Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақында жас ұстаздарға 350 орындық жатақхана беріледі

Жақында жас ұстаздарға 350 орындық жатақхана беріледі


Үкімет отырысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов ұстаздарға жасалып отырған жағдай туралы баяндама жасады, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. 

«Елбасы өз Жолдауында педагогтар мәселесіне қатысты заң жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы Тамыз кеңесінде ұстаз ұлағаты туралы ерекше айтты. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында көптеген талқылау өтті. Оған БҒМ өкілдері қатысып, өз ұсыныстарын білдірді», – деді елорда әкімі.
Алтай Көлгіновтің айтуынша заң жобасында ұстаздардың жалақысы да, оның үстемақысын да арттыру қарастырылған.

«Бұған қоса кәсіптік байқаулар шеңберінде педагогты ынталандыру ескерілген. Нұр-Сұлтан қаласында педагогтар еңбегін материалдық ынталандырудың бірнеше тетігі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Біріншіден, астаналық 15 мектеп ұйымдық-құқықтық нысанды мемлекеттік мекемеден шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынға ауыстыру жөніндегі пилоттық жобаға қатысады», – дейді әкім.
Бұл өз кезегінде басшыларға қосымша штаб кестесін жасауға және ұстаздарға қосымша ақы төлеуге мүмкіндік береді.

«Екіншіден, әкімдік жыл сайын ең үздік тәрбиешілерді, мұғалімдерді ынталандыру үшін шамамен 20 млн теңгеден бөліп келеді. Бұл жұмыс заң жобасында қарастырылып, жүйелі түрде жүргізіліп жатыр», – дейді Алтай Көлгінов.

Үшінші кезекте ол былтырдан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында мұғалімдерге еңбекақы төлеудің жаңа тәртібі қаланың 10 мектебінде сынақтан өткізілгенін жеткізді. Енді бұл тәжірибені басқа мектептерде қолдану мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

«Төртіншіден, елордалық мектеп ұстаздары көтерген өзекті мәселелердің бірі – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Заң жобасында жергілікті атқарушы органдарға, сондай-ақ мұғалімдерге тұрғын үйді жалдағаны үшін және коммуналдық қызметтер үшін өтемақы төлемдерін қарастыру көрсетілген», – дейді қала басшысы.
Айтуынша педагогтарды қолдау мақсатында жақын арада жас ұстаздарға 350 орындық жатақхана беру жоспарланып отыр.

«Бесіншіден, қосымша ынталандыру және педагогикалық саланың беделін арттыру үшін баспана сатып алуға жергілікті бюджеттен әлеуметтік жәрдемақы түрінде әрқайсысы 1 млн теңге болатын 275 тұрғын үй сертификаты берілді. Алтыншы, ұстаздардың балаларына балабақшадан орын беру. Бұл норма заң жобасында қарастырылған», – деді елорда басшысы.
Бұдан кейін ол мұғалімдерді кәсіптік дамыту бойынша енгізілген шаралардың маңызына тоқталды. Қазір осы бағытта министрліктермен бірге тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептерімен серіктестікке қол жеткізіліп, оның аясында 6,5 мыңнан астам мұғалім оқытылды.

«Назарбаев зияткерлік мектептерімен бірлесе отырып гуманитарлық педагогикалық колледжде педагогтарды оқытудың жаңа әдістемелеріне дайындаймыз. Білім беруді жаңғырту орталығы жұмыс істейді. Ол жерге отандық және халықаралық сарапшыларды тарта отырып мұғалімдердің біліктіліктері жетілдірілуде. Бүгінде 100-ден астам мұғалім мен тәрбиеші тәжірибе алмасу үшін 16 мемлекетте болып қайтты. Елорданың педагогтар қауымы осы заңның қабылдануын күтуде», – деп ойын қорытты елорда әкімі Алтай Көлгінов.

27 тамыз 2019 ж. 746 0