Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік көмек қол жетімді ме?

Әлеуметтік көмек қол жетімді ме?


Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз орталығында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов есеп беру брифингін өткізді.

Ағымдағы жылдың сәуір айынан Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалуда. Аудан бойынша аз қамтамасыз етілген отбасыларға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті көрсетуге республикалық бюджеттен 999 686,0 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 191,8 млн. теңге, барлығы 1 191 540,0 млн. теңге қаражат қаралған. «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде қабылданған шешім бойынша АӘК-ті бала санына қарамай, жан басына шаққанда ай сайынғы кіріс мөлшері 20 789 теңгеден аспайтын отбасылар ала алады. Кіріс мөлшерін есептегенде студенттің шәкірт ақысы, мүгедектігі үшін алатын, көпбалалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік және «Алтын алқа», «Күміс алқа» жәрдемақылары, жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын біржолғы төлемдер алынып тасталса, зейнеткердің зейнетақысы есепке кіреді. 50-70% аралығында өскен мемлекеттік көмек түріне аудан бойынша 2019 жылдың 1 маусымына дейін 2740 отбасыдан құжат қабылданып, тағайындалған. Оның ішінде сәуір айында 1165 отбасы, мамыр айында 1127 отбасы, сонымен қатар жыл басынан құжат тапсырған 448 отбасыға сәуір айында қайта есептеу жүргізілді. Қайта есептеу аталмыш көмекті алушылардың тұрмыстық жағдайын арнаулы топ өкілдерінің тексеруі кезінде өтеді. АӘК шартсыз және шартты негізде көрсетіледі. Шартсыз әлеуметтік көмек жалғыз тұратын жағдайы төмен зейнеткерлер мен мүгедектерге көрсетілсе, шартты әлеуметтік көмек жағдайы төмен, бірақ еңбек етуге жарамды мүшесі бар отбасыларға тағайындалады. Екеуінің айырмашылығы 6 немесе 12 ай сайын тексерістен өтіп, ақшалай төлемді қайта тағайындауда. Әлеуметтік көмекке өтініш жазушы айлық жалақы көрсеткішінің анықтамасын өткізеді. Жәрдемақының толық болуы немесе болмауы құжатты айдың басы немесе ортасында тапсырғанына қарамайды. Айдың аяғында құжат өткізсеңіз де сол айдың жәрдемақысын толық ала аласыз.

Назерке МҰХАМЕДИЯРОВА.
11 маусым 2019 ж. 892 0