Карантин. ҰБТ. Қорытынды
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, биыл негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеудің де ауаны басқаша болды. 5 шілде күні бұрынғыдан бөлектеу болған ҰБТ тәмамдалды. Пандемия өршіп тұрған кезде тестілеуді тапсыру талапкерлерге оңайға соқпады. Қала берді 2020-дағы ҰБТ ата-ананы да жылдағыдан екі есе алаңдатқаны анық. Дейтұрғанмен жанын шүберекке түйген талапкерлер үшін сын сағат өте шықты. Біреудің бағы, енді бірінің бабы шабатын кезең бұл.
Сандарды сөйлетер болсақ, осыған дейінгі жылдарда ҰБТ-ға өтініш бергендердің саны биыл рекордтық көрсеткішке жетті. 131 754 талапкер тестілеуге өтінім берген. Ерекшелігі сол, осы жылы талапкерлер ҰБТ-ға өтінішті онлайн тәртібінде тапсырды. 90 мыңнан аса талапкер өтінішті онлайн түрде толтырған. Бұл бір жағынан вирусты таратпаудың алдын алса, екінші жағынан заманауи жетістіктер арқылы жыл сайынғы сабылысты біраз жеңілдетті.
Сандарды сөйлетер болсақ, осыған дейінгі жылдарда ҰБТ-ға өтініш бергендердің саны биыл рекордтық көрсеткішке жетті. 131 754 талапкер тестілеуге өтінім берген. Ерекшелігі сол, осы жылы талапкерлер ҰБТ-ға өтінішті онлайн тәртібінде тапсырды. 90 мыңнан аса талапкер өтінішті онлайн түрде толтырған. Бұл бір жағынан вирусты таратпаудың алдын алса, екінші жағынан заманауи жетістіктер арқылы жыл сайынғы сабылысты біраз жеңілдетті.
Биылғы ҰБТ-ның тағы бір айтуға тұрарлық жаңалығы – мемлекеттік білім беру грантының бұдан былай тілге емес, білім беру бағдарламасына бөлінетінінде. Бұл мәселенің маңыздылығы сол, көбіне орыс тілінде тест тапсырушылар небәрі 50 балмен грантқа түссе, дәл сол мамандыққа қазақ тілінде тапсырған талапкерлер 70 балмен грантқа ие бола алмай жататын. Осыдан келіп қазақ мектебін тәмамдаған түлектер грант алу үшін мүмкіндігі мол орыс тобын амалсыз таңдайтын еді. Ал биыл талапкерлер оқу тілін грантқа тәуелділік танытпай таңдай алды.
Талапкерлерге калькуляторды пайдалануға рұқсат беруі – осы жылғы ҰБТ-да алғаш рет қарастырылған мүмкіндіктің бірі. Әлбетте, талапкерлер тестілеуге өздері қалаған есептеуіш құралды әкеле алмады, оларға кіреберісте қарапайым калькулятор берілді. Бұдан бөлек биыл бірінші рет түлектер қорытынды мектеп емтихандарынан босатылды. Бұл – елдегі төтенше жағдай кезінде қашықтан оқу форматына көшуге мәжбүр болғандықтан қабылданған шешім.
Аудан бойынша 2019-2020 оқу жылында жалпы орта білім курсын 632 бітіруші аяқтаған. Оның 533-і тестке қатысуға өтініш берген. Оның 519-ы қазақ тілінде, қалған 14-і орыс тілінде тапсырған.
– ҰБТ-ны өткізу барысында короновирустық инфекцияның таралуын алдын-алу мақсатында барлық санитарлық сақтық шаралары дене қызуын өлшеу, баррикадалық ленталар арқылы кіру кезінде әлеуметтік дистанцияның сақталуын қамтамасыз ету, тест тапсырушыларды 2 данадан медициналық бетпердемен, барлық аудиторияларды бактерицидтік шамдармен және тері антисептигі сұйықтығымен толық қамтамасыз ету өз деңгейінде жүргізілді, – дейді сала мамандары.
Үш күнгі тестілеу нәтижесінде ауданның орташа баллы – 73,5 балды құрады. Шекті деңгейден төмен жинаған оқушылар саны – 78, ал 100 балдан жоғары жинаған оқушы саны – 59. Аудан бойынша ең жоғарғы бал – 130 балға №41 мектептің оқушысы Диас Қиянбекұлы қол жеткізген. Көңілге келетіні, барлық пән бойынша ең төменгі 22 балл жинаған оқушы да бар.
ҰБТ тарихында алғаш рет талапкерлердің ата-аналары тестілеу өткізу пункттеріне, тіпті маңайына жақындай алмады. Бұған да пандемия себеп. Дегенмен ата-аналар үйде отырып ҰБТ-ны бақылауға мүмкіндік алды. Сынақ жүргізілген әр аудитория арнайы бейнебақылау камераларымен жабдықталғаны белгілі. Нәтижесінде 9,5 млн-нан аса адам ҰБТ-ның өткізілу барысын онлайн режимде бақылады. Бұл талапкерлердің тәртібін қадағалауға және тестілеуден кейін де олардың әр әрекетіне арнайы комиссияның сараптама жасауына қажет. Өйткені ҰБТ ережесіне енгізілген жаңа өзгеріске сәйкес, сақталған бейнежазбаны мамандар 25 тамызға дейін жіті тексерістен өткізеді. Талапкерлер тарапынан қандай да бір тосын әрекет байқалса, тест нәтижесі жойылмақ.
Қоса кету керек, тестілеуден шеттетілген түлектерге тамыз айында қайта тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр. Ондағы нәтижемен тестіленушілер еліміздегі жоғары оқу орындарының ақылы оқу бөліміне түсе алады. Негізі университеттердің ақылы бөліміне қабылдану үшін талапкерлердің шекті балл жинағанын айғақтайтын қаңтар айындағы ҰБТ сертификаттары да жарайды.
Болашақты баянды етер, жігерлі де жалынды жастар екені белгілі. Жалпы тестілеу талабы жыл өткен сайын күрделенбесе, жеңілдемесі анық. Өйткені бәсекеге қабілетті қоғам құру үшін заман талабы осы.
Сұлушаш МАДИЯРОВА