Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қытайлар да оқып жүр, Абайдың қара сөздерін

Қытайлар да оқып жүр, Абайдың қара сөздерін

Ұлы Абай – қазақ халқының руханияты мен мәдениетінің символы. Оның ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз байланысты, ал даналығы қазіргі заманмен үндес. Абай шығармашылығымен танысу сананы оятып, ойға ой қосады, жаңа көңіл күй мен сезімге бөлейді, асыл армандарға жетелейді, өзіңді өзің талдап, тазаруға итермелейді. Жақында Президент Қ.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын жолдай отырып, ақынның 175 жылдық мерейтойында мағыналы іс жасауға шақырды.

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп жырлаған Абай ұрпағына ілім мен ғылымның таусылмас мол мұрасын қалдырып кетті. Өзінің «әттеген-айын» біздер басынан өткермесін деген ой қазақ әдебиетін құнды дүниелермен толықтыра түсті. Өз қоғамын ғана емес, келер күннің келбетін дөп басып, топшылаған ұлы Абайдай тұлғаның қайталанбас болмыс екенін несіне жасырамыз? Күллі әлем мойындаған данышпанның сөз құдіреті, ой толғамы миллиардтаған қытайлықтардың да таңданысын тудырып отыр. Тіпті Абайдың қара сөздерін қытай тіліне аударып, газет бетіне де жариялаған. Ендеше Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айтқандай, Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде мұқым елге таныстыратын кез әлдеқашан жеткен. Абай шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған, оның ақындық талантына шетелдердің ақындары мен жазушылары, әдебиет сыншылары кеңінен үн қатты. Оның шығармашылығы туралы мақалалар, «Қара сөздеріне» арналған зерттеулер Корея мен Қытайдан, Үндістан мен Ираннан, Еуропа елдері мен АҚШ-қа дейінгі әлемнің көптеген мемлекеттерінде жарияланып жүр. Бүгінгі күні Абай мұрасы әлем мәдениеті қазынасының ажырамас бір бөлігіне айналды, ал оның есімі қазіргі заманның ұлы ақындарының қатарында тұр. Сондай-ақ Абай мұрасы – түркі мәдениетінің бір бөлігі. Өзбек ғалымы Абдулла Рустамов Абайды «адам жанының емшісі» деп атаған болатын. Ол пайымдағандай, Абай шығармалары ғасырлар сүзбесінен өткеннен кейін де өзінің өзектілігі мен маңыздылығын жойған жоқ. «Өлең жолдарынан көптеген сұрақтарға жауаптар табуға, жаралы жүректі емдеуге, жаңа арманға беріліп, қиял жетегінде кетуге, жай ғана оның тақуа сөздерінен жаңылып қалуға болады. Ақын өлеңдері – бұл жаралы жүректер қуанышы, бұл әлсіздер үшін күш, бұл түңілгендер үшін тірек пен қолдау» деп баға береді.

