Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мобильді топ сапалы қызмет көрсетуге дайын

Мобильді топ сапалы қызмет көрсетуге дайын

Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың күрт өзгеруіне байланыс­ты шұғыл шаралар қабылданып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, облыстың бас санитары бекіткен қаулыға сәйкес, әр аймақта санитарлық мобильдік топ құрылды. Негізгі мақсат – пневмония дертінің асқынуына байланысты тұрғындарға дер кезінде сапалы қызмет көрсетіп, шұғыл шаралар жүргізу.
Қазір кент бойынша 5 мобильдік топ жұмыс істеп жатыр. Айта кетейік, мұны жедел жәрдем қызметімен шатастырмау қажет. Мобильдік топ – үйінде сырқаттанып, өз бетінше ем қабылдап жатқан азаматтардың сауығып кетуіне бағытталған қызмет.
Бүгінге дейін медициналық бригаданың қызметіне жедел респираторлы вирустық инфекцияға шалдыққан – 89, пневмониямен ауыратын – 25 науқас жүгінген.
Иә, қазір ауруханаға бармай, өз бетінше ем алып жатқандар көп. СаІІ орталық ашылғалы оған хабарласушылар да күн сайын артып келеді екен. Соған қарай мобильдік топ құрамындағы медицина мамандарының қызметі қауырт. Қоңырау шалған әрбір науқасқа барып, жылы сөзімен қатар тиісті ем-домын жасап, жазылып кетуі үшін сапалы қызмет көрсетуге тырысып бағуда.
Коронавирус дерті дендегелі бері медицина мамандары алдыңғы шепке шығып, халыққа үздіксіз қызмет көрсетуде. СаІІ орталықта да негізгі күш денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне түсетіні анық.
– Қазіргі уақытта call-орталыққа тәжірибелі медицина қызметкерлері тартылды. Олар коронавирус инфекциясын, ЖРВИ мен пневмонияны емдеу алгоритміне сәйкес, консультативтік көмек көрсетеді. Дәрігерлердің кеңесі арқылы тұрғындар үй жағдайында қандай ем қабылдаулары қажет екенін білетін болады. Бұл жедел жәрдем жұмысын жеңілдетуге септігін тигізеді. Мобильді топ іске қосылған бірнеше күннің ішінде хабарласушылар саны артып келеді. Әрбір тұрғынның денсаулығы назардан тыс қалмайды. Тиісті көмек көрсетіледі, – дейді ауданның бас дәрігері Нұрлан Әмір.
Айта кетейік, мұндай мобильдік топ ауданға қарасты әр елді мекенде де бар. Тұрғындар үшін арнайы құрылған саІІ орталыққа 4-64-48, 8-777-164-54-13 телефондары арқылы хабарласуға болады. Сондай-ақ мобильдік топ тәулік бойы қызмет көрсетуге дайын. Ақ халаттылар орталыққа хабарласқан әр науқастың сұрағына мұқият жауап беріп, қажетті кеңес айтуға дайын. Егер хабарласушының арнайы тексеруді қажет ететін жағдайы анықталса, мобильді топ мекенжайына барып, тұрғынның қызуын өлшеп, тиісті медициналық тексеру жүргізетін болады.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
10 шілде 2020 ж. 640 0