Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жәрдем» пойызы Шиеліге жетті

«Жәрдем» пойызы Шиеліге жетті

Еліміздің алыс-жақын аудандарын түгел аралайтын медициналық «Жәрдем» пойызыкеше Бәйгеқұм ауылына келіп тоқтады. Тегін медициналық көмек көрсетуді 19 тамыз күні Алматы қаласынан бастаған жұмыс тобы жыл аяғына дейін барлық шалғай аймақты қамтып шығуды жоспарлап отыр.
«Жәрдем» медициналық пойызы 8 вагоннан тұрады. Оның 4 вагоны медициналық құралдармен жабдықталған, шағын бір емхана іспеттес. Ол жерде педиатр, терапевт, кардиолог, гинеколог, окулист, хирург, уролог, онколог-маммолог және стоматолог жұмыс істейді. Тіпті, пациенттер мұндағы зертханада УДЗ және флюорографиядан өте алады.
Вагон-емханаға кірсеңіз, тіркеу бөліміндегі қызметкер сізге медициналық карта ашып, қандай дәрігерге қаралатыныңызды айтады. Одан бөлек пойыз медицина қызметкерлерінің демалатын, ас ішетін вагондарымен қамтылған.
– Әлі күнге Қазақстанның кейбір елді мекендерінің тұрғындары уақытылы, сапалы әрі тегін медициналық көмекке қол жеткізе алмай келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ көмегімен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, денсаулық сақтау министрлігі және «Қазақстан темір жолы» жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» бірлесіп 2010 жылдан бері «Медициналық пойыздар» жобасын жүзеге асырып келеді, – дейді «Жәрдем» пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева.
Медициналық пойыз Бәйгеқұм ауылынан бөлек, Тартоғай, Майлытоғай ауылдарында бір күннен болып, жергілікті тұрғындарға диагностикалық ем-шара жүргізбек.
Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарына қарасты елді мекендерді аралап, шалғай ауылда тұратын тегін медициналық көмек көрсетуді мақсат еткен пойыз 24 желтоқсанға дейін жұмысын жалғастырмақ. Дәрігерлер жоба аясында 20 мыңнан аса ел тұрғынын тексеруден өткізуді жоспарлап отыр.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ

01 қазан 2019 ж. 858 0