ҰБТ-ға сапалы дайындық – нәтиже кепілі
Мектеп қабырғасында алған 11 жылдық білімін сынға салатын ҰБТ-ны тапсыру сәті жақындап қалды. Сол себепті мектеп мұғалімдері мен түлектер ұлттық бірыңғай тестке қызу дайындық үстінде.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында қазақ елінің білім беру жүйесі заңға емес, сапаға жауап беруі арқылы бағаланатынын айтып келеді. Ал сапалы білім барлығымыз үшін нәтижелі болмақ. Осы орайда №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектепте 23 маусымнан басталатын ұлттық біріңғай тестілеудің жоғары деңгейде өткізу бағытында атқарылатын жұмыстар барысы талқыланды. Жиын аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязовтың төрағалығымен өтті.
Иә, бақ пен баптың бәсекеге түсер сәті таяп келеді. Жалпы аудан бойынша 593 түлек мектеп бітіріп, 33 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 23 оқушы үздік аттестат иесі болуға ниетті. Биылғы бітірушілердің 448-і тестілеуге қатысуға өтініш берген. Оның 434-і қазақ тілінен, 14-і орыс тілінен тест тапсырады. Сондықтан дайындықты күшейтіп отырған сала мамандары әзірлікті тағы бір рет пысықтап алды. Сонымен 50 шақырымнан қашық орналасқан №142 Жаназар батыр ауылы, №41 Сұлутөбе ауылы, №40 1-Май ауылы, №141 Майлытоғай ауылы, №153 Тартоғай ауылындағы 5 орта мектептің 27 оқушысы алдын ала кенттегі қонақ үйге орналастырып, жатын орын беріледі. Ауылдық елді мекеннен қатысатын 208 оқушы 2 мезгіл, ал 27 оқушы 4 мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар тест өткізудің әділдігі мен ашықтығын қарастыру мақсатында ғимараттар тиісті техникалық құралдармен қамтылған. ҰБТ нәтижелерінің ашықтығы мен обьективтілігін ұсыну мақсатында талапқа сай қажетті тұншықтырғыш, қолға ұсталатын металл іздегіш, бейнебақылау құралдарымен толық жабдықталған. Тестілеу пункттерін онлайн трансляциямен қамтамасыз ету үшін жабдықтау жүргізілген. 12 аудиторияны 24 кондиционермен қамтамасыз етуге мемлекеттік сатып алу жарияланып, құру жұмыстары жүргізілді.
Еліміз бойынша ұлттық бірыңғай тест 22-25 маусым аралығында өтетін болғандықтан ауданда сынақты өткізуге дайын екендігіне көзіміз жетті. Арнайы бақылау мен қадағалау, білім сапасын арттыру күшейтілген, ендігі нәтиже сынақта белгілі болады. №270 орта мектептің ғимаратында сақтық үшін аудандық полиция бөлімінің кезекші қызметкерлері қамтамасыз етеді.
Дегенмен алдағы өмірге жолдама берер ҰБТ-ға қатысу осымен ғана шектеліп қалмайды. Бұл – белгілі бір мақсатқа жетер жолдағы сынақ. Алдағы өмірде бұдан да қиын сынақтардан өтуге тура келетінін ата-ана да, ұстаз да бала бойына құйып отыру керек. ҰБТ алдағы өмірге әсер етеді, алайда онымен өмір тоқтап қалмайды. Тек сынаққа мойымай, тосын әрекетке бармай, қайта сынақпен одан әрі күресе білу керек.
Биылғы ҰБТ қалай болары келер күннің еншісінде. Ал жауапкершіліктің қаншалықты екендігін әр баланың, ата-ананың іші сезетін болар. Ұстаздар болса 11 жыл берген білімінің жемісін көрмек. Сол жемістің қаншалықты дәмді боларын уақыт көрсетеді. Ең бастысы, уақытты босқа жібермеген ұстаздың да, оқушының да, ата-ананың да бағы жанары анық. Тек тамаша тәжірибені меңгеріп, үздік ұстаздардың өнегесі мен білім сапасының артуына, шәкірттердің шыңдала түсуіне жол ашсақ жеткілікті. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында адами капитал – жаңғыру негізі дей келе, білім берудің жаңа сапасын қалыптастыруды айтқан болатын. Сондықтан оқу ордалары талапқа сай түлектерді тәрбиелеп шығуы тиіс.
Жұлдызай
Ноғайбайқызы