11 жылдық білімнің жемісі – алтын

№148 қазақ орта мектебінің оқушылары Қазыбек Маратұлы, Наргиза Орынбасарқызы, Қарлығаш Әбділдә, Сымбат Нұрділдаева алтын ұя мектебін «Алтын белгімен» аяқтап, мектептің де мерейін асырды. Шәкірті бәйге алса, бөркін аспанға лақтырып қуанатын ұстаздардың жемісі бұл. 4 оқушы да бастауыш сынып мұғалімі Алтыншаш Сейділдаеваның шәкірті. Редакцияға қуанышын арқалай келген түлектер «Ең алғаш қолға қалам ұстатып, әріп танытқан ұстазымызға мың алғыс. Бала болып кірген мектептен, дана болып шығуымыз үшін аянбай еңбек етіп келеді. Бізді тек жазу-сызуға емес, би билеп, ән айтуға баулыды. Мектептегі мерекелік шараларды Қазыбек пен Қарлығаш жүргізіп келді. Ал оларды көркем сөз оқуға баулыған да Алтыншаш апай болатын» деп жылы лебіздерін ақтарды. Расында, білімнің негізін қалап, талабын ұштайтын бастауыш сынып мұғалімдері екені даусыз. Баланың бойындағы қарым-қабілетті ұштап, сабақпен қатар өнерге де үйретеді. Өйткені, заман талабы қатаң. Ғылым мен білім күн санап дамып, жаңа технологияның қарқыны билеп барады. «Заман көшінен кеш қалмай, білікті маман даярлау жолындағы алғашқы баспалдақтан қоржынын алтынға толтырған шәкірттерімнің болашағынан да зор үміт күтемін» деді алғашқы ұстазы.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