Поэзия падишасына көше берілді
Биыл ақын, Қазақстан Республикасының халық жазушысы, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың туғанына 80 жыл. Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласында халық жазушысына арналып көше атауы берілді. Сөйтіп ЭКСПО-2017 маңы «Вена орамы» тұрғын үй кешені жанындағы жаңа көше енді ақын есімімен аталатын болады.
Ашылу салтанатына елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен келіп, алғысөз сөйледі. Сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері Алдан Смайыл жазушы жайлы өз естелігімен бөлісті. Ал ақын аты беріліп жатқан жаңа көшені қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мен ақынның ұлы Алмас Оңғарсынов салтанатты түрде ашты.
Ары қарай олар қазақтың ер мінезді, батыр да да батыл қызының рухына тағзым ету үшін бейітіне барып, гүл шоқтарын қойды. Қайталанбас тұлғаның әруағына тағзым етіп болғаннан кейн мемлекет пен қоғам қайраткерлерінің және т.б. көптеген елімізге сыйлы, белді азаматтардың қатысуымен үлкен ас берілді. Еске алуға қала әкімі Алтай Көлгінов те қатысып, ұлтжанды, намысқой ақын туралы өз ойын былайша жеткізді:
«Баршаңызға келгендеріңізге рақмет айтамыз. Халқымыз қашанда елдің мұңын мұңдап, жоқтаған, көкейінде жүрген мәселелерді билікке жеткізіп жүргетін тұлғаларды қадір тұтқан. Сондай тұлғалардың бірегейі осы – Фариза апамыз. Өздеріңіз естіп отырғандарыңыздай жаңа елорданың төрінде Фариза апамызға көшенің аты берілді. Ол жастарға, кейінгі ұрпаққа өнеге деп білеміз. Баршаңыздың ниеттеріңізді қабыл етсін. Ақындар да, кім де болса елдің бірлігін айтады. Сондықтан еліміздің бірлігі нығая берсін!».
Келесі сөзді сөйлеген ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева ақынның адалдық, адамгершілік секілді қасиеттердің биігінен көрінгенін, сонымен қатар оның ҚР Парламент Мәжілісінің тарихындағы өшпес орны жайлы былай деді:
«Фариза апай толған бір құбылыс. Жүз жыл өтер, тағы да көптеген жылдар өтер, бірақ тура Фариза апайдай қаламгер азаматшаның бұл дүниеге келіп, келмеуі екіталай. Ол біздің әріптесіміз болды. Ол кісі адами келбеті бар саясаткер болды. Фариза апайымыз тек мәдениетіміздің дамуына ғана емес, парламентаризмнің де дамуына өзіндік үлесін қосты. Оның қалдырған мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жете беретініне біз сенімдіміз. Ол солай болуы да керек. Барлық ғұламалардың сөйлеген сөзі, өнегесі жастарға жету керек. Біз оларға соны сіңдіруіміз қажет. Сонда біздің қазақ халқының қазақи келбеті сақталатыны сөзсіз. Жаңа, жиынға кіріп жатқан кезде ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин маған телефон соғып, тағы да тапсырды. Ол кісі қазір іс-сапарымен Вьетнамда болғандықтан, бүгінгі жиынға қатыса алмады. Бірақ өзінің ыстық ықыласын жеткізуді тапсырды. «Біздің Парламент Мәжілісінің тарихында Фариза апайдың орны ерекше екендігін атап өтіңіз», - деді. Апайымыздың жатқан жері жарық болсын! Ашылып жатқан көше Фариза апайымыз сияқты әрдайым жарқырап, апайдың келбетін есімізге түсіре беретіндей болсын».
ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да ақынға қатысты пікірімен бөлісті:
«Құрметті қауым, бүгінгі ас қабыл болсын. Фариза апайымыз бүкіл қазақ халқы үшін, жалпы қоғамымыз үшін біртуар тұлға. Гүлмира Истайбекқызы айтып кеткендей, Фариза апайымыз адами-азаматтық, ақындық келбетімен өмірге келген және солай тарихымызда, мәдениетімізде мәңгі қалады».
Ғалым, мемлекет қайраткері, филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбеков поэзия падишасы жайында біраз естеліктері мен өзгенің бойынан табыла бермейтін ерекше қасиеттерін атап өтті:
«Фаризамен сапарлас, дастархандас болдық. Өзі ешкімге ұқсамайтын, адал еді. Ешкімнен сырын жасырмай кісінің бетіне басып тұрып барлығын ашық айтатын. «Тіріде сыйласпаған ағайын, құм құйылсын көзіңе, өлгенде бекер жылама» деген Махамбеттің айтатыны бар емес пе?!. Сондықтан тіршілікте сыйласқанға не жетсін?! Қазақта өлінің әруағын ардақтау деген жақсы, асыл қасиет бар. Әбіш сияқты, Фариза сияқты жерге сыймайтын адамдар болады өзі. Бірақ енді жердің асты кең болуы керек. Бұл екеуі де кетті. Алдынан жарылқасын. Фаризаны дүниеден өткен ақындар да жырға қосты, қазір спектакльдер қойылуда, Құдай қаласа кино да түсіріледі. Фаризаның арты да жаман емес. Алмас бар, немерелері бар, халқы бар. Осы жұрт аман болсын!».
Ары қарай мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Бәйгелді сөз сөйлеп, ақынның қиындыққа мойымайтын қайсар мінезі туралы айтты:
«Ызғарлы болғанмен бүгінгі күннің ауасы таза. Мінезінде ептеп ызғар да болуы мүмкін, бірақ жөнсіз ызғарын көрсеткен емес. Ол кісі әрбір сөзін ойланып, дұрыс қолданатын әділет адамы еді. Фариза туралы айтатын сөз көп. Өйткені Фаризаның өмірін қазіргі кезден қарасаң бір «эпоха» сияқты. Ол, Әбіш, Шерхан, барлығымыз қатар едік. Өңкей ауыр, қырғын болып келе жатқан өмірдің ортасында бір саңлау тыныш болған кезде өмірге келіппіз. Бізден кейін қайтадан қырғын басталды. Міне, соның бәрін басымыздан өткізген адамдармыз. Соның ішінде, әсіресе, Шерхан, Әбіш және Фариза ауыр болды-ау деп мойымайтын, қиын болды-ау деп қайғырмайтын. Біз осы кісілермен қатар, замандас болсақ та, ара-қатынасымыз өте жақын болды».
Жазушыны еске алуға арналған жиында оның бірсыпыра өлеңдері оқылып, әндер айтылды. Астан соң ҚР Ұлттық кітапханасында ақынның «Шілде» және «Полдневный Жар» атты кітаптарының тұсауы кесілді. Ал Жастар театрында «Фариза» қойылымы көрсетілді.
Бұдан шығатын қорытынды: жыр падишасы – Фаризаның жарқын бейнесі қазақ поэзиясында, қоғам ішінде әрқашан шуағын шашып, мәңгі өшпей тұрады.