Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова желіде аймақ тұрғындарын жаз мезгілінде, суға түсу маусымында абай болуға, қауіпсіздікті қаперден шығармауға шақырды

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова желіде аймақ тұрғындарын жаз мезгілінде, суға түсу маусымында абай болуға, қауіпсіздікті қаперден шығармауға шақырды

Құрметті жерлестер, құрметті ата-аналар! Міне, жаздың ыстық маусымы да келіп жетті. Мұндай аптап күндері, әлбетте, ойын баласы ғана емес, ересектер де суға түсіп, салқындағысы келетіні белгілі. Алайда, дәл осы күндері суға шомылу ережесін қатаң сақтаңыздар деген тілегіміз бар.
Өйткені, рұқсат етілмеген жерде шомылып, суға кетіп жатқандар қатары көбеюде. Жалпы, жыл басынан 9 адам суға кетіпті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі еседен артық. Ең өкініштісі, қаза болғандардың төртеуі – жасөспірімдер.
Жергілікті әкімшілік мұндай қайғылы жайттарды болдырмау үшін қауіпсіздік шараларын қолға алуда. Мәселен, дарияның тиімді жағалауынан суға түсуге қолайлы жағажайлар ашылуда. Осы жағажайлар қажетті құтқару құралдарымен қамтылған. Тиісті мекемелер сол маңда күн сайын рейд ұйымдастырып, азаматтарымызға қайда шомылуға болатыны жөнінде нұсқау беруде.
Құрметті жерлестер, тек ресми түрде рұқсат етілген жағажайларда ғана шомылу қажеттігін ескертеміз. Өйткені, суға кету жағдайы ауыл ішіндегі каналдар мен кіші көлдерде көбірек орын алуда. Әсіресе, ата-аналардың балаларын қараусыз жібере салуына, ересектердің мас күйінде суға түсуіне байланысты оқиғалар жиі болып жатыр. Қаншама іздестіру жұмыстары жүргізілгенмен, суға кеткендерді дер кезінде табу қиындық туғызуда. Тіптен былтыр суға батып кеткен адамдардың кейбірі осы кезге дейін табылған жоқ.
Сол себепті бұрын түсіп жүрмеген көл-дарияға шомыла бермеулеріңізді, жағажайға барғанда балаларыңызға сақ болуларыңызды сұраймыз. Өз өміріңіз, жақыныңыздың өмірі – өз қолыңызда!
Сондай-ақ қадірлі жерлестер, жаз күндері табиғат аясына демалысқа шыққанда өрт қауіпсіздігіне баса мән берсеңіздер! Өйткені, биыл даладағы өрт өткен жылмен салыстырғанда 35 есеге артып кеткен. Мұндай өрт көлемі 6,5 млн гектар орман қорына залалын тигізуде.
Әрбір адам өз жауапкершілігін толық сезінуі керек. Табиғат аясына шығып, жаққан отын өшірмей кеткен кейбір тұрғындардың кесірінен дала және орман өрті өршіп кетті. Осы күнге дейін өрттің шығуына кінәлі 4 адам анықталды.
Көк шалғынға демалысқа шықсаңыз отқа абай болыңыз!
Бірігіп жасаған жұмыстың нәтижесі де оң болары сөзсіз. «Сақ жүрсең – сау жүрерсің» деген халық даналығын әрдайым есте ұстайық! Біз біргеміз!» деп жазды аймақ басшысы.
09 маусым 2020 ж. 352 0