Қос басылымның байтақ белесі
Биыл аймақтың ата басылымдары «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттеріне 90 жыл толып отыр. Тарихы терең басылымдар – өңірдің жарқын жылнамасы. Сыр журналистикасының қара шаңырағы саналатын газет редакциялары бүгінде заманауи медиа кеңістіктің талабына сай жұмыс істеп келеді.
Алғашқы саны 1929 жылдың 1 шілдесінде Қызылорда қаласында жарық көрген «Сыр бойы» басылымы әдепкіде партия, кеңес комитеттерінің және кәсіпкерлер бюросының органы саналған. Десе де, Жаңақорған, Қармақшы, Қазалы аудандарынан хабар таратып тұрды. Ал 1930 жылғы 101 санынан бастап біраз уақытқа дейін Қызылорда, Шиелі, Тереңөзек, Аламесек, Қармақшы, Қарсақбай, Қазалы, Арал аудандық партия, кеңес комитеттері одақтарының органына айналды.
Газеттің алғашқы редакторы – фельетонист Жиенғали Тілепбергенов. Ол кісімен қатар әдебиет сыншысы, жазушы-ғалым Әуелбек Қоңыратбаев, ақын Асқар Тоқмағанбетов, Абдолла Құрманаевтар қызмет істеді. Кейіннен редактор ретінде М.Сәтбаев қол қойған. Жоғары білімді З.Жарқынбаев, Б.Әлменов, Ж.Құлымбетов сынды қаламгерлердің қызметке келіп, шабыттарын шыңдай түсуі, басылымға өзіндік серпін әкелді. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарында редакцияда қызмет атқаратын біршама журналистер майданға аттанды. Д.Тасекеев, А.Нұрекеев, Б.Әлменов, Ә.Жанұзақов, Қ.Алдоңғаровтар сұрапыл соғыстан абыроймен елге оралса, К.Шоматов, Ә.Аманбаев, Ә.Қарқынбаев секілді журналистер Отан үшін кеудесін оққа төседі. Соғыстан кейінгі жылдары ел еңсесін көтеруге рухани күш-жігер берген газеттің ықпалы аз болған жоқ. Сол жылдары белгілі ақын Ә.Оңалбаев, М.Киікбаев, Ж.Шакенов. Ж.Құлымбетов, С.Алдабергенов, С.Сейтенов сынды азаматтар редакцияда қызмет етті. Елуінші жылдардың басында газеттің хабар тарату қызметі, оның ауқымдылық өлшемі өсе бастады.
Кейіннен газеттің бас редакторы болып Ұзақ Бағаев, Қалқабай Әбенов, Нұрділді Уәлиев басшылыққа келді. Ал тәуелсіздік жылдары ата басылымды Әскербек Рахымбекұлы, Жақсылық Рахматулла басқарып, осы тұста газет өзінің байырғы «Сыр бойы» атауын қайта иеленді. Жаңақорған, Шиелі аудандарында Н.Елтай, Арал, Қазалы аудандарында Ж.Жақып меншікті тілші қызметін атқарды.
2008 жыл мен 2018 жыл аралығында газетке Серік Пірназар, Жолдасбек Ақсақалов, Нұрболат Аманжолов және Жұматәлі Әбдіраман бас редакторлық етті.
Тоқсан жылға жуық уақыт ішінде қызығы мен қиындығы мол үлкен жолдан өткен «Кызылординсике вести» газетінің тарихы 1930 жылдың 1 қаңтарынан бастау алады. Дәл осы күні Қызылорда қаласында «Ленинский путь» газетінің бірінші саны жарық көрді. Басылымның алғашқы редакторы болып В.Клопотюк тағайындалды.
Бұл газет өз тарихында бірнеше рет жабылып, қайта ашылуымен оқырмандардың ерекше есінде қалды. 1991 жылы Қазақ елі қол жеткізген тәуелсіздікпен бірге, «Путь Ленина» газеті де еркіндікке қол жеткізіп, құлашын кеңге сермеп, жаңаша тыныстай бастады. Сол жылдың күзінде басылым атауы «Кызылординские вести» болып өзгерді.
