Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОРҚЫТ КҮЙЛЕРІ ҚАЛАЙ ЖИНАЛДЫ?

ҚОРҚЫТ КҮЙЛЕРІ ҚАЛАЙ ЖИНАЛДЫ?



Ықылым заманнан бері Алаштың анасы, ұлық тұтар киелі қарашаңырағы атанып келген сұлу Сырды қайсы бір қырынан алып қарасаңыз да, оның әуел бастан дуа дарыған, қасиет қонған, өлмес өнер ұялаған өңір екендігіне көзіңіз жетеді.Көне жазбаларға көз жүгіртер болсаңыз, аталған өлкенің ежелден-ақ таңғажайып күйлері және алтынның сынығындай жақұт жырлармен алты Алашқа кеңінен мәлім болғанын көреміз. Бір сөзбен айтқанда, атамекеніміздің аспандағы аққуларға үн қосқан күміс көмей, жезтаңдай жыршыларымыздың алтын бесігі болғаны ақиқат. Мұны ешкім де жоққа шығара алмаса керек.
Тіптен орыс зерттеушілерінің пікірлеріне жүгінсек те, оның ақиқаттығына шүбә келтіруге болмайды. Әйтпесе, Ресейдің көрнекті өнер зерттеушісі Потанин: «Күллі қазақ сахарасы ән салып тұрғандай», деп таңдай қағып, тамсанбас еді ғой. Ән-жыр десе алдына келген асының өзін ысырып тастауға бейіл, соның жолында басын бәйгеге тігіп кеткен А.Затаевичті де кезінде жол қиыншылығына қарамастан ұлан-ғайыр қазақ даласын жаяу-жалпылап аралап, алтынның сынығындай болып жеткен мыңдаған жәдігерлерімізді жалықпай жинастырып, қайта тірілтуі де тегін емес.
Қазақ өнеріне кезінде Пушкин сынды орыстың ұлы ақыны мен Даль есімді ғұлама ғалымның да айрықша қызығушылық танытқанын білеміз. Мұндай мысалдарды әрі қарай жалғастыра беруге болар еді. Сайып келгенде мұның бәрі ғажайып әуендер мен сырлы саздарға бөгіп тұрған қазақ сахарасының абыройын асырып, мерейін тасытар құнды деректер екені сөзсіз.
Осы пікірімізді әрі қарай тереңдете түсу мақсатымен сіздердің назарларыңызға түбі түркі жұртының данагөй абызы, асқан музыканты Қорқыт бабаның күйлерін қалай жазып алғанымызды баяндамақшымын.
...1964 жылдың көгілдір көктемі болатын. Ол кезде мен Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы едім. Мемлекеттік емтихан алдындағы бір өндірістік практикамызды Бүкілодақтық радионың қабырғасында өткізетін болып, Мәскеуге жүріп кеттік. Уақыт тауып, арасында орталық кітапханаға бас сұғып, өзімізге қажетті дүниелерге үңілетінбіз. Осы сапарымда мен 1913 жылы жарық көрген 58 томдық музыкалық энсиклопедиялық сөздікті ақтарып шықтым. Осынау аса қымбат қазынаның 24-ші томының 146-бетінен мынадай айшықты жолдарды оқығаным бар:
«Олардың, яғни қазақтардың ән-жырлары сан-алуан және бір ғажабы – бір-бірін қайталамайды. Аңыз бойынша, бір кездері жұмыр жердің үстімен ән әуелеп, күй қалықтаған көрінеді. Осынау әдемі, әсем әуендер қазақ даласына келіп жеткен сәтте төмендеп, жер бауырлап ұшса керек. Асылы, қазақтардың ежелден әнші-жыршы болып келгендігінің сыры осында жаста керек».
Орыстың көрнекті этнограф ғалымы, өнер саласының білікті маманы Дмитриий Клеменцтің бұл пікірі бізді сонау оғыз-қыпшақ дәуірінде Қорқыт бабамыз өмір сүрген сонау YIII-IX ғасырларға жетелейтін сыңайлы. Қалай дегенде де, мейлі бұл аңыз болсын, қазақтың абройын аспандатар айшықты жолдар екені ақиқат.

