Алтынбек» шаруа қожалығы – 10,4 млн теңгеге ие болды. Сонымен қатар «Айдос» шаруа қожалығының мал шаруашылығы бағытындағы құны 5,6 млн теңгенің жобасы қолдау тауып жуық арада қаржыландырылатын болады, – деген аудан басшысы кенттің шығыс жағын индустриялық аймаққа айналдыру үшін 2,8 млрд теңгеге толықтай инфрақұрылым жұмыстары жүргізілгенін тілге тиек етті. Оның 487,5 млн теңгесі бюджет қаражаты есебінен жүргізілсе, қалғаны мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобасы аясында жүзеге асырылған. Бүгінде индустриялдық аймаққа тартылған көгілдір отынды 3 мекеме, «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС, «Бөпежанов» жеке кәсіпкерлігі мен «Әшірбеков» шаруа қожалығы пайдаланып отыр.
Аудан көлемінде бос жатқан жер телімдерін тиімді игеру бойынша да жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Бұған дейін жобалық құны 66 млрд теңгені құрайтын 10 жобаға 65 га жер телімі табысталып, 4 жоба іске қосылған. Биылғы жылы индустриялдық аймақты жаңа жобалармен толықтыру мақсатында бос жер телімдеріне сауда-саттық өткізіліп, өндірістік бағыттағы 2 жобаға 3 га жер телімі табысталды.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің өтінішіне сәйкес, жақын арада өндірістік бағыттағы 7 жобаға 14 га жер телімі табыстауды жоспарлап отыр.
Жалпы ауданда кәсіпкерлікті дамыту бағытында іске асып жатқан шаруа аз емес. Биылдың өзінде сауда-саттық саласы бойынша жобалық құны 140 млн теңгені құрайтын 3 сауда және 1 күріш ақтау зауыты құрылысы аяқталып іске қосылды. Олар «Азамат» бизнес орталығы, «Нұрбер-2» құрылыс заттар дүкені, «Ермат» жиһаз сату дүкені мен тәулігіне 60 тонна ақ күріш, 20 тонна құрама жем өндіретін «Тұрлыбаев ­Досжан» күріш ақтау зауыты.
Сондай-ақ Қамбарбек Мүбараков өз сөзінде жыл соңына дейін «Әбдіманап базары» ЖШС-ның құны 170 млн теңгені құрайтын жабық базары іске қосылып, халық игілігіне пайдалануға берілетінін атап өтті.

Жылыжай 300 тонна өнім өндірді
Биыл Шиеліде 29 461 гектар жерге егін егіліп, одан 23 млрд теңгеден аса өнім өндірілген.
– Өздеріңізге белгілі, биыл «Ақмая» шаруа қожалығында жаңа, ақылды техника мен озық технологиялар алаңында отандық «Сыр Сұлуы» сортына алғашқы орақ түсіру салтанаты өтті. Бұл жылғы үрдіске облыс әкімі Гүлшара Наушақызы арнайы ат басын тіреп, «Сыр сыйының» әлеуетімен танысты. Одан өзге, Өзбекстан Республикасының «Organic solutions» компаниясы мен ауданымыздағы «Төңкеріс и К», «Жер Жомарт Д» ЖШС және «Бала би-2004» ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері бірлесіп 60 гектар жерге 40895 дана алма бақ пен жүзім және түрлі жеміс ағаштарын отырғызу жұмыстарын жүргізді. Оған қоса Сұлутөбе және Қарғалы елді мекендерінде жеке кәсіпкерлер 5 гектарға алма және жеміс ағаштарын отырғызды, – деді аудан әкімі.
Одан бөлек ауданда 6 жылыжай жұмыс істеп тұр. Олар өндірген қызанақ пен қиярдың жылдық өнімі 300 тоннаға жеткен.

Келер жылы 72 пәтер пайдалануға беріледі
Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 145 млн теңгеге кент ішіндегі Шұғыла-2, Шұғыла-3 жəне Шығыс-4 мөлтек аудандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым дамыту жəне жайластыру, тас жолдарының құрылысы жұмыстары жасалған.
– Кентке кіре берістен салынған, құны 176 млн теңгені құрайтын үш қабатты 18 пәтерлі тұрғын үй құрылысы шілде айында аяқталды. Ал Береке шағын ауданынан соғылып жатқан құны 233 млн теңгені құрайтын 3 бөлмелі бір пәтерлі 25 тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Шиелі кентіндегі 18 пәтерлік 4 тұрғын үй құрылысы жұмыстарына 71 млн теңге қаралды. Нысан өтпелі, – деді Қ.Амангелдіұлы.
Одан бөлек аудан әкімі елді мекендерді сумен, көгілдір отынмен қамтамасыз ету, спорт нысандарын салу, жеке тұрғын үй салуға жер телімдерін үлестіру бойынша жұмыстар жасалып жатқанын айтты. Өткен жылы ірі инвестициялық жобалардың есебінен ауданға 61,1 млрд теңгенің инвестициясы тартылып берілген меже артығымен орындалғаны белгілі. Дегенмен Қамбарбек Мүбараков биылғы жылы орын алған төтенше жағдайға байланысты және ірі инвестициялық жобалардың болмауына орай бекітілген меженің орындалмау қаупі туындап отырғанын жасырмады.

