Жәрдемақыға кімдер қол жеткізеді?
Көпшіліктің аузында «42 мың» аталып кеткен жәрдемақы сәуір айынан бастап төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған адамдарға беріле бастады. Содан бері осы тақырып төңірегінде елдің көкейінде түрлі сұрақтар туындап, күн тәртібінен түскен емес.
Бұған дейін баспасөз бетінде аталған жәрдемақының кімдерге берілетінін, ол тағайындалу үшін не істеу керектігін жариялаған болатынбыз. Бірақ көптің көкейіндегі күдік пен сауал әлі толастар емес. Оның үстіне күн өткен сайын ақпарат ағыны толассыз келіп, халық әбігерге түсті. Соған сәйкес ел арасында қауесет те көбейді. Әлдекімдерді «42500 теңгені қайтарамыз ба?» деген сұрақ мазалайтыны да жасырын емес. Ал кейбіреулері жәрдемақының кімдерге тағайындалғанынан әлі де бейхабар.
Төтенше жағдай әсер етіп, тұрақты табысынан айырылғандарға берілетін 42500 теңге әлеуметтік төлемді бүгінге дейін 3 милионнан астам адам алған. 5,9 млн жолданған өтінімнің 2,15 миллионы немесе 37 пайызы бірқатар себептерге байланысты төлем алмаған. Енді осы жерде төлем кімдерге тағайындалады деген сауал туындауы заңды.
Төлем шынымен беріледі,
бірақ бәріне емес...
Шыны керек, мемлекет беретін қаржыдан қара да, хан да дәмелі. Көбісі өтінішті жібергеннен кейін телефонға телмірумен болады. «Шынымен береді ме, жоқ па?» деп тексеретіндері де жоқ емес. Иә, төлем шынымен беріледі, бірақ бәріне емес. Нақтырақ айтсақ, бұл жәрдемақы ТЖ салдарынан жалақысы тоқтағандарға төленеді. Мәселен, жалдамалы жұмысшылар. Егер олар ақысыз демалысқа кетсе, осы төлемді алуға мүмкіндік бар. Бір ескеретіні, қашықтан жұмыс істеп, айлық алып жүрген қызметкерлерге жәрдемақы берілмейді.
Бірнеше күн бұрын жәрдемақы алушылардың қатары толықты. Енді коммерциялық емес ұйымдардың да жұмысшылары ақысыз демалысқа кетсе төлемді алады. Бірақ бұл мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдарға қатысы жоқ. Жаңа жәрдемақыға өтініш бергендердің арасында ресми және бейресми жұмыс істеп жүргендер де жеткілікті. Бұл орайда төтенше жағдайға дейін ресми жұмыс істеген азаматтар 42500 теңге алуға өтініш бере алады. Ал бейресми жұмыс істеушілер алдымен бірыңғай жиынтық төлем жасауы тиіс. Содан кейін ғана әлеуметтік көмекті алуға мүмкіндік туады. Бұл жөнінде онлайн брифингте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтқан болатын.
– Бейресми жұмыс істеп жүргендер. Ол – тіршілік жасап, күнделікті табыспен өзінің жанұясын асырап жүрген азаматтар. Бірақ олар ешқашан еңбек шартын жасамаған, салық төлемеген, әлеуметтік төлем төлемеген, тіпті бірыңғай жиынтық төлемді де төлемеген адамдар. Бірақ ел Президенті бейресми жүрген кісілерге де осы 42500 теңгені төлейік деді. Ол үшін алдымен бір рет мәртебесін рәсімдеу керек екенін айтты. Мәртебені бір рет рәсімдеу деген – бірыңғай жиынтық төлемді төлеу. Оны бір рет төлесеңіздер, 42500 теңгені ай сайын аласыздар, – деді министр.
Бұдан бөлек жәрдемақы студенттерге де тағайындалады. Өйткені, елімізде оқудан тыс уақытта даяшы, сатушы, күтуші болып қызмет атқаратындар бар. Егер студент ресми жұмыс істейтін болса, жұмыс беруші рәсімдейді. Ал өз бетінше ақша тауып жүргендер болса, өздері өтініш тастайды. Бірақ студенттер де бір күн бұрын бірыңғай жиынтық төлемді төлеуі қажет. Бұл жағдайда шәкіртақы алатындығын не алмайтындығы тексерілмейді. Төтеншенің төлемін алушылардың қатарында декретте отырғанына бір жылдан асқан аналар да бар. Сондай-ақ төтенше жағдайға дейін кәсіппен айналысып жүрген мүгедек жандар да өтініш жібере алады.
