Қызылордада экономикалық тергеу департаменті оқушыларға компьютерлер сыйлады
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті бірнеше білім мекемелеріне компьютерлер беруде.
Барлық мектептердің қашықтықтан оқуға көшуіне байланысты әр балаға компьютерлік техниканың жетіспеу қиыншылығы орын алып отырғаны белгілі.
Экономикалық тергеу департаментінің өндірісінде өткен жылы заңсыз ойын айналымына қатысты болған қылмыстық істер бойынша заттай айғақ ретінде алынған компьютерлік техникалар, облыстық білім басқармасының шешімімен, №4, №6 және №7 арнайы мектеп-интернаттарға бөлінді. Есту, көру қабылеті бұзылған балаларды оқытатын бұл мекемелердің әрқайсысы, тиісінше 7,15 және 10 компьютер, бір данадан модем алатын болады. №6 мектепке, сонымен қатар, бір бейнекамера тиесілі болды.
Кезінде заңсыз ойын бағдарламалары орнатылып, жекелеген заңсыз әрекет еткен тұлғаларға қызмет еткен бұл компьютерлер мен модемдер енді мектептерде онлайн сабақ, бейне байланыс түрінде өтетін басқа да шаралар үшін пайдаланылатын болады.
2019 жылы Департаменттің өндірісінде заңсыз ойын бизнесіне қатысты 19 қылмыстық іс болған. Нәтижесімен 31 ойын мекемесі жабылды, заңсыз ойын ойнатылған құрал жабдықтардан бөлек 10 млн. теңге, 60 мың АҚШ доллары айналымнан алынды.