Startup Bolashak: Қостанайдан 12 жоба іріктелді
Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылы Тобыл-Торғай өңірінен «Startup Bolashak – Менің Арманым» ұлттық байқауына 260 үміткерден өтінім келіп түскен. Солардың ішінен 12 бизнес-бастама ширек финалға жолдама алды.
Байқауға қатысқан жобалардың дені IT саласына бағытталған. Мысалы, үйді ұялы телефон көмегімен басқару идеясын ұсынған студенттер болды. Сонымен қатар, Қостанай өңіріндегі киелі орындар туралы смартфон қосымшасын ойлап тапқандар бар. Тағы бір қатысушы балаларды үйдегі қауіпті заттан қорғайтын құрылғысы жөнінде айтты.«Әр жоба өзінше ерекше, қызық. Барлық қатысушының әлеуеті бар. Біз ең мықты деген 25 жобаны іріктеп, қазылар алқасына көрсеттік. Соның 12-сі іріктеліп алынды», - дейді Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының бизнес-бапкері Руслан Есжанов.
Айта кетейік, өңірлерден озық шыққан үміткерлер аймағына қарай Қарағанды, Павлодар, Шымкент, Атырау қалаларына барып, жартылай финал үшін бәсекеге түседі. Сәтті қорғалған 150 жоба таңдап алынып, олар онлайн түрде тағы бір іріктеледі. Солардың арасынан тек 32 қатысушы ғана Нұр-Сұлтан қаласында өтетін жартылай финалға барады. Ол жерде бағы жанған 16 жоба телевизиялық ойындарға шақырылады. Ал супер финалда төрт жобаның үздігі таңдалынбақ.
Аслан ҚАНҒОЖИН