Қар қалай тазартылып жатыр?
Желтоқсан айының ортасынан астық. Қыс мезгілінің салқынын сезіне қоймайтын біздер үшін өткен күні жауған қар қалың көрінді. Былтырғы жылы жеңіл хамзолдай жұқалап жауған қырбақ қардан соң қыстың ақ ұлпасын қайта көрмедік. Ал синоптиктердің айтуынша, желтоқсан айының екінші, үшінші он күндігінде жауын-шашын болып, қар жауады деп күтілуде. Ұлы Абайша айтсақ, «Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салдының» кері келгелі тұр.
19-ы күні тоқсаусыз жауған қар тобыққа жетіп, айналаны ақ тонына ораған еді. Алайда, ертеңгісін жауын жауып, әп-сәтте ақ ұлпа балшыққа айналды. Аязды жел бетті қарып, қыс қаһарына мінді. Мың құбылған ауа райына да сенім жоқ. Бірде қарды боратса, кейде жаңбырды төгіп салады. Осылайша жылбысқа қарға түн ауа тоң қатады. Жылтырап мұз қатқан жол көлік жүрісін баяулатып, тіпті жол апатына да әкеп соғуы ғажап емес. Таң ата жұмысқа қарай асығатын жандардың қатары аз емес. Ал такси жүргізушілері көлігінің дөңгелегін қыстық дөңгелекке айырбастауға құлық таныта қоймайды. Желтоқсанның 19-ы күні 21 бекет тұсында жол көлік апаты орын алғаны естеріңізде болар. Жемісжидек ауылының тұрғыны қаза тапқан қайғылы оқиға көлік дөңгелегінің қарға тайғанауынан орын алған көрінеді. Қар жауып, қыс түскенде күпісін шешіп, тон киген қазақтай көліктің де қыстық дөңгелекке ауыстырылуы маңызды екенін түсіне бермейміз. Аз қаржыға қиналып, қаншама адамның өміріне қауіп төндірудің қажеті қанша? Сонымен қатар көлік жүргізушілердің қар үстінде темір тұлпарын басқаруда тәжірибесінің аздығы да осындай апаттарға себеп болып жатады. Жол бойында келеңсіздіктер орын алмауы үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Аман былай тарқатты:
– Жергілікті, республикалық жолдарды күтіп ұстау мақсатында 300 мыңға жуық қаржы қаралады. Қар жауған күні Талаптан, Жөлек ауылдарына және «Самара-Шымкент» тас жолына тұз себу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда «Шиелі-Жолшы» мекемесі осы жұмыстармен айналысып жатыр, – деді.
«Жолдың жайын жүрген білер» демекші, кент орталығынан «Өскен өңір» редакциясына қарай бағыт алдық. Бүркіп жауған жаңбыр мен еріген қар әр жерге көлшік болып жиналып жатыр. Су кешіп батпақтаған жаяу жүргінші мен тайғанақтаған көліктерді көріп көшені қардан тазарту жұмысының барысын білмекке бел байладық. Осы орайда кент әкімінің орынбасары Болат Байғамбетовпен хабарласқан болатынбыз.
– Қар мен жаңбырдың араласып жауғаны баршамызды әлек салуда. Ең әуелі кент орталығындағы үлкен жолдар мен адамдар жиі жүретін жолдарды тазарту мақсатында 4 сутартқыш көлік үздіксіз жұмыс істеуде. Сонымен қатар көлік көп қатынайтын жолдарға топырақ сеуіп, қауіпсіздікті алдынғы қатарға қойып отырмыз, – деді ол.
Айналаға көз тастап, тазалық жұмысының барысын көзбен көрмекке кент орталығын біз де бір шарлап шықтық. Көшені қызу тазалау жұмысына кіріскен қызметкерлерді байқап, көңіліміз де жайланды. Бектұрғанов пен Абылай хан көшесінің қиылысына жиналған қар суын сутартқыш көлікпен тазалауға кіріскен жұмысшылар бізді аңғармады да. Қар тазалау жұмысында іркіліс жоқ. Дегенмен әлі тазалауды қажет ететін көшелер жетерлік. Сондықтан осы қарқыннан таймай, қыстың әлегіне әзір отырайық.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