Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Індетті тоқтатудың бір ғана жолы – екіжақты жауапкершілік

Індетті тоқтатудың бір ғана жолы – екіжақты жауапкершілік

Бейсенбі күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуын қадағалау үшін арнайы іс-сапармен Қызылорда облысына келді.

Облыс әкімдігі ғимаратында өткен мәжіліс барысында СК-Фармация басшысына аймақтағы медициналық мекемелерде дәрі-дәрмек қаншалықты жеткілікті, сонымен қатар облысты дәрі-дәрмектің бір айлық қоры көлемінде қамтамасыз етілуін ерекше тапсырды. Сонымен бірге бір апта ішінде өкпені жасанды желдету аппараттары тағы да қосымша облыс мекемелеріне жеткізілетін болады. Одан бөлек 26 шілде күні өңірге қосымша қажетті 200 оттек концентраторы жеткізілмек. Осылайша бұл көлем жалпы облыс қажеттілігін толықтай қамтитын болады.
Премьер министрдің орынбасары коронавирус індетінің одан әрі таралмауы және эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы жергілікті халықтың санитарлық нормаларды сақтауына да байланысты екендігін атап өтті:
– Күні кеше облыстың кей аудандарында той мен жиындар өткізілген. Дәрі-дәрмекпен, қажетті медициналық көмекпен мемлекет сөзсіз қамтамасыз етуде. Алайда індеттің таралмауы – бұл мемлекеттің ғана қолында емес, бұл жерде халықтың да жауапкершілігі мол, – деді.
Сыр еліне сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары облыстық жедел-жәрдем станциясының жұмысымен танысты. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақтағы жедел-жәрдем жұмысын мобильді қызметін іске асырудың нәтижесінде шақыртулардың төмендегенін айтты.
Аймақтағы эпидемиологиялық ахуал күрделі кезде жедел-жәрдем шақыртулары тәулігіне 2500-ден асып, жүктеме 2 есеге артқан. Дегенмен қазіргі таңда ахуалдың тұрақталуына байланысты шақыртулар саны азайған.
Мәселен, өткен аймен салыстырғанда жедел-жәрдем қызметінің шілдедегі шақыртуы 52,7 пайызға азайған. Ал соңғы 2 аптада орындалған жалпы шақырыс саны 39 пайызға төмендеген. Оның ішінде тыныс алу жолдарының аурулары 74 пайызға азайса, жедел респираторлық вирусты инфекция 82,5 пайызға, пневмония 60 пайызға төмендеген.
Пневмония жағдайларымен шақыру көп кезінде науқастардың 85 пайызы стационарға жатқызылса, қазіргі таңда 45,3 пайызы тасымалданып, жатқызу көрсеткіші 79,3 пайызды құрап отыр. Яғни ауыр түрдегі науқастардың азайғаны байқалады.
Бұдан бөлек вице-премьер жедел-жәрдем стансасының оперативті іс-қимыл жұмысын және шақыртуларды қабылдайтын диспетчерлік бөлімдегі Сall орталықтың жұмыс процесін бақылады. Әрбір түскен қоңырауларға жауапты әр диспетчер күніне 150 қоңырау қабылдап келген. Бүгінде вирус індеті басылған кезде шұғыл қоңыраулар азайған. Шақырыс көп кезде 1-3 санаттылық бойынша бір жедел-жәрдем тобына 30-35 шақырыс, қазір тәулігіне 16-18 шақырыс, 4 санатты жедел жәрдем тобына 20-22 шақырыстан орындалуда.
Жедел-жәрдем қызметінің науқастарға уақытылы жетуін іске асыруда жеңіл және орташа дәрежедегі науқастарға емханалар жанынан құрылған мобильді топтар көмек бөруде. Бүгінгі күні облыс бойынша 161 мобильді бригадалар жұмысын жүргізуде.
Осыдан кейін Ералы Тоғжанов көпбейінді Қызылорда облыстық аурухананың жұмысымен танысты.
