Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Журналистер жауап күтеді

Журналистер жауап күтеді

«Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Онан да шықты жаңғырық» – демекші, соңғы уақытта жорналшылардың атқарушы орган өкілдеріне деген өкпесі қара қазан. Неге? Өйткені бүгінде тілшілер басылым беттерінде қанша байбалам салып жатса да жазған дүниелері жауапсыз қалып, «баяғы жартас сол жартас» күйінде қала беретін болды. Журналистік зерттеу жасалып, газетте жарияланған ұсыныс-пікір, түйіткілді мәселелер мен өзекті тақырыптарға кейбір құзырлы мекеме басшылары еш жауап қайтармайды қазір. Ілгерідегі үрдістің ізі орта жолдан шорт үзіліп, жұмыстың жүйесі, сөздің киесі кетті. Бұрын газетте жарық көрген барлық мақалаға арнайы бөлім, сала мамандары сараптама жасап, проблемалық материал қай бөлімнің назарына ұсынылып отыр, сол мекемеге арнайы тапсырма беріліп, олар жауабын жолдап жататын еді. Ал қазір ондай тірліктің жұрнағын да байқамайсыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» демеп пе еді? Олай болса журналист көтерген мәселеге «халықтың үніне» жоғары билік неге жауап бермейді? «Берсең бер, бермесең қой баспанаңды, сонда да тастамаймын астанамды» деп Қасым ақын айтқандай біз де қолымыздағы қаламымыз аман тұрғанда елдің мұң-мұқтажы мен халықтың игілігіне қажетті дүниелерді жазуды тастаматынымыз ақиқат.

Әлем нарығында уран мен мұнай бағаларының күрт төмендеп кетуі, бізге ел экономикасын жер қойнауындағы шикізатпен өлшеуге болмайтынын, оның елдегі әлеуметтік жағдайдың қалыпты сақталуына кепіл емес екендігін дәлелдеп берді. Бұл оқиға қаржылық экономикасын қазба байлықпен байланыстырған қазақ елі үшін ауыр соққы болғаны жасырын емес. Дейтұрғанмен сиқыры көп экономиканың бұл сыры елімізде тың жобалар мен түрлі бағдарламалардың дүниеге келуіне септігін тигізгені рас. Бүгінде мемлекетіміз шағын және орта кәсіпті дамытуды жүйелендіріп, ауыл шарушылығы саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Дала қосындағы шаруалардың да жұмыстарын оңтайландырып, оларға мемлекеттен қайтарымсыз несие мен мал басына субсидия берілу көзделген. Аталған бастамалар қоғамдағы жұмыссыздық мәселесін шешіп, халықты адал еңбек, маңдай термен кәсіп етуге бастап отыр. Қазіргі күні дарқан даламыз төрт түлікке толып, тың жерлерге түрен салып, атыраптағы егін алқаптары жаңарып, жанданып келеді. Байқап отырсақ, аудан ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлігінде де едәуір ілгері жылжу бар. Өндірілген өнімнің сақталып, нарыққа шығуы да көңіл толтырады. Бірақ кәсіпкерлер мен шаруаларға мотивация беретін креативты дүниелер кемшін болып тұр. Осы ретте аудандық ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік бөлімдері еңбек адамдарының жұмысқа деген қызығушылықтарын оятып, құлшыныстарын арттыратын, жоба, акция, іс-шаралар ұйымдастырулары керек-ақ.
Мәселен, Еуропа елдерінде мал, егін шарушылығымен айналысатын шаруалар арасында өзара жарыстар жиі өтіп тұрады. Сондай ауқымды жарыстың бірі өткен жылы Жаңа Зеландия елінде қой қырқудан өткен. Халықаралық чемпионатты жергілікті шопандар елдің оңтүстігіндегі Инверк-Аргилл қаласында ұйымдастырды. Жарысқа әлемнің 31 елінен 300 қатысушы жиналған. Төрт күнге созылатын бәсекеде 4 жарым мың қойдың жүні қырқылған. Қырқымға келгендердің өнері қайшымен қырқу, аппаратпен қырқу, жылдамдық, жүн тазалығы мен сапасы бойынша бағаланған. Ал бүкіләлемдік қой қырқу чемпионатын биыл Франция шопандары жеңіп алып, жақын-жуық арада сонда өтпекші. Бұл бір ғана мысал. Білуімізше ол жақта, әрбір шараушылық түрінен жарыстар өткізіліп тұратын көрінеді. Мақсат – мемлекет экономикасының артуына орасан зор үлес қосушы еңбек адамдары мен шопан, бақташы, дихан қауымын зеріктіріп алмау. Ойларын басқа арнаға бұрып, көңілдерін аулау.
Міне, осы тақылеттес дүниелерді біз жоғарыда атын атап, түсін түстеген бөлімдер Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында малшылар арасында әлгіндегідей қой қырқу, асау басбілдіру, шөп ору секілді жарыстар өткізіп тұруы қажет. Ал диқаншылар арасында ең үлкен қарбыз, дәмді алма, сапалы күріш деген секілді көрме өткізіп, соңын жәрменкеге ұластырып жатса құптарлық емес пе?! Сонымен қатар соңғы үлгідегі технологияны пайдалана отырып, егін, мал шаруашылығын дамытуға қатысты түрлі семинар-конференциялар мен тренингтер де ұйымдастырылса өңір шаруашылығының ілгерілеуіне сеп болары сөзсіз. Осындай шараларды жоғары деңгейде өткізуге біз айтқан бөлім басшыларының білімі, қарым-қабілеті мен тәжірибесі де толық жетеді деп ойлаймыз. Олай болса аудан агро саласынан алдағы уақытта тек тың дүниелер мен жаңаша жұмыс бағытын күтеміз.

Е.ДАТҚА


25 шілде 2020 ж. 340 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031