"Охотзоопром" мекемесіне жаңа басшы тағайындалды
BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығымен Айнабеков Марлен Сансызбайұлы "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК бас директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Бұған дейін министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Осы салада үлкен тәжірибесі бар. Айта кету керек, бүгінгі таңда браконьерлікпен күрес өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Инспекторлардың қаза болуына байланысты соңғы оқиғаларды ескере отырып, министрлік басшылығы жаңа басшыға инспекторлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды.
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз аң аулағаны үшін жауапкершілікті күшейту жөнінде тапсырма берді.
Бұл мәселе бойынша Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша 28 қазандағы Заңы аясында браконьерлік үшін жауапкершілікті күшейту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Заңмен өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторларға браконьерлерді ұстауға, жеткізуге, шетелдік немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығарып жіберуге және браконьерлік мақсатта пайдаланылған мүлікті тәркілеу бойынша өкілеттіктері кеңейтілді. Браконьерліктен бөлек, инспекторға бағынбауға, оған зорлық-зомбылық пен өміріне қауіп төндіргені үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Жаңа саралау белгілері анықталып, бекітілді. Белгілері: браконьерлік бірнеше рет жасалса; егер әрекетті адамдар тобы немесе адамдар тобы алдын ала сөз байласуымен жасаса; егер әрекет ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жасалса; әрекетті адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаса; залалдың ірі немесе ерекше ірі мөлшері келтірілсе. Егер бұрын бас бостандығын шектеудің ең ұзақ мерзімі 5 жылды құраса, қазір бұл мерзім 12 жылға дейін ұзартылды.
Сонымен қатар, 27 қазаннан бастап Парламент Мәжілісінің қарауында жүрген қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасы аясында браконьерлік үшін жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған бірқатар түзетулер енгізілді.
Браконьерлермен күресті күшейту мақсатында "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК-да материалдық-техникалық базаны жаңарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде, ал жануарлар мен өсімдіктер әлемін мемлекеттік қорғау қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін Ішкі істер министрлігі инспекторларға арналған арнайы оқу бағдарламасын әзірледі.
Сонымен қатар, инспекторлардың автокөліктері арнайы дыбыс қаққыштармен, дауыс зорайтқыш құрылғылармен және жасыл түсті графикалық белгілермен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, табиғат қорғау қызметтерінің материалдық – техникалық базасын жақсарту мақсатында браконьерлікке қарсы күрес үшін қазіргі заманғы технологиялар мен құралдарды (ҰҰА, дрондар, төс камералары, арнайы техника, электрошокерлер, травматикалық қару, жеке қорғану құралдары және т.б.) енгізуді көздейтін жаңа нормативтер әзірленді.