КҮЛ ҚАЛДЫҒЫН КӘДЕГЕ ЖАРАТАТЫН ЖОБАЛАР
Қызылорда жылу электр орталығындағы күлді жою үшін кәсіпкерлер бірнеше жоба ұсынып отыр. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаев мәлімдеді.
"Күлді кәдеге жарататын жобалардың бірін "Гежуба Шиелі Цемент компаниясы" ЖШС ұсынып отыр. Олар көмір қалдықтарын цемент өндірісіне пайдаланады. Екінші жобаны "Фарматек" компаниясы ұсынып отыр. Екі жоба да тыңдаудан өтті. Бүгінде уәкілетті органдарға ұсыныс берілді. Сонымен қатар, тағы бір кәсіпкер облыстық кәсіпкерлер палатасына жобасын жолдаған", - деді Марат Құрманбаев.
Аймақтың бас экологының айтуынша, жылу электр орталығындағы 1 млн тоннадан астам күл-қоқыстың аумағы 42 га жерді алып жатыр.