Ауыл шаруашылығындағы ауқымды іс
Әлемді әбігерге салған аты жаман індет жаһанды жалпағынан басып, алты Алаштың алқымынан алып, дегбірін қашырғаны жасырын емес. Пандемияның алғашқы кезеңінде-ақ елімізде сақтандыру, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті залалсыздандыру жұмыстары ұйымдастырылғанын білеміз. Карантин жарияланып, қоғамдық-көпшілік орындар мен шараларға тыйым салынды. Бұл кезең даладағы көктемгі тірліктің, егін науқанының нағыз қызған шағы ауыл шаруашылығы саласына, кәсіпкерлікке оңай тимеді. Көктемнің алғашқы айынан басталған карантин кезінде шаруашылықтарға бірқатар жеңілдіктер жасалып, кәсіпкерлікке де айтарлықтай қолдау, көмек ұйымдастырылды. Жергілікті атқарушы органдар өз мүмкіндіктерінің, құзыреттілігінің шеңберінде «Қыстың қамын жаз ойлап», егін науқанын ойдағыдай ұйымдастырып, шаруашылықтарға тиесілі жанар-жағар май, тыңайтқыштарды дер кезінде жеткізіп берді. «Осындай жүйелі жүргізілген жұмыстар нәтижесінде бүгінгі таңда ауданның ауыл шаруашылығы өнімдері өсіп, пісіп, өнімін беріп, жем-шөп қоры мен қысқа дайындық жоспардағыдай» дейді Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбеков.
Аталған бөлім басшысының берген мәліметіне сәйкес, аудан бойынша 2020 жылғы егін науқанында жергілікті атқарушы орган тарапынан шаруашылықтарға көрсетілген көмек қолдау, жерге себілген дән мен одан алынып жатқан өнімдердің бүгінгі таңға дейінгі көрсеткішін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Себебі бүгінде халық арасында «Індетке байланысты жарияланған карантиннің әсерінен ауыл шаруашылығы саласы ақсап, халықтың қамбасы қысқа дайын емес» деген сөз бар. Осынау сөздің, пікірдің қаншалықты рас немесе жалғандығын төменде көрсетілген деректерді оқи отырып, салыстырмалы түрде пайымдауыңызға болады.
Аталған бөлім басшысының берген мәліметіне сәйкес, аудан бойынша 2020 жылғы егін науқанында жергілікті атқарушы орган тарапынан шаруашылықтарға көрсетілген көмек қолдау, жерге себілген дән мен одан алынып жатқан өнімдердің бүгінгі таңға дейінгі көрсеткішін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Себебі бүгінде халық арасында «Індетке байланысты жарияланған карантиннің әсерінен ауыл шаруашылығы саласы ақсап, халықтың қамбасы қысқа дайын емес» деген сөз бар. Осынау сөздің, пікірдің қаншалықты рас немесе жалғандығын төменде көрсетілген деректерді оқи отырып, салыстырмалы түрде пайымдауыңызға болады.
Олай болса аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі берген төмендегі деректерге назар салып шығыңыз.
Биылғы жылы аудан бойынша 29 570 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Оның ішінде дәндi дақылдар үлесі (күрішті қоспағанда) – 1 712 гектар, яғни күздік бидай – 1107 га, жаздық бидай – 490 га, тары – 85 га және жүгері – 45 гектарды құрайды. Майлы дақылдар, мақсары – 1100 гектар, мал азықтық дақылдар оның ішінде жаңа жоңышқа – 1877 га, ескі жоңышқа – 5448 га, мал жемдік асқабақ – 112 га, сондай-ақ картоп – 1 183 гектар, көкөнiс – 1 519 гектар және 2 123 гектар бақша дақылдары егілген.
Тышқан жылғы көрсеткіш жаман емес. Ауданның негізгі басым бағыт беріп отырған ата кәсібі – күріш дақылының көлемі 14 353 гектарды құраған.
Биылғы жылы егілген егіске қажетті минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтер 100% толығымен алынып, күріш дақылы үстеп қоректендірілген. Құдай қаласа күзде жиын-терім жаман болмайды деп есептейміз.
Мал азғындық жем-шөп қорын жасақтау жұмыстары да жүйелі жүргізіліп жатыр. Бүгінде күздік бидай дақылы мен жоңышқаның бірінші орымын ору жұмыстары аяқталған. Бидайдың орта өнімі гектарына 17,5 центнер болса, жоңышқаның орта өнімі 40 центнерді құраған.
Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметін қарап, сараптай отырып, көкөніс, бақша дақылдарын жинау жұмыстары да қарқынды жүріп жатқанын байқаймыз.