Кенттің көркі артып келеді
– Кенттің абаттандыру жұмыстарына 464 млн теңге қаржы қаралып, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен Көкшоқы мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын, Яссауи көшесі бойындағы аллеяны абаттандыру, Тоқтаров, Бекежанов, Қоңыратбаев, Аймауытов, Әл-фараби көшелері жаяу жүргінші жолын салу жұмыстары жүргізілді. М.Шоқай орталық алаңын қайта құрылымдау жұмыстары, яғни орталық алаңға орындықтар орналастыру, «I Love Shieli» жазуын орналастыру, 5 шағын архитектуралық мүсіндер, RGB аркасын орнату, су бұрқағын орнату жұмыстары жүргізілді. Оған қоса «Қош келдіңіздер» аркасы безендіріліп, спорт алаңын салу, балалар ойын алаңын салу, кентте орналасқан 7 аркаға жөндеу жұмыстарын жүргізу, ағаш егу, гүл егу және Әл-фараби, Д.Смайлов, Ы.Жақаев көшелеріндегі көп қабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілді, – деді аудан басшысы.
Одан бөлек Көкшоқы мөлтек ауданы мен кенттің бірнеше көшелерінің түнгі жарық бағаналары ауыстырылып, ажары кіріп қалғанын байқауға болады. Қ.Мүбараков жыл аяғына дейін жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, тағы 5 көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылатынын жеткізді.

Дәрігер мамандар жетіспейді
– Өздеріңіз білесіздер, биылғы жыл аудан тұрғындары үшін де, медицина қызметкерлері үшін де оңайға соқпай тұр. Әлемді дүрліктірген жұқпалы инфекция біздің жерлестерімізге де зиянын тигізді. Сол сәтте дәрігерлер күндіз-түні науқастардың жанынан табылып, аянбай еңбек етті. Қиын кезде қолынан келген барлық медициналық көмекті көрсетті.
Жыл басынан бері пневмония диагнозымен 323 науқас тіркелді. Оның ішінде 204 науқас жазылды. Қалған 119 науқастың 47-сі провизорлық стационарда ем қабылдап, қазіргі таңда барлығы жазылып шықты. Пандемия кезінде 40 төсек-орындық инфекциялық, 100 төсек-орындық провизорлық стационар ұйымдастырылды. Шиелі агроколледж жатақханасынан 100 төсек-орын, «Гежуба-Шиелі» цемент зауыты жатақханасынан 100 төсек-орын қолданыста болды. Шиелі ауданында 9 дана рентген аппараты, 14 дана өкпені жасанды желдету аппараты, 56 дана оттегі баллоны бар. 103 оттегі баллоны ауданға уақытша көмекке берілген. Демеушілер атынан қосымша 51 оттегі концентраты, 10 оттегі балон редукторы берілді. Аудан кәсіпкерлері тарапынан ауруханаға 12 млн 400 мың теңге ақшалай көмек көрсетіліп, 10 төсек-орны берілді, – деген аудан басшысы бүгінгі таңда ауданға балалар хирургі, иммунолог, неонатолог дәрігер мамандары жетіспейтінін атап айтты.
Одан бөлек брифингте Қамбарбек Мүбараков білім, спорт, ішкі саясат, жұмыспен қамту салалары бойынша ауданда атқарылған жұмыстарды баяндады. Жиын соңында журналистер Қ.Мүбараковқа сұрақ қойып, бірнеше түйткілді тақырыптарды көтерді. Мәселен, облыстық «Qyzylorda» арнасының тілшісі Айғаным Құрмашова «Ауданның алдағы мақсат-мүддесі қандай?» деген сауал жолдады. Оған Қамбарбек Амангелдіұлы:
– Ең алдымен инфрақұрылымды дамыту керекпіз. Алдағы уақытта дарияның арғы бетіне көпір салу мәселесі бойынша жұмыс жасауды жоспарлап отырмыз. Сол арғы беттегі елді мекендерге жол салу, инвестиция тарту күн тәртібіндегі жоспарға айналып отыр, – деп жауап берді. Келесі болып облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Ыдырыс Тәжұлының:
– Суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беріпсіздер. Оны егетін диқандарды ынталандыру мақсатында не істеп жатырсыздар? Екінші сұрағым, қамыстан ДСП жасау зауытының жайы не болды? – деген сауалына:
– Суды аз қамтамасыз ететін дақылдарды егу жұмысы бойынша биыл Өзбекстан республикасындағы «Сникерс» компаниясының филиалымен меморандумға отырдық. Бұйырса, келер жылы жержаңғақ, маш егуді жоспарлап отырмыз. Ал екінші сұраққа келсек, зауыттың егесі патент ала алмады. Негізінен аталған зауыттың өнімдері теңіздегі қайықтарға арналған. Ал біздің облыста теңіз болмағандықтан шығарған өнімді сату қиындық туғызды. Өндіріске енгізе алмады, – деп жауап берді. Брифинг барысында аудан әкіміне әлеуметтік желі арқылы да сауалдар келіп түсті. Соның бірі шабындық жерлерді алу жолы жайлы сұраған желі қолданушысына:
– Шабындық жерлер әрбір ауылдағы қауымдастықтың шешімімен беріледі, – деді Қ.Мүбараков.

Гүлхан ЯХИЯ

27 қазан 2020 ж. 417 0