Бізге жеткен тарихи деректерге жүгінер болсақ, ұлы ойшыл, керемет күйші, ғажап композитор Қорқыттың кір жуып, кіндік қаны тамған ата жұрты – Сырдария өзенінің төменгі саласына орын тепкен Жанкент шаһары ғой.Қазіргі географиялық жер атауымен атар болсақ, Қазалы-Қармақшы өңірі болып шығады. Ал, бұл өңірлер қашаннан тума таланттарға, жыршы-жырауларға мейлінше бай өлке. Дүзбенбетұлы Жиенбай, Рүстембек, Көшеней, балқы Базар, дүр Оңғар, Шораяқтың Омары, Нұртуған, Қарасақал Ерімбет, Шал Мырза, Сәрсенбай, Шамшат, Тасберген, Сүйінбай, Нұғыман, Кете Жүсіп, Мұзарап сынды жыраулар мен күйшілер шоғыры осы өңірдің төл перзенттері, мақтаныштары болған. 70-ке жуық мақамдар да солардың еншісінде. Бұл – сирек кездесетін құбылыс.
Әдетте, тақыр жерге егін түгілі, далалық шөптің де тамыр байлап, өсіп-өнбейтіні белгілі. Өнердің өркен жайып, дәуірлеуі үшін қолайлы орта, негіз керек-ақ. Ақиқатын айтар болсақ, оның алғы шарты, негізгі сонау Қорқыт баба заманынан бастау алып жатқан тәрізді.
Мен 30 жылға жуық уақыт бойы, дәлірек айтсам, сонау 1960-жылдардың орта шенінен кешегі 1995 жылға дейін республикалық радионың Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқардым. Осы жылдар ішінде Сыр бойын мекендеген жүздеген жыршы-термешілердің баға жетпес бай мұраларын зерттеп, үнтаспаға түсіріп алуға ұмтылдым. Сонау 70-жылдары екі мәрте Алматыдан жылжымалы студиялар шақыртып, көп жәдігерлерді жазып алдық.
Олар қазір Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Мен әлбетте, музыка маманы емеспін. Бірақ, халық мұрасын ерекше қастерлейтін қаламгермін. Кішкентайымыздан осы қалада, Қызылордада өстік. Осындағы Войтинцев көшесінің бойында тұрдық.
Сұрапыл соғыс жылдарында тым жас болсақ та ата-анамыз осы күнгі ескі базарға жиі жұмсап, керек-жарағын алдырып тұратын. Ескі базарға кіре берісте қылқобызын сарнатып, екі көзі су қараңғы болып қалған бір кісі отыратын-ды.
Өткен-кеткендер әлгі мұңлы әуенге елітіп, іштегі өзек өртерлік шерін тарқатқандай бір жасап қалатын. Тиын-тебендерін қалдырып, әлгі кісінің ағынан жарылып берген ақ батасын алатын. Базардың дария жақ беткейінде таяқ тастам жерде облыстық әскери комисариат тұр. Отты жылдары әскер қатарына шақырылған азаматтардан көз сүрінетін. Олар да әлгі зағип күйшіні аттап өтпей, сәлем беріп, батасын алушы еді. Тым жас болғандықтан біз ол кезде осынау құдіретті күйлердің байыбына бара бермейтінбіз. Сөйтсек, қобыз шанағынан төгіліп жатқан сұлу саз Нышан ататамыздың өз сарнаулары мен Қорқыт баба туындылары екен ғой. Соқыр нышан тобылғы түстес көне қобызын күйге келтіріп, былайша толғайтын еді-ау:
Есақай - Алашының әулиесі,
Тараған Тұрғанбайдан сөз жүйесі.
Біздерге қалған екен мирас болып,
Солардың берген үлгі-тәрбиесі.

