Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәжілісте маңызды мәселе қаралды

Мәжілісте маңызды мәселе қаралды

Күріштен өзге дақылдарға
көңіл бөлуіміз керек
Алқадағы алғашқы сөз кезегі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбековке берілді. Бас агроном баяндамасында әдеттегідей өткен жылғы статис­тиканы сөйлетіп, атқарылған біршама жұмысы жайлы есеп берді. Баяндамадағы бізге ұнаған тұсы алдағы уақытта ауданнан бидай өнімін өңдеп, ұн шығаруды қолға алып жатқаны болды. Бөлім басшысының сөзіне қарасақ, осы жылы өңірде Сыр салысының көлемін былтырғымен салыстырғанда 1000 гектарға арттырмақ екен. Бұл мәселеге қатысты аудан әкімі Қ.Амангелдіұлы «Бізге облыстан ағымдағы жылы егістікке қажетті су көлемінің аз болатыны жөнінде ескертілді. Ал сіз күріш алқабының санын 10 процентке көбейтемін деп отырсыз. Бұл қаншалықты дұрыс? Алдымен ауданға тиесілі судың текше метрін анықтап алайық, менің ойымша онсызда суды көп қажет ететін күріш алқабының санын арттырамыз деу қателік болады» деді. Одан бөлек аудан әкімі ауыл шаруашылығы биылдан бастап өңірде соя, қант қызылшасын егуді қолға алу қажеттігін айтты. «Қазір Қазақстан көршілес Өзбекстанның дәндік жеміс-жидектерін пайдаланып отыр. Сол өнімдерді біздің жерде де өсіріп, тұтынуға болады. Оған Шиелінің ауа райы да, топырағының құнарлығы да қауқарлы. Біз барлық жағдайды қарастырып, ауыл шаруашылығында кенжелеп қалған осындай бақша өнімдері мен алма, жүзім, өрік бақтарын ашып, жоспарлы жұмыс істеуіміз керек. Бір ғана сөзбен айтқанда, Шиелінің бренді күріш ғана емес, басқа да брендтерді қалыптастыруымыз қажет. Одан кейін біз «СП Байқоңыр» арқылы картоп, сәбіз, жуа өнімдерін Шиелі топырағынан өндіруді қолға алуды ойластырып отырмыз. Оған облыс әкімі Қ.Ысқақов та қолдау білдіріп отыр. Жалпы ауданның аграрлық саласын осындай ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Сондықтан күн жылып, тоң жібігенді күтіп отырмай, қазірден іске кіріскеніміз жөн» деді Қ.Амангелдіұлы.
Сондай-ақ М.Шайтмағанбетұлына кент және ауыл әкімдерімен бірлесіп, сүт өнімін өңдейтін шағын цехтар мен жылыжай түрлерін көптеп ашуды тапсырды.

Халықты кәсіпкерлікке бейімдеу қажет
Жиын одан әрі аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы А.Төлегеновтің баяндамасымен жалғасты. Сала басшысы сөзінің басым бөлігі АЭСП төңірегінде өрбіді. Оның сөзінше аудан бойынша атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге республикалық бюджеттен 574 млн ал жергілікті бюджеттен 439 млн барлығын қосқанда 1 млрд 14 млн теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ ол кент, ауыл әкімдерінің жұмыстарының салғырттығынан АЭСП құжаттарының кешігіп, оның соңы қоғамда халықтың наразылығына ұласып жатқанын тілге тиек етті. Ауыл әкімдерінің көмекке мұқтаж жандардың өтініш құжаттарын әр айдың жиырма бесіне дейін өткізіп, әлеуметтік көмектің уақытылы жетуіне жұмыс істесе деген өтінішін жеткізді. Өз кезегінде аудан әкімі Қ.Мүбараков аудандағы атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың қатарын азайту керектігін айтты. «Біздің міндет – өңірдің әлеуметтік экономикасының қарыштап дамуына үлес қосу. Ол үшін бірінші кезекте тұрғындарды жаппай шағын және орта кәсіпкерлікке бейімдеп, оларға қолайлы жұмыс көздерін көбейтуіміз керек. Сонда ғана біз аудандағы атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж әлеуеті төмен отбасылардың санын қысқарта аламыз» деді аудан басшысы.
Ал мәжілістің үшінші мәселесі жайлы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы И.Байкенжеев мінбеге көтеріліп, алдағы наурыз мерекесіне дайындықты пысықтады. Қос бөлімнің басшыларына арнайы тапсырмалар жүктеліп, алдағы аптада күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты ұсыныспен келуді тапсырды.
P.S: Жалпы Қамбарбек Амангелдіұлының лауазымды қызметке жоспарлы түрде дайындықпен келгенін байқадық. Жаңа әкімнің шежірелі мекен Шиелінің шырайын кіргізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикасы, руханияты мен мәдениетіне тың серпін әкеледі деген сексен мың халықтың сенімі де жоқ емес. Сенім жүгін арқалап, іске кіріскен өңір басшысына біз де сәттілік тіледік.

Елдос ЖҮСІП
03 наурыз 2020 ж. 541 0