Шымкент пен Ташкент өңірі үшін шайқаста Қазақ батыры Бердіқожаның қырғыз батыры Шоныққа айтқан сөзі
Қазақ қырғыз арасында алғашқы үлкен шайқасы 1748 жылы күзде Шыршықтың жоғарғы басындағы Шымған тауының етегінде болыпты. Жергілікті рулардан жиналған екі мыңдық қазақ қолын Бердіқожа, қырғыздың топ-топ аламандарын барғы руының батыры Шонық басқарыпты.
Қазақтардың айбынынан қатты жасқанған Шонық ұрыс алдында Бердіқожаға:
- «Біздің ерегісіміз жер дауынан ғой. Одан да ұрыспай келісейік те» дейді.
- «Шартың қандай?» дейді Бердіқожа. - «Қазақтарда жер көп қой. Қырғызға Шыршық бастауынан Тәшкенге дейін һәм Піскент пен Әнгіреннің бойындағы, Өгемнің күнбатыс бетіндегі Қазығұрттың, Сайрамсу мен Қасқасудың екі жағындағы, Бадамның Шымкентке құлдилайтын ортасына шейінгі жерлерді берсеңдер болды, біз сендермен талас-тартысымызды тамам тыямыз», – дейді Шонық.
- «Ей, қоқи қырғыз, – дейді сонда Бердіқожа. – Ташкеннен қалмақтар қуылғанмен сен айтқан жерлерде олар әлі шоғыр-шоғыр боп отыр ғой. Олармен араласып қазақтар да отыр. (Ескерту: Шымкент, Сайрам, Түлкібас жерлерінен ойраттар 1749 жылы қуылған). Бұл жерлерге қалмақтың артын жалап қоныстанып алған соң, осындағы ағайындарымды қырғаның аздай, ондағы бауырластарымды да жайпап салмақсың ба?!».
Сонда Шонық оның сөзін бөліп:
- «Қалмақтан қазір күш кеткен. Жаңағы жерлерде шоғыр-шоғыр отырған оларды өзім-ақ бір пәсте жайпап саламын. Ал қазақтарға тиіспеймін. Қаласа, Тәшкенге келсін, қаласа, Қаратау асып кетсін. Сен, тек менің айтқаныма уағда беріп, екі ел арасындағы қантөгісті болдырмауға сеп тигізсең жетеді. Әйтпесе ұрыс жалғаса береді. Өйткені қырғыз кең жерге, көсілген жайлауға қол жеткізбейінше, ұрысын тыймайды», – дейді.
- «Ата-бабамның әлімсақ жерін саған беріп, мені құдай ұрды дейсің бе? Ата қонысыма көлденең көк атыңды тартып келіп, жер сұрап тұрған ұрынды жат неме, бүгін сенің беліңді сындырайын, одан соң Шымкентті басып отырған қалмағыңа кезек келер», – деп ашуланған Бердіқожа қылышын оңтайлап, Шоныққа тұра шабады.
Осы шайқаста Шонықпен қатар қырғыздың бірсыпыра батырлары өледі. Сонымен бірге аламандарының жартысына жуығы қаза табады немесе қолға түседі. Қалғандары қашып, тау арасына кіріп кетеді.
Бұл тұста бір ескертетiн нәрсе - ол кезде оңтүстік аймақ, солтүстік аймақ деп екі тарапқа бөлінген қырғыздардың барлығы тау арасын жайлайтын. Уақыт өте, олар мал жайылымы мен егіс егуге, сондай-ақ кең тынысты өмір сүру үшін байтақ алапты, кең жазиралы далада қоныстану керектігін ұғынады. Ол үшін қалмақ шапқыншылығынан біржолата азат етілген, сонымен қатар босап қалған қазақ даласының бірқатар өңірлерін иемденіп алуға ниеттенеді. Сөйтіп, атам заманнан қазақ жері боп келе жатқан алапқа ауыз салады. Анықтап айтқанда, Ферғана жазығының солтүстік-шығысы мен Шатқал тауларының шығыс бетінде тұратын Адығын, Тағай, Мұңқыш бірлестіктеріне жататын рулары Ташкент пен Шымкенттің шығыс, оңтүстік аймақтары мен Түлкібас, Қаратау етегіндегі жазық беткейлерді, ал Ыстықкөл жақтағы сары, құсшы сияқты ірі тайпалар бастаған рулары Алматының іргесін, Іленің Балқашқа құятын тұсының сол жағын, осы күнгі Жамбыл облысының Алатау бетке қарайтын аудандары орналасқан өңірлерге еге боп қалуға ұмтылады. Содан сары мен құсшының көсемдері бастаған қырғыздар аталған жерлерді иемденіп қалу үшін «бұл аймақтар бұрынғы біздің жеріміз» деп етекке түсе бастайды. Осы жаулықтың болмысына біздің кейбір тарих-шыларымызбен қатар, қырғыз шежірешілері мен жазбагерлері де көбірек ден қойып, бірталай хатқа түскен мұралар қалдырған.
Авторы: Момбек Әбдәкімұлы, жазушы, шежіреші, публицист. Әлем Халықтары Жазушылары Одағының және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі. Әлем Халықтары Жазушылары Одағының ОҚО бас өкілі.