Соңғы жылдары аудан бұдан бөлек жеміс ағаштарын отырғызу бағытына да баса мән беріп, жабайы жерлерді игеріп, алма, жүзім алқаптары көбейіп жатқанын көріп, біліп отырмыз. Жақын болашақта Шиелінің жеміс ағаштары, ондағы мәуелеп піскен өнімдері өңірден асып, елімізді тиісті өніммен қамтамасыз ететіндігіне сенеміз. Себебі бүгінгі және кешегі басталған бұл бағыттағы қарқынды жұмыстар біздің пікірді осылай қорытып отыр.
Мәселен, биылғы жылы Өзбекстан Республикасының «Organic solutions» компаниясы мен ауданымыздың 3 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері бірлесіп («Төңкеріс и К» шқ, «Жер Жомард Д» ЖШС, «Бала би-2004» өк) 60 гектар жерге алма бақ пен жүзім және түрлі жеміс ағаштарын отырғызу жұмыстары жүргізілген. Оған қоса Сұлутөбе және Қарғалы елді мекендерінде де жеке кәсіпкерлер 5 гектарға алма және жеміс ағаштарын отырғызды. Белжазбай еңбек етіп жатқан шаруа адамдарының, кәсіпкерлердің бейнеті қайтып, төгілген тер мен бүгілген белдің зейнетін көрер күнде алыс емес.
Соңғы жылдары егістікке қажетті су мәселесі де диқан қауымын қинап тұрғаны жасырын емес. Сырдарияның табаны тартылып, тиісті деңгейде су жеткізу проблемасы туындап жатыр. Әрине, бұған жергілікті атқарушы орган немесе ел Үкіметі кінәлі деуден аулақпыз. Трансшекаралық өзеннің соңында отырған біздің географиялық орналасуымыз судан кейде тапшылық көруімізге кесірін тигізіп жатады. Осындай кезде өзі азғантай суды үнемдеп пайдалану маңызды. Бұл бағытта да атқарылып жатқан шаралар аз емес. Аудан бойынша ағымдағы жылы ашық топырақта 21 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен көкөніс, бақша дақылдары егілген. Атап айтар болсақ, Ақмая ауылдық округіне қарасты «Ақмая» шаруа қожалығында 6 гектар жерге көкөніс пен бақша дақылдары (қызанақ – 4 га, қауын – 1,5 га, қарбыз – 0,5 га) және Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты «Байсын» шаруа қожалығында 15 гектар жерге көкөніс дақылдары тамшылатып суару әдісімен (қызанақ – 7,5 га, қияр – 7,5 га) егілген.
Өткен жылы іске қосылған 2 гектарлы жылыжай кешенінің бір бөлігі бүгінде өз өнімдерін шығарып (қияр, қызанақ), аудан халқына сатылып жатқанынан да хабардар болдық.
Жалпы елде жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Оның ішінде Шиелі ауданында да толайым тірліктер жасалды. Пандемия кезінде аудан әкімдігінің тиісті ұйымдастыру, бақылау, қадағалау жұмыстарының нәтижесінде көктемгі дала жұмыстары тоқтамады. Ауыл шаруашылығы ақсамады. Кәсіпкерлік саласында да серпін бар. Жыл басынан бері аудан көлемінде бұданда басқа құрылыс, жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түрлі мәдени нысандар, оқу ғимараттары салынып, кейбірі қайтадан күрделі жөндеуден өтіп, бірқатар ауылдардың ішкі көшелері жарықтандырылып, асфальтталып, ауыл-аймаққа жан кіріп жатқанын кімнен жасырамыз? Барды бар деп айту, жасалып жатқан жұмыстарға «бәрекелді» десіп, соны ұйымдастырып отырған азаматтардың мерейін тасытып отыру елдігіміздің белгісі емес пе? «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дейміз. «Ақ жағалылар», «Атқа мінерлер», «ішіп қойды, жеп қойды» деп елге қызмет етіп жүрген шын жанашыр азаматтардың жағасынан алып, істеліп жатқан жұмыстарды жоққа шығарып, елге іріткі салып, әлеуметтік желіде телефонының камерасын қосып, тырнақ астынан кір іздегіш, хайыптан «кәйіп», оған басылған лайктан бағамызды «лайық» алдық деп жүргендердің жөнсіз тірлігіне үррит-соқтап, қашқанға да, қуғанға да серік, желік болып жүргендердің жоғарыда айтылғандай «ауданның ауыл шаруашылығы күзге дайын емес» деген пікірлерін ескере отырып, осы мақаланы жазып отырмыз. Жалпы ауданның бүгінгі күріш дақылын орналастыру әлеуеті КСРО құлағалы уақытан бері бұндай көрсеткішке жеткен емес. 15 мың гектарға жуық алқапқа сыр салысы себілген. Құдай қаласа күзде қырман қызылға толсын деп тілейміз.
Нұрболат Сәдуақасұлы