Қарапайым заттар экономикасы –тиімділігі жоғары жоба
Тұңғыш Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында «Қарапайым заттар экономикасын» қалыптастыру қажеттігін айтып, бағдарламаны жүзеге асыру туралы тапсырған болатын. Бүгінде аталмыш жобаны жүзеге асыру мақсатында ауданда қаншалықты жұмыс жасалуда? Қанша кәсіпкер жобадан үмітті? Бағдарламаға аудан халқының көзқарасы қандай? Өткен аптада осы сұрақтар бойынша аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Азамат Есімов Көкшоқыдағы баспасөз конференциясы залында БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізді.
Қарапайым заттар экономикасы дегеніміз шет елден келетін тауарларды тұтынбай, аты айтып тұрғандай халық күнделікті тұтынатын киім-кешек, азық-түлік, құрал-жабдық т.б. өнімдерді өз елімізден шығару. Бұл бір жағынан жұмыссыздықты азайтса, екінші жағынан кәсіпкерлікті дамытуға септігін тигізеді.
– Аталмыш бағдарламаға аудан кәсіпкерлерінің белсенділігі күн санап артып келеді. Қазіргі таңда Шиелі ауданы бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 26 жоба бойынша 3 млрд. 198 млн. теңге несие алу туралы өтініш білдірді. Құрылыс материалдарын өндіруге 7 жоба қарастырылып, 1 млрд. 342 млн. теңгені құрап отыр. Ауыл шаруашылық өнімдерін шығару бойынша 15 жоба жинақталып, жалпы құны 1 млрд. 586 млн. теңге, ал туризм бағытында 270 млн. теңгенің келісімдері жүргізілуде. Бағдарлама қабылданғаннан бері ауданда жобалық құны 690 млн. теңгені құрайтын 2 жоба банктың қарауына жолданды. Ал, 12 жобаның құжаттары әзірлену үстінде, бірақ жобаға қатысушы кәсіпкер банктың барлық талабына сай болса ғана, қатыса алады, – дейді А.Есімов.
Елбасы «Қарапайым заттар экономикасын дамыту, өңделген өнімдерді экспортқа шығару, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру басты бағыт пен ауқымды міндет» деген болатын. Өйткені, халық игілігіне пайдаланатын тауарлардың басым бөлігін шет елдерден алатынымыз бесенеден белгілі. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, қазіргі таңда Қазақстан өндірістік тауарлардың, яғни, киім-кешектің, құрылысқа қажетті материалдардың, түрлі жиһаздардың 82 %-ын, азық-түлік өнімдерінің 23 %-ын шет мемлекеттерден сатып алады екен.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы еліміз үшін оң ықпалын тигізері анық. Әсіресе, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, қаржы капиталы үнемделеді. Ендеше, жоба бойынша жұмысын дөңгелеткісі келетін кәсіпкерлерге сәттілік болсын дейміз.
Фариза КЕНЖЕШОВА.