Көпбейінді облыстық аурухана 1998 жылы пайдалануға берілген. Ауруханада жалпы 525 төсек орны бар. Емдеу мекемесінде барлығы 1335 қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде 200 дәрігер, 574 орта буын, 326 кіші медицина қызметкері және 235 басқа да маман бар. Көпбейінді облыстық ауруханасы бүгінде толық электронды құжат айналымына көшірілді. Ауруханада 17 өкпені жасанды желдету аппараты, 300 оттегі баллоны, 6 оттегі концентраторы бар. Бір тәулікте 60 оттегі баллонын пайдалану қажет етіледі. Науқастарға арналған 30 төсек орындық инфекциялық стационар, 70 фильтр бөлмелері ұйымдастырылған. 70 фильтр бөлмелерінің ішінде 13 орын жансақтау бөліміне арналған. Бүгінгі күні стационарда 7, фильтр бөлмелерінде 38 адам емделуде. Науқастарды емдеп жатқан медицина қызметкерлері үйлеріне қайтпай, облыстық ардагерлер үйінде оқшауланған.
Сыр өңіріндегі жұмыс сапары аясында вице-премьер аймақтағы дәріханалардың дәрі қорына қатысты қабылданған шаралармен танысып, дәріханалар желісінің жұмыс жасау барысын бақылады.
Бүгінгі күні Қызылорда облысы бойынша 328 дәріхана, дәріхана пункттері фармацевтикалық қызметпен айналысады, оның 178-і Қызылорда қаласында орналасқан. Індеттің таралмауына қажетті дәрі-дәрмектердің уақытылы жетуі және бағасының негізсіз көтерілмеуін арнайы мониторингтік топ бақылауда ұстайды. Бүгінгі күнге дейін мониторингтік топ қаладағы 9 емхана мен СҚ-Фармация ЖШС дәрілік қоймасына, 86 дәріханаға мониторинг жүргізді. Соның нәтижесінде аймақта дәріханалардағы ұзын-сонар кезек азайды. Вирусқа қарсы ыстықты түсіретін, қызуды басатын қажетті дәрі-дәрімектің қоры күн сайын жаңартылып отыр. Дәріхана желілері күнделікті дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға тапсырыс беріп, сұранысқа сәйкес қажеттіліктерді қамтамасыз етуде. Бүгінгі күні вирусқа қарсы ыстықты түсіретін, микробты түсіретін дәрілік заттар қоры 354 262 дананы құрайды.
Дәріханада халық тарапынан үнемі сұраныстағы Эуффелин», «С» витамині, «Сумамед», «Ципролет», «В» витаминдер кешені «Милгамма», «Ремаберин», «Полиоксидоний», «Офло», т.б. дәрілік заттары келіп түсуде.
Қазіргі таңда «Зерде» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қызылорда қаласында 3 дәріханасы бар. Бұған дейін қалада «Зерде» ЖШС-нің бір ғана дәріханасы халыққа қызмет көрсетіп келсе, енді олардың қатары маусым айында 2 дәріханамен толықты. Бұл соңғы кезде қалыптасқан дәрілік тапшылықты жоюға, дәріханаларда қалыптасқан кезекті болдырмауға жол ашты.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес дәріханаларға қажетті қорды қалыптастыру үшін бүгінгі күні дистрибюторлармен өзара келісім жолға қойылды. Облыс аумағындағы ірі және кіші дәріханалар желісіне қажеттіліктеріне қарай дәрілік препараттар ұдайы жеткізілуде.
Вице-Премьер Ералы Тоғжанов облыстағы дәрілік заттардың жеткілікті болуын қамтамасыз етуді және халық сұранысындағы дәрілердің ұдайы жетуін назарға алуды жеткізді.

Әзірлеген Ерұлан Даткен
25 шілде 2020 ж. 263 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (9265)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (9264).

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (9263)

13 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031