Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сайлауға сайланайық

Сайлауға сайланайық

Жыл басынан бері түрлі қиындыққа бетпе-бет келген бұқараның көңілінде өкпе, реніш жоқ дей алмаймыз. Сынаптай сырғыған уақыт ішінде қоғамда түрлі жағдай орын алып үлгерді. Бұл кезге дейін өзгере қоймаған мәжілісте де бір толқудың боларын айтты мемлекет басшысы. Қазан айының 21-ші жұлдызында Президент Қ.Тоқаев ҚР Парламенті мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлау­ын тағайындау туралы үндеуін жариялады. Бағамдасақ, бұл жолғы сайлау бұрынғыдан өзгерек. Ел мен жерге қатысты мәселенің мән-жайын тарқатар биліктің бір бұрышына жастарда жайғаспақ. Ел Президенті Қ.Тоқаев Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетінін хабарлады.
Елді елең еткізген үндеудің ауаны «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңға түзетулер енгізу арқылы парламенттік оппозиция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламенттейтін өзгерістер мен толықтырулар жасалды» деген Мемлекет басшысының сөзімен үндесіп жатыр. Парламенттік жүйе мен өңірлердегі мәслихаттардың құрамын өзгерту бүгінгі күннің қажеттілігі болып тұрғаны жасырын емес. Енді Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады. Сонымен қатар парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Оған қоса бір сессия кезінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтын болады. Осылайша үкіметке өкпе артып жүрген оппозиция өкілдері мәжіліс алаңында сыналатын болды. Бұл жаңашылдыққа толы сайлаудың бірінші жаңалығы.
Сайлаудың тағы бір ұтымды тұсы жаңа кезеңнің жаңа есімдермен толығатынында болып тұр. Нақтырақ айтар болсақ, парламенттік тәжірибеде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 проценттік квота енгізілді. Бұл норма Парламентке және жергілікті өкілді органдарға әйелдер мен жас­тарды тартудың тиімді жолы ретінде олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізетінін баса айтты. Енді билік басына белсенді, жалынды жастардың баруына жол ашылмақ. Елімізде 3 мыңнан астам мәслихат депутаттары бар. Оның ішіндегі жастар саны небәрі 60 қана. Ал Шиелі ауданы бойынша қазіргі таңда 5 мәслихат депутаты болса, оның 2-і нәзік жандылар. Ал жас шамалары 40 пен 70-тің арасын қамтиды.
Биыл елімізде «Nur Otan» партиясының бұрын-соңды болмаған партияішілік іріктеу іс-шарасы – праймериз өткізілген болатын. Алғаш рет праймериз өткізу туралы Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Назарбаев өткен жылдың 21 тамызында партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында бастама көтерген болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев праймериздің басталуы қарсаңында жасаған Үндеуінде «Партия билікке жаңа адамдарды – өз ісінің нағыз мамандарын, беделді көшбасшыларды, еліміздің тағдырына жаны ашитын, тиімді шешімдер қабылдап, сындарлы ұсыныстар енгізуге қабілетті адамдарды жылжытулары тиіс» дегені есте болар. Еліміздің саяси жүйесінде алғаш рет жаңаша форматта қолданысқа енген праймериз көпшіліктің ерекше ықыласы мен қызу қолдауына ие болды. Өйткені ол барша қазақстандықтарға, оның ішінде әйел азаматтар мен креативті жастарға елді дамыту жөніндегі жаңаша идеяларымен және тың бастамаларымен бөлісуге, өз қабілеттері мен әлеуеттерін кеңінен танытуға, сол арқылы Қазақстан Рес­публикасы Парламентінің Мәжілісіне, барлық деңгейдегі мәслихаттарға, мемлекеттік органдарға өтуге «әлеуметтік лифт» қызметін атқарады. Праймериздің тағы бір жағымды тұсы – партиялық тізімдегі әйел азаматтар үлесінің 30 проценттен, ал жастар үлесінің 20 праценттен кем болмауы. Халқымыздың «Ана разы болмай, Алла разы болмайды» деген дана сөзі бар. «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп те дөп басып айтқан. Бүгінгі қазақ әйелі отбасы қамын ғана ойлап қоймай, шаруашылықтың түрлі салаларында тамаша табыстарға қол жеткізе отырып, еліміздің өсіп-өркендеуіне едәуір үлес қосуда. Праймериз ерлермен қатар әйел азаматтардың да мемлекеттік саясатқа ықпалдасуы үшін тең мүмкіндіктер туғызған бастама болғаны мағлұм.
Жуырда ғана жариялаған Мемлекет басшысының Мәжіліс және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеуі де осы жастар мен әйелдердің елдік мәселеге етене араласуымен қабысып жатқандай. Ең бас­тысы өңірлердегі мәслихат құрамын жаңартуда іскер, білікті де белсенді жас­тарды іріктей білу. Бұқараның сайлау турасындағы сауаттылығын арттырып, түсінікті әрі танымға жеңіл ақпараттар желісін ұсынуды да назардан тыс қалдырмау қажет. Бұл мүмкіндік – халықтың сайлауалды бағдарламаларды елеп-екшеп, үздіктер ішінен ең үздігін таңдауына арналды. Ендеше бейқамдықты тас­тап, сайлаудың әділ де ашық өтуіне атсалысайық!

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
24 қазан 2020 ж. 271 0