Алыстан іздегенің ауылдан табылады

Иә, ұлы адамдардың ұлылығының астарына үңіліп қарайтын болсаңыз, олардың әуелден ғылым-білімге құштарлығын, сонымен қатар міндетті түрде жата-жастанып кітап оқуға ынтық болғанын байқайсыз. Одан бөлек, адамзат баласының ақыл-ой мен парасат-пайымын, сана-сезімін сақтап, дамытып отырушы бірден-бір құрал кітап екендігіне ешкімнің дауы жоқ болар. Осыдан-ақ, білімнің анасы атанған кітаптың қаншалықты құнды һәм қасиетті дүние екендігін өз бетімізше топшылай берсек болатындай.
Өткен жексенбіде қарымды қаламгер, жампоз журналист, бүгінде сенат төрінен төбе көрсетіп, елдің сөзін сөйлеп, мұңын арқалап жүрген жерлесіміз Нұртөре Жүсіп кіндік қаны тамған Еңбекші елді мекенінде болып қайтты. Сапар барысында сенатор ауыл ақсақалдарымен жүздесіп, бірқатар ойларымен бөлісіп, қазіргідей өлара уақытта мүмкіндігінше сақтық шараларына көңіл бөлу керектігін ескертті. Сонымен қатар жеке кітапханасындағы алдыңғы буын жазушылар мен өзі үзенгілес қаламгерлердің туындыларын Еңбекші ауылдық кітапханасына табыс етті. Осылайша ауыл кітапханасы жетпіске тарта кітаппен толығып, оқырмандар алыстан іздегенін ауылдан табатын болды.
Е.Датқа