Аттарын атар болсам әлгілердің,
Қаратамырда бар Адасқан
Қыпшақта бар Қойлыбай,
Таразда бар Құттыбай,
Өлмес өмір сыйлаған,
Бәріне де бір Құдай.

Соңынан ерген солардың,
Күйші Нышан мен едім.
Әз боп қалған пендеңді,
Бір Алла, өзің демегін.

Күллі әулие-әмбие,
Аруағыңмен жебегін.
Не өкпе бар Нышанға,
Кез болдым мықты тұсауға.
Кәрі қыранға ұқсаймын,
Қанаты жоқ ұшарға...
Ол кезде біз ертең өскен соң радиожуранлистика саласында қызмет істейміз-ау, әлгіндей кісілердің мұраларын үнтасапаға жазып алып, өзімізден кейінгі ұрпақтарға аманаттаймыз-ау деп ойлаған жоқ едік.
Міне, тағдыр бізді араға ұзақ жылдар салдырып, әлгі жасы 90-нан асқан көнекөз күйшімен қайта қауыштырды. Ақиқатын айтсам, мен 1961 жылдың басында, қаңтар айының 7-жұлдызында облыстық радиоға қызметке қабылданған кезімнен бастап Нышан абыздың бай мұрасын жазып алуға ұмтылдым.
Бірақ, ол кісінің қобызы болмай шықты. Осылайша, біраз уақытымызды өткізіп алдық. Абыз атаның жөн сілтеуімен біраз жерлерді сүзіп шықтық. Өкінішке қарай қанша шарқ ұрып іздесек те қобызды қолымызға түсіре алмай қиналдық.
Ол кісі: «Көне аспап екі жерден табылып қалар: Бірі – Қармақшының Абыласы, екіншісі – Сырдария ауданының Бесарығы...» - деген болатын.
Ұрпақтары бізге қимады ма, әлде шынымен жоқ болды ма, әйтеуір араға беделді деген кісілерді салсақ та, ештеңе өндіре алмадық. Сөйтіп жүргенде 1957 жылдың жазы да келіп жетті, сол шамада Қазақ телевизиясы белгілі музыка зерттеушісі, көне аспаптардың нағыз жанашыры Болат Сарыбаевтың шеберханасы жайлы хабар берді.
Соны тамашалаған бойда Алматыда тұратын фольклоршы ағамыз Мардан Байділдаевқа суыт телефон соғып, тым болмаса бірер күнге болса да әлгі көне қобыздың біреуін тез жеткізуін өтіндім. Ол кісі Сыр бойына келген сапарында менің жол талғамайтын қызмет көлігімді де, дыбыс жазу аппаратымды да пайдаланатын. Араға бірер күн салып М.Байділдаев та жетті-ау.
Сөйтіп біз Нышан абыздың үйіне барып, Қорқыт ата күйлерін жазуға кірістік. Күйлерді жазуға Р-6, Р-7 репортерлерін пайдаландық. Бірінің үнтасапсы таусылған уақытта екіншісін қосып отырдық. Жазып алған дүниелеріміздің бірінші бөлімі Нышан абыздың өз сарнаулары, яғни әрауақтарға сыйынып күй шақыруы болса, екіншісі түгелдей Қорқыт ата күйлері еді.

(жалғасы бар)
(Арадагер журналист А.Жанаевтың мақаласы 2011 жылдың 21-24 қыркүйегінде «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы мен Қызылорда облысы әкімдігінің бірлесе өткізген халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі аясында өткізілген ғылыми-теориялық конференцияға арнап жазылған/.

Ахат ЖАНАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Қазақ радиосы мен теледидарының үздігі
Қызылорда қаласы
28 шілде 2018 ж. 1 564 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930