Жәрдемақы да жауапкершілік жүктейді
42500 теңге біреулерге көмек болса, енді біреулерге жауапкершілік жүктеуде. Өйткені, жұмысы жүріп тұрса да, айлығы уақытында түсіп тұрса да өтініш беріп, жәрдемақыны алғандар бар. Қазіргі таңда 863 мың қазақстандық осылай өтініш берген. Сондай-ақ 534-ке жуық өтініш қаза болған адамдардың немесе Қазақстаннан шет жерде өмір сүріп жатқан жандардың атынан жасалған. Мұны ескерген Біржан Нұрымбетов жәрдемақы шын мұқтаждарға ғана беріледі деп нықтап айтты. Сонымен қатар көпшілікке: «Ешкімді тергеп, сіздерге де дәлелдеңдер, құжат өткізіңіздер деп жатқан жоқпыз. Мен тағы да айтамын, барлығын қарапайымдатып тастадық. Сіз мен жаңа айтқанымдай өздеріңіз үшін шешіп алыңыздар. Мен тіршілік жасадым ба, ақша таптым ба, сол ақшамнан қазір айырылдым ба? Егер сіз солай өзіңізге сенімді болсаңыз, өтінішіңізді бердіңіз. Сөйтіп өтініш бергенде жазбаның астында мойындадыңыз. «Иә, менің ақшам болған, ай сайын тауып жүрдім. Содан айырылдым» деген белгіні қойдыңыздар. Біз сіздерге сендік, төлем жасадық. Сіз айттыңыз, біз сендік» деп сенім білдірді.
Алайда, осы сөзден кейін табысына қарамастан ақша алғандар заң алдында жауап беретіні, тіпті 1000 АЕК көлемінде айыппұл төлейтіні немесе 2 жылға сотталуы мүмкін деген жазба тарады. Жазба таралғаннан кейін-ақ халық дүрлігіп, алған ақшаны кері қайтарудың қамына кірісті. Бірақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бұл мәселенің мәнісін феисбук парақшасында түсіндірді. Жауапкершілік кімдерге жүктелгенін ашып айтты.
– Біраз заңгерлер алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік бар екені туралы мақала не пост жазуда. Оны 42500 теңгеге қатыстырып келтіруде. Заңгер болған соң заңды бізден артық біледі ғой. Олардікі дұрыс та шығар, бірақ бұл тек алаяқтарға қатысты. Сіз ондай емессіз ғой. Сіз ешкімді алдаған жоқсыз. Біз тағайындадық, төледік. Сол үшін кінәлайды деп уайымдамаңыздар. Дәл мен айтқандай жасаған болсаңыздар, біздің тарапымыздан үйді аралап ешкім тексермейді, – деп жазды Б.Нұрымбетов.
Демек сіз шын мәнінде табысыңыздан айырылсаңыз, сіздің мәселеңіз майшаммен қаралмайды. Ал егер жалақыңыз бола тұра, жәрдемақыны алып қойсаңыз оны үкіметке қайтаруға мүмкіндік бар. Ол үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» шотына 42500 теңгені жібере алады. Халық банк пен каспй банкте шоттары бар азаматтар «Әлеуметтік төлемді қайтару» тетігін таңдап, жәрдемақыны банктердің ұялы қосымшасы арқылы кері қайтаруға болады.
Тобықтай түйін
Расында, министр Біржан Нұрымбетов халыққа сенім артты. Жәрдемақыға өтініш беруді әр адамның арына қалдырды. Алайда, ар-абыройды жиыстырып қойып, табысынан айырылмағандар да 42500 теңгені қалтаға салып, қуануда. Бір қарағанда «Тегін ақша ғой» деп қолды сілтеуі мүмкін. Алайда, шын мұқтаждардың ахуалын естен шығармау керек. Милионнан аса өтініштің арасында сығарға биті жоқ тұрғындар тасада қалып қоймаса екен?! Біржан Нұрымбетовше айтсақ, халық 42500-ге өтініштерін еріккеннен беріп отырған жоқ. Төтенше жағдай болмаса да басым халықтың табысы аз.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА