Жүк көлігі артық жүк артпайды

Жол қозғалысы ережелерін түсіндіру, көлік жүргізушілердің құқықтары мен міндеттерін қадағалау мақсатында өткен аптада аудан әкімдігінде жиын өтті. Оған облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясының өкілдері, жергілікті атқарушы орган басшылары, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары, сондай-ақ жүк тасымалы және такси қызметімен айналысатын кәсіпкерлер мен қоғамдық көлік жүргізушілері қатысты. Жиында алдымен негізгі тақырып жүк көліктерінің салмағына уақытша шектеу қою туралы болды.
Биыл 1 наурыз бен 1 сәуір аралығында бұл шара Алматы, Атырау, Жамбыл, Жезқазған, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жүргізіледі. Бұл — су тасқыны кезеңінде асфальт жамылғысының ылғалдануы себебінен болатын келеңсіз жағдайлардан әрі қосымша қорғау қажеттілігінен туындаған шара.
Шектеулер халықаралық келісімдерге сәйкес, жүктердің және жолаушылардың халықаралық тасымалдарын, төтенше жағдайларды жою және алдын алу жөніндегі іс-шараларын, зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек көрсетуді, азық-түліктерді тасымалдауды, жолаушылар мен багаж тасымалын, дәрі-дәрмектерді тасымалдауды жүзеге асыратын, сондай-ақ қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін мердігер ұйымдарға берілген учаскелердегі қолданыстағы жамылғы бойынша жол-құрылыс жұмыстарына тартылған және қарулы күштері, басқа да әскери күштер, әскери қалыптастыру және әскери тасымалдауларды жүзеге асыратын автокөлік құралдарына әсер етпейді.
– Шектеу кезінде жүк автокөліктерінің дара білігіне түсетін салмақ 8 тоннадан аспауы керек. Қос білікке түсетін жүктеме 13,2 тоннадан аспауы керек. Республикалық маңызы бар жолдарда мұндай шектеулер жыл сайын енгізіліп тұрады. Бір айта кетерлік жайт, бұл тәжірибе еліміздің ауа райына ұқсас өзге елдерде де қолданылады.
Жуырда облыс аумағынан өтетін республикалық маңызы бар тас жолдардың бойына электронды таразылар орнатылмақ. Сол арқылы жолдан өткен көліктің салмағын өлшеп, ақпаратты бірден база арқылы бақылап отыруға мүмкіндік аламыз. Ауыр жүк көліктері жол бойына орнатылатын арка түріндегі автоматтандырылған электронды таразыдан айналып өтпеу үшін бақылау қондырғылары орнатылады. Бұл қондырғылар арқылы автоматты режимде айыппұл төлеуге ұйғарым шығарылады, — дейді Қызылорда облысы бойынша көліктің бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Гүлмира Прназарова.
Бұдан бөлек жиында жолаушылар тасымалы қызметі жайлы да сөз болды. Қазір күннен-күнге такси қызметін көрсетушілердің саны артып барады. Дегенмен олардың барлығы заңды түрде деп айту қиын. Мәселен, ауданда 110 көлік жүргізуші салық басқармасына осы қызметті көрсету үшін тіркелген екен. Алайда, адам тасымалымен айналысу үшін бұл жеткіліксіз. Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жергілікті атқарушы органға хабарлама берілуі керек. Өкінішке қарай өңірдегі бірде-бір такси қызметін көрсетуші мұндай хабарламаны жасамаған. Салық басқармасына тіркелмей, такси боп жүрген жүргізушілер қаншама. Осындай заңсыздықтардың салдарынан тұрақты тасымалдаушыларға, яғни қоғамдық көліктің қызметіне шектеу қойылуда.
Жиында қоғамдық көлік жүргізушілері «жабайы таксилер» автобустардың алдын орап кететінін айтып шағымданды.
– Әсіресе, ауылдарда такси жүргізушілері автобустың алдына түсіп алып, аялдамада тұрған жолаушыларды алып кетеді. Салдарынан қоғамдық көлікке мінетін адам азаяды. Біздің бар табысымыз – осы тасымал қызметі болғандықтан, кейде қызметіміз ақталмай жатады. Өздеріңіз білесіздер, қазір жанармай да, қосалқы бөлшектер де қымбат. Осы заңсыз таксилерге бір тосқауыл қоюға бола ма? Әйтпесе, біртіндеп ауылға қатынайтын қоғамдық көліктер тоқтап жатыр. Ақпан айынан бастап халқы ең көп ауылдардың бірі – Бала биде тоқтады. Бүйте берсе тұрақты тасымалдың қызметі жойылады ғой, – деп қоғамдық көлік жүргізушісі Ералы Әшірбаев әріптестерінің мәселесін жеткізді.
Оған жергілікті әкімдік қызметкерлері көлік инспекциясымен біріге отырып жұмыстар жүргізілетінін, заңсыз такси қызметін ұсынушыларды бір жүйеге келтіру қажеттігін айтты.
Жиын соңында аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқарма басшысы Кенжебек Әбішев қауіпті дерт саналған короновирус кеселінен сақтанудың жолдары, алдын алу шаралары жайлы баяндама оқыды.
Гүлхан Яхия