ҚҰНАНБАЙ МЕН АБАЙДЫҢ ҚҰНАН БӘЙГЕСІ
А.Құнанбайұлының сан қырлы болмысын қазақ еліне паш еткен «Абай жолы» романы сол мезеттегі көптеген оқиғаны көркем суреттеген. Ал Б.Момышұлының естелігінде кездесетін осы бір оқиға романда айтылмаған екен.
«Бірде Мизәміл деген (фамилиясын ұмыттым) соғыс ардагерімен әңгімелескенім бар. Өзі семейлік әрі профессор Бейсембай Кенжебаевпен бажа екен. Кенжебаевтың әкесі Абаймен қарым-қатынаста болған көрінеді. Сол Бейсембай Кенжебаевтың әкесі Абайға:
– Сен әкеңе қарағанда білімдісің, – депті.
– Жоқ, мен әкемнен артық емеспін, – деп Абай төмендегі оқиғаны айтып беріпті.
Бір күні Құнанбай Абайды оңаша шақырып алып:
– Мырзажігіт (Құнанбай Абайды «Мырзажігіт», ал Абай әкесін «тәте» дейді екен), үйіріңде жақсы аттар бар ма? – дейді. Абай әкесінің ойын түсініп:
– Бар, тәте, – дейді.
Үйіне келген соң, ойланып отырып, Құнанбай:
– Үйірден жеті байталды бөліп алуың және бір жақсы айғыр табуың керек, – деп шешеді. Бір адамның үш рет бәйгеден келген құнанын Абай жүз қойға сатып ап, жеті байтал тобына қосады.
Арада жыл өтеді. Құнанбай мен Абайдың үйлері де, жылқылары да бөлек көшіп жүреді екен. Таңертеңгі мезгілде:
– Тәтең өз жігіттерімен келе жатыр, – деген хабар жетеді. Абай әкесінің мінезін біледі. Үй төңірегін тазалап, аттарын ерттеп, жігіттерін дайындап тұрады.
Құнанбай жақындағанда Абай алдынан жүгіріп шығып, қос қолын кеудесіне қойып сәлем беріп, аттан түсіріп алады. Қолтығынан сүйегеннен-ақ Құнанбай:
– Мырзажігіт, көңіліңді қалдырмайын, түсейін. Тек үйде отырмаймыз, шай ішпейміз, шұғыл аттанамыз, – деп ескертеді.
Қазақтың көшпелі өмір тәртібі біздің әскер тәртібінен бір де кем емес. Кермеден аттар үзілмейді, кейбірі ерттеліп, жорыққа дайын тұрады. Құнанбай «Ал Мырзажігіт, кеттік» дегендей салмақ сала қараған сәтте, Абайдың басына: «Ә, бұл кісі жылқыға барып, баяғы жеті байтал мен құнанды көрмек екен ғой» деген ой сап ете түседі.
Қыстың күні, қар қалың. Жылқылар Ақшатау тауын қыстап жатқан. Жолда Құнанбай әңгіме айтқансып, Абайды алыстан қармап келеді. Төрт-бес сағат жүріп, жылқыға да жетеді.
– Тәтемнің артықтығын сонда білдім. Жылқының ішінен мен сатып алған бөтен құнанды айтқызбай таныды. Танып тұрды да:
– Мырзажігіт, мына құнанды ұстаттыршы, – деді. Жылқышы құнанды әп-сәтте-ақ ұстап әкелді.
– Жүр, енді ана үйірді аралайық, – деп тәтем басқа шоғырға бастады.
– Ана құнанды ұстаңдар! – Жылқышылар үйірді алты айналдырып жүріп, әрең ұстады.
– Ал енді осы екеуін жарыстырып көрейік, Мырзажігіт.
Қар белуардан асады. Көз көрім жерден екі ат бірінен бірі оза алмай қатар келе жатыр. Жақындағанда тәтем:
– Мырзажігіт, қазір құнаның қалай болар екен, құлап қалмас па екен? – деп күлді. Езуін жиып алғанша болған жоқ, жүз қойға сатып алған жүйрігім етпетінен түсті. Екіншісі тұсымыздан құйғытып өте шықты.
Тәтем:
– Ал Мырзажігіт, сау бол, – деді де, атын бұрып ап, өз жігіттерімен жүрді де кетті. Мен әкемнен артық болсам, өз жылқымның ішінен жүйрік құнанды таңдай білмес пе едім? Халық мені ақылды, әкесінен артық дейді. Ақылдылығым қайда? Мұны мен қалайша байқамадым? Бала қандай ақылды болса да, әкесінен бір басқыш төмен болады екен деген түйінге келдім, – деген екен Абай». Осы тектес мазмұндағы әңгімені білуші едік, алайда, әке мен баланың құнан бәйгесі жайында жазылған Б.Момышұлының естелігін бірі білсе, бірі білмес деген оймен оқырманға ұсынғанды жөн санадық.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ


18 қаңтар 2020 ж. 921 0