Үні кетпес құлақтан...
Бүгін дүниежүзі үшінші жыл қатарынан радио күнін атап өтіп отыр. ЮНЕСКО атаулы күнді бекіту туралы шешімді 2011 жылы қабылдаған болатын. Себебі, 1946 жылы ақпанның он үші күні "БҰҰ Радиосы" эфирге шыққан екен. Жалпы ең алғашқы радио дат ғалымы Ганса Христиан Эрстедтің 1820 жылы жүргізген кездейсоқ тәжірибелік жұмысынан кейін дүниеге келді. Ол электр мен магнетизмнің арасындағы байланысты анықтайды. Ал ең алғашқы аппарат 1895 жылы жасалды. Оның авторы – орыс ғалымы Александр Степанович Попов екен. Алайда, Поповтың авторлығына келгенде таластар бар. Оның басты "бәсекелесі" ретінде италияндық радиотехник Гульельмо Маркони аталады. Ол 1896 жылы дәл осыған ұқсас аппаратты ойлап тапқан көрінеді. 1909 жылы (ол кезде Попов қайтыс болып кеткен) Маркони мен неміс инженері Карл Браун сымсыз телеграфты ойлап тапқандары үшін Нобель сыйлығын алған. Қазіргі уақытта бірнше түрі пайда болып үлгерген бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде радионың алатын орны ерекше. Газет-журналдың өз қызметі, телевидение мен ғаламтордың өз қызметі бар, ал радионыкі тым басқаша. Мәселен, көшеде жаяу келе жатып немесе көлік рөлінде отырып, кеңседе жұмыс жасап-ақ, алаңдарда, демалыс орындарында, үйде, спорт залдарында радионың көмегімен жаһан жаңалықтарынан хабардар боласыз, әуен, жыр тыңдайсыз. Біздің елімізде осындай ең көп тыңдарманы, ең ұзақ тарихы бар радио – Қазақ радиосы саналады. Қазақ радиосының тарихы осыдан 93 жыл бұрын басталған. Қазақ АССР Халық комиссарлары Кеңесі 1921 жылдың 29 қыркүйегінде Республикалық радиохабарларын таратуды құру жөнінде шешім қабылдайды. Осы оқиғадан кейін алғашқы эфир – Қазақстанның кезіндегі астанасы Орынбор қаласынан 1921 жылдың қазан айынан басталып, Қазақ радиосының үні бүкіл республика аумағына тарала бастады. Орынбордан кейін Қазақ КСР-інің астанасы болған Қызылорда қаласында 1926 жылдың 3-ші қазанынан бастап, Қазақ радиосы өз хабарларын тұрақты беруді одан әрі жалғастырды. Алматы радиостанциясы 1931 жылы 1 мамырда ашылды. Алайда, оның хабарлары маусымның бас кезінде ғана тұрақты түрде таралып, көлемі тәулігіне алғашқыда 4 сағат, кейінірек 6 сағаттан 12 сағатқа дейін жеткізілді. Қазақ радиосы халықпен бірге соғысты да, ашаршылықты да көрді, Қайта құру жылдарында, Кеңес үкіметі тарағанда да бірге болды, Желтоқсанның қырғынына қарсы тұрды, тәуелсіздік таңын да қарсы алды. Ол ақпарат құралы ғана емес, өнер мен мәдениеттің, жырдың, қазақтың зиялы азаматтарының үлкен шаңырағы болды. Мұнда Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Тахауи Ахтанов сияқты талантты ақын-жазушыларымыз әдебиет редакциясының бірден-бір тірегі, қолдаушысы, жалпыхалыққа қазақтың үнін таратушы бола білгенін атап өту керек. Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский, Ахмет Жұбанов сынды өнердің озық ойлы теоретиктері де радиода қызмет етті. Онан басқа Мина Сейітқызы, Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев, Мұқағали Мақатаев, Өмірбек Байділдаев, Омархан Қалмырзаев, Мәмбет Сержанов, Зияда Бекетова, Аманжан Еңсебаев, Бүркіт Бекмағанбетов, Жанель Асқарова, Сауық Жақанова, Тоқсын Құлыбековтар да радиода өз ізін қалдырған. Қазақтың Левитаны болған Әнуарбек Байжанбаевтың даусының өзі неге тұрады?! Радионың өркендеуі болған осы жылдарда Мансұр Сағатов музыка редакциясын басқарды, Ілия Жақанов өнер туралы көп хабар жасады. Таңат Досбаев режиссерлер тобын басқарды. Қазақтың тілін бұзбай, шебер аударма жасай білген Светлана Мусина сияқты мамандардың де еңбегі елеулі. Қазақ әндерінің інжу-маржандарын орындап, күйтабаққа жазған Лаки Кесоглу, Зейнеп Қойшыбаева, Люция Төлешева, Венера Қармысова, Суат Әбусейітовтер сынды солистерді де атамауға болмайды. Аталған тарландардың барлығы да қазақ жеріндегі радионың дамуына, насихатталуына үлес қосқан адамдар, сондықтан бүгінгі мерекеде оларды еске алу парызымыз. Бүгінде 90 жылдан астам уақыт тарихы бар Қазақ радиосы, шын мәнінде, ұлттық радиоға айналды. Радиодан берілетін хабарлар елдің, ұлттың мүддесін, тіл, руханият, мәдениет, экономика, ауыл шаруашылығы мәселелерін кеңінен қозғап, қоғамға ой салатын дәрежеге жетті десек артық айтқандық емес. Соңғы жылдары Қазақ радиосы халықаралық Интернет жүйесiне шықты. Соның нәтижесiнде дүние жүзiне, соның iшiнде Қытай, Монғолия, Түркия елдерiне және Қырғызстан мен Өзбекстан Республикаларына радио хабарларын таратуға мүмкiндiк туып отыр.
Massaget.kz