Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БЖК-2020: Қызылорда облысында 2010 жылдан бері 2143 жоба қаржыландырылған

БЖК-2020: Қызылорда облысында 2010 жылдан бері 2143 жоба қаржыландырылған

BAQ.KZ. Қызылорда облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда қол жеткізген жетістіктер аз емес. Бір ғана "Бизнестің жол картасы 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2010 жылдан бері 76,25 миллиард теңгені құрайтын 2 143 жоба қаржыландырылған.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновтің айтуынша, 2017 жылдан бастап облыста басқарма жанынан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылып, жұмыс істеуде.

Мұндай орталықты құру арқылы рұқсат беру рәсімдерін өту уақытын қысқартуға, ұсынылған инвестициялық жобаны қаржыландыру бойынша мәселелерді дер кезінде шешуге, кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлердің кәсіпкерлік қызмет негіздері бойынша деңгейін арттыруға мүмкіндік туғызды. Жалпы жыл басынан бері Кәсіпкерлерлерге қызмет көрсету орталығы – 8 481 қызмет, оның ішінде 2 459 кеңесшілік және 6 023 кәсіпкерге рұқсатнама құжаттарын алу бойынша қызметтер көрсетілді, – дейді Фердоуси Әбілқасымұлы.

Оның мәлімдеуінше, Сыр өңірінің кәсіпкерлік саласын қолдауға 2019 жылы арнайы Жол картасы әзірленген. Ол үшін әр түрлі қаржы көздерінен 34 миллиард теңге тартылған. Оның ішінде 5 миллиард теңгесі мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде шағын несиелер, мемлекеттік гранттар беруге бағытталыпты.

Сонымен бірге, осы жол картасына сәйкес біздің басқарма үкіметтік және өңірлік бағдарламалар аясында кәсіпкерлердің микрокредиттерге қол жетімділігін қамтамасыз ету бағытында біраз жұмысты үйлестірді. Атап айтсақ, микрокредиттер берудің қадамдық іс-әрекеті әзірленді және ауылдық елді-мекендердің халқына түсінікті болуы үшін кітапшалар ретінде дайындалды. Бұл материалдар облысымыздың барлық ауылдық елді мекендеріне таратылды, – дейді басқарма басшысы.

Кәсіпкерлік саласы бойынша қолға алынған жұмыстар жемісін беруде. Мәселен, "Бизнестің жол картасы 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты дамуына септігін тигізуде. Сондай-ақ, аталған бағдарламаның арқасында тұрақты жұмыс орындары ашылып жатыр.

Бағдарлама аясында несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау және ішінара кепілдендіру бағытына 2010 жылдан бастап Қызылорда облысына 7,6 миллиард теңге тартылды. Бөлінген қаражат шеңберінде жалпы сомасы 76,25 миллиард теңгені құрайтын 2 143 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 2019 жылы жалпы сомасы 6,48 миллиард теңге 298 жобаға бағытталып отыр, – дейді басқарма басшысы Ф.Қожабергенов.

Бағдарлама аясында гранттар беру құралы 2013 жылдан бастап іске асырылыпты. 2013-2019 жылдар аралығында Қызылорда облысына 431 миллион теңге бөлініп, кәсіпкерлік субъектілерінің жаңашыл болып танылған 465 жобасы қаржыландырылды.

Жалпы өңірде кәсіп ашып, жұмыс жасаймын деген азаматтарға барлық жағдайлар жасалған.

Мәселен, тағдырдың жазуымен арбаға таңылған Тамара Ақмағамбетоваға "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы зор үміт сыйлады. Ол бағдарлама негізінде 1 миллион теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып, кәсібін бастады.

Бизнес жоспарымның басты мақсаты жастықты қайта тазалаудан өткізу. Ол үшін грант қаржысына Ресей елінен арнайы құрал-жабдық сатып алдым. Бес жыл бойы ауруханаларда жатып, ем қабылдадым. Сонда байқағаным, палатадағы жастықтар кір болатын және олардан жағымсыз иіс шығатын. Бұл сырқат адамға қолайсыздық туғызады. Сол кезде ауруымнан жазылсам, жастықты қайта тазалауды қолға аламын деген ой келді. Бастапқыда кәсібім Шиеліден басталды. Кейін Қызылорда қаласынан тапсырыс берушілер көбейді. Ал көптеген жастықты күтіп алу, оны кері салып жіберу оңайға соққан жоқ. Сол себепті, қазір қалаға келіп, "Мамық салоны" деген атаумен тігін цехымды ашып, жұмыс істеудемін. Қасымда 3 адам бар. Өнімдеріміз сапалы, тапсырыс берушілер риза болып кетіп жатыр. Жалпы мұнда көрпе-төсек, қыз жасауы, тағы басқа түрлі дүниелер тігеміз, – дейді Тамара Ақмағамбетова.

Сонымен қатар, Жаңақорған кентінен автоателье ашқан Елдос Кеншінбаев есімді кәсіпкер "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасының негізінде 870 мың теңге қайтарымсыз несиеге қол жеткізген.

Кәсібім жүріп жатыр, көліктердің орындықтарын тапсырыс берушілердің талғамына сай жаңартып, тігіп беремін. Қажетті материалдарымды Шымкент, Түркістан, Алматы қалаларынан алдыртамын. Көбінесе велюр, эко тері пайдаланамын, – дейді Елдос.
16 желтоқсан 2019 ж. 306 0