Көптің көңілі сабасына түскен сыңайлы
Қазақ «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме? Қаншама нәубетті бастан өткерген еліміз қай кезде де бір-бірін жаудың қолына тастамаған. Хас батырларымыз бір-бірі үшін жан берісіп, қан төгіссе, жас өскіндер қарияларды қазынаға теңеген. Қазір осы тектес қолдаулар да жоғалған жоқ. Әсіресе, «біз біргеміз» деп бір-біріне көмектесіп жүрген жандар қаншама? Еріктілердің қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созуы мұз қатқан жүректерді, үрей билеген көңілдерді жібітуде. Ал Мемлекет басшысының бүгінгі мәлімдемесі көкейде жүрген сан сауалға жауап берді. Президент бір емес бірнеше мәселенің тігісін жатқызып, елді алаң-елеңге түсірген мәселенің шешімін айтты.
Соның ішінде бірі әрі бірегейі мүмкіндігі шектеулі және мұқтаж жандарға көмек көрсету деп білемін. Онсызда тағдыр тәлкегін тартқан оларға қазіргі таңда қолдау аауадай қажет. Осы орайда Президент мүмкіндігі шектеулі жандар мен мұқтаждарға тегін азық-түлік таратынын және жәрдемақы алатынын айтты. Қазіргі қиын кезде бұл халқымыз үшін қажетті қолдау. Әрқайсысы көңіл жібітеді. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысы бүгінгі мәлімдемесі арқылы арнасынан тасыған өзендей болған көптің көңілін сабасына түсірген сыңайлы.
Қарлығаш Омарханқызы,
Бәйгеқұм ауылдық мектебінің мұғалімі