Ал 2010 жылы қос басылым «Сыр медиа» ЖШС құрамына енді. Жаңа құрылымға сол кезден бастап Аманжол Оңғарбаев жетекшілік етіп келеді. Бүгінде «Сыр бойы» газетін Қуат Шарабидинов басқарса, «Кызылординские вести» басылымына Қазбек Ботаев жетекшілік етуде.
Аймақта мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізудің тың тәсілі бүгінде өз жемісін беріп отыр. 2013 жылы серіктестік жаңа Шығармашылық үйіне көшті. Қаламгерлер үшін ерекше сый болған еңселі ғимаратқа қазақтың біртуар перзенті Темірбек Жүргеновтің есімі берілсе, сол жылдың басында аймақтағы барлық аудандық ресми басылымдар серіктестік құрамына бірікті. Қазірде «Сыр Медиа» ЖШС өзіне қарасты газеттерді жаздыру, тарату қызметін қатар жүргізіп келеді.
Әрине, тоқсан жылдық тарих аз дүниенің ауқымы емес. Ең бастысы, Тәуелсіздікпен бірге «Сыр бойы» атауын иеленген аймақтың ата басылымы дәстүрлі жолы, басты ұстанымынан айнымақ емес. Ол – егемен елдің бірлігі мен ынтымағы, қасиетті өңірдің жарқын жетістігі жолындағы қалам қуаты.
Бейсенбі күні А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің 90 жылдығына арналған «Заманауи медиа кеңістіктегі аймақтық баспасөздің маңызы мен рөлі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Жиында алғашқы сөзді алған аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов алдымен Сыр елінің тарихымен біте қайнасқан қос басылым – «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің 90 жылдық мерекесімен құттықтады.
– Мемлекеттік-ақпараттық саясаттың салмақты жүгін арқалап, бір өзеннің қос саласындай қатар өрілген байырғы басылымдарды дәуір дерегінің жаршысы деуге болады. Сондықтан қаламгерлер қауымы, қос бірдей басылымның шығармашылық ұжымы, бүгінгі мерейтойларыңыз құтты болсын! «Тәуелсіз Қазақстан – біздің ең қымбат, ең асыл құндылығымыз. Сол құндылықты қорғау һәм қадірлеу секілді мәртебелі миссияны жүзеге асыруда бұқаралық ақпарат құралдарының алар орны ерекше» деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Демек, мемлекет мүддесінің қорғаушысы саналатын сала өкілдерінің басы қосылған бүгінгі мерекенің маңызы зор, – деді облыс әкімі.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің ұжымдарын 90 жылдық мерейтоймен құттықтады. Құттықтау хатын облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов конференцияда оқып берді. Сондай-ақ шара барысында аймақ басшысы «Сыр медиа» серіктестігіне автокөліктің кілтін табыстады.
Сонымен қатар Президенттің баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі Ержан Байтілес айтулы шараға арнайы келіп, Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың қос басылымды мерей тойымен құттықтаған ыстық лебіздерін жеткізді. Конференцияда қос ұжымның бірқатар қызметкері құрмет биігінен көрінді. Сонымен қатар ардагер-журналист Қайырбек Мырзахметұлы мен облыстық «Кызылординские вести» газетін 11 жыл басқарған, жалпы осы газетте 40 жыл бойы еңбек етіп зейнетке шыққан Тимур Қасымовқа Қазақстан Республикасының Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев «Қазақстанның құрметті журналисі» атағымен марапаттады.
Сондай-ақ БАҚ өкілдері ғылыми-тәжірибелік конференцияда пікір алмасып, ой бөлісті. 1929 жылдан бері басылым беттерінде жарияланған облыстың өткені мен бүгіннен сыр шертетін фотокөрме өтті.
Облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» басылымдарының 90 жылдығы аясында «Атыңнан айналайын, Атамекен» тақырыбында ақындар мүшәйрасы басталды. Оған 30-дан аса ақын қатысып, шын жүйріктер марапат төрінен көрінді.
«Өскен өңір» ақпарат