Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ет экспорты 2 мың тоннаға жеткізіледі

Ет экспорты 2 мың тоннаға жеткізіледі


Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы қой етін шет елге жөнелтуден ел аумағында көш басында тұр. Былтыр республикамыздан 3800 тонна қойдың еті шетел нарығына шықса, оның 44%-ы өңірдегі тауар өндірушілердің үлесіне тиеді. 

Демек, жамбылдық шаруалар 1700 тоннадай етті өзге мемлекетке жеткізген. 
Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Балжан Ысқақова жыл соңына дейін экспорттың көлемін 2 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отырғанын айтады. 
«Әлемдік саудада қозының етіне сұраныс көп. Біздің тауарымыздың негізгі бөлігі Иран Ислам Республикасына, Бахрейн Корольдігіне және Қырғыз, Өзбекстан елдеріне жіберілуде», - дейді жауапты маман.
Бүгінге дейін өңірден 900 тоннадай сиыр мен қойдың еті халықаралық нарыққа шығарылыпты. Қазіргі таңда ет экспортының әлеуетін көтеру үшін Жамбыл облысында арнайы бағдарлама әзірленіп, қабылданған. Осы құжаттың негізінде шет мемлекеттерден етті ірі қара малын жеткізу жұмыстары қолға алынып жатыр. 
Балжан Ысқақованың айтуынша, 2018-2027 жылдарға арналған «Сыбаға» бағдарламасы аясында Жамбыл облысында индикативті көрсеткіштер белгіленіп, осы уақыт аралығында 36 мың бас ірі қара малын өзге елден жеткізу шаралары жоспарланып отыр. 
«Биылғы жылдың соңына дейін 4 мың бас етті ірі қараны шекарамыздан кіргізуіміз керек. Өңірімізде оларды бордақылайтын 26 алаң бар. Бұл нысандардың жылдық қуаты 30 мың бастан асып жығылады», - дейді жергілікті әкімдіктің өкілі. 
05 маусым 2019 ж. 719 0