Ұлттық болмыс байқалған шара

Көріністен кейін аудан әкімі Әшім Оразбекұлы сахна төріне шығып, этноауылдың мән-маңызы туралы тілге тиек етті.
– Мұнда ұлттар арасындағы достықты дәріптейтін, қазақ ауылдарының сән-салтанатын, өнері мен мәдениетін, қолөнері мен бұйымдарын, қазақ халқына ғана тән ерекшелігін паш ететін ұлттық мәдени шара өткізіледі. Биыл жастар жылымен тұспа-тұс келгендіктен, жастарға үлгі, өнеге болсын деген ниетпен ұйымдастырудамыз. Сол себепті этноауыл мұнымен тоқтап қалмай, өз жұмысын әрмен қарай жалғастыра береді, – деді өңір басшысы.
Мәдени шараға жиналған қауым қаймағы бұзылмаған қазақылықтың куәсі болды. Себебі, этноауылдың сахнасында «Арман асыл аналар» ансамблі «Керімау-айдай» деп ән шырқаса, Нұртілек Ақтаев Нартайдың термесін орындады. Қос ішекті аспаптың құлағында ойнайтын өнерпаздар күмбірлеген күймен көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. Ал қыздар қауымы бүрмелі көйлек киіп, қазақша биді мың бұрыла биледі.
Бұл күні Ы.Жақаев саябағы айрықша ажарланып, халықты ерекше әсерге бөледі. Мұнда сансыз жәдігермен жабдықталған киіз үй тігілді. Олардың арасында сырмақ, киіз, тақыр және түкті кілем, аң терісі, келі мен келсап, қол диірмені, күбі, самаурын, сандық сынды заттар бар. Қараша үйге көрік беріп тұрған жәдігерлер Н.Бекежанов мемориалды өнер музейінің қорында сақталған. Сонымен қатар киіз үйдің ішінде Нартай өнер мектебінің әншілері ұлттық киім киіп, дәстүрлі аспаптармен мұқым елдің хабаршысындай болған жыр-термені нақышына келтіре орындады.
Ал киіз үйдің сыртында қолөнер шеберлері көз тартарлық көрме ұйымдастырды. Он саусағынан өнер тамған шеберлер киізден жасаған бұйымдар мен жүннен істеген панно, әшекейлер, кеудеше, текемет, сырмақ және ұлттық киімдерді жұртшылық назарына ұсынды.
Думанға толған этноауылда ұлттық тағам қойылған дастархан да жайылды. Құрт, май, ірімшік пен айран және бақша өнімдерінен келген халық дәм татты. Ақ жаулықты апалардың бірі күбі пісіп, май алып жатса, екіншісі кілем тоқып келешек ұрпаққа үлгі көрсетті. Ал жетпістің желкенін тартқан Пернеш Жүсіпова ұлттық тағамдардың жасалу жолымен жас буынды таныстырды.
– Баяғыда ата-бабалар қауынның дәнегін кептіріп, одан кейін қуырып, түйіп қайнататын болған. Ол қайнаған сәтте бетіне май шығады, сол майды қалқып алып тамақ істейді. Қарап тұрсаңыз, бір қауынның өзінен көл көсір пайда көруге болады. Қауын құртты қыстай қанттың орнына жейді. Міне, біз қазір өскелең ұрпақ осының барлығын жадынан жоғалтып алмасын деп этноауылға әкелдік. Себебі, этноауыл – дәстүрді жаңғыртатын, тозығы жетпесе де көбісі естен шығарған жоралғыны насихаттауға таптырмас орын, – дейді П.Жүсіпова.
Талғам таразысымен жаңашылдық үрдісте ұйымдастырылған шараны тамашалауға келген жұрттың қарасы қалың. Осы орайда этноауыл тұрғындардың ынтымағы мен берекесін арттырып, ұлттық дәстүр мен жаңарған салт-сананы қалыптастырғанын байқадық.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