Латын әліпбиі - қарқынды даму серпіні
Дүниежүзінде 200-ден астам ел бар. Ал халықаралық энциклопедияға сүйенетін болсақ, әлем тілдерінің саны 6 мыңнан 10 мыңға дейін барады. Оның ішінде 15 күн сайын жоғалып отыратын тілдер де бар екен. Осы тілдердің ішінде әлем бойынша 400 млн халық пайдаланатын, ең кең тараған тіл – ағылшын тілі. Десек те осы ағылшындар латын әліпбиін пайдаланады. Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру арқылы әлемдік деңгейге шығамыз деп жар салатынымыз да сондықтан. Бүгінде бағдарламаның алғашқы кезеңі нәтижелі жүзеге асты деуге болады.
Жаңа ұлттық әліпбидің латын графикасы негізіндегі емле ережелері әзірленіп, үкіметте мақұлданып, жұртшылыққа ұсынылған еді. Өз кезегінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары мемлекеттік мекемелер, бөлімдер мен ұйымдардың қызметкерлеріне латын әліпбиіне көшу ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі екенін айтып, емле ережелері бойынша түсіндірме жұмыстарын бастап кеткен болатын. Сондай кезекті шаралардың бірі «Жаңа емле: құрылым мен мазмұн» тақырыбында аудандағы 50-ге жуық мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіруге арналды. Барлық ауылдық округтер мен дербес бөлім мамандары, 15-ке жуық мұғалім №270 Ғ.Мұратбаев атындағы мектепте бір апта бойы латын әліпбиінің емлесін үйренді. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мұрындық болған курста облыстық оқыту орталығының оқытушысы Әсел Бақытова арнайы шақыртылып, сала мамандарына латын әліпбиінің қыр-сырын түсіндірді.
– Бұл мамандарға жаңа әліпбиді үйретуге арналған алғашқы шаралардың бірі. Алдағы уақытта аудан және кент әкімі аппараттарының қызметкерлері мен өзге де сала мамандарын аталған курстан өткізу жоспарланып отыр. Ғаламторда латын әліпбиінің қыр-сырын үйренуге арналған ақпарат мол. Дегенмен арнайы маманнан дәріс алғанға жетпейді. Сондықтан бұл – күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Курсты аяқтаған алғашқы 50 маман жаңа әліпбиді жетік меңгерді деуге болады, – дейді мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Гүлназ Достиярова.
Жалпы ауданда латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшу жұмыстары жүйелі түрде жасалып келеді. Бұған дейін елді мекен атаулары жаңа әліпбимен жазылып бастаған еді. Қазір тек кент ішіндегі ғана емес ауылдардағы балабақша, спорт кешені мен жеке кәсіпкерлік нысандардың атаулары да латын қарпіне ауыстырылуда.
Еліміз латын әліпбиіне көшкен кезде бүкіл түркі тілдес ағайындар Қорқытты, әл-Фарабиді, Мұстафа Шоқайды түпнұсқадан оқи алады. Ендеше, латын негізді әліпбиіміз қазақстандықтарды бір арнаға тоғыстыратын, түбі бір туыстас түркі еліне жақындастыратын тікелей жол деп білейік.
Гүлхан
СӘБИТҚЫЗЫ