Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОРҚЫТ КҮЙІН ЖИНАҚТАҒАН ҚАЛАМГЕР

ҚОРҚЫТ КҮЙІН ЖИНАҚТАҒАН ҚАЛАМГЕР

Тұранның төрінде орналасқан Сыр өңірі ежелден мәдениетпен өнердің ордасы болған құтты мекен. Қасиет дарыған өлке. Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Ешнияз сал, Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, Жиенбай, Нысанбай, Бұдабай,Мұсабай, Төремұрат жырау, Нұртуған шайыр мен Дүр Оңғар секілді сүлейлер өз заманында киелі өнердің өрісін кеңейтті. Өсиет термелерімен ұрпағына ұлағат дарытты. Сол дарабоз дарындардың өсиет термелерін, жыр-дастарын мен ән-күйлерін қазір ел-жұрт қастерлеп айтып жүр.
  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының түпкі мақсаты да осы. Рухани қазынамызды қастерлеп, жас ұрпаққа насихаттау!
  Тұмса табиғат – тіршіліктің төл туындысы болса, өнер – адамзат табиғаты мен руханиятының таңғажайып жемісі мен жеңісі. Өнердің құдіретіне мейірің қанбайды. Сыр елі – өнерге бай өлке. Оның үстіне шежірелі мекеннің әр көшесі, ауылы тұнған тарих пен киелі мұрағатқа толы емес пе?
  Ел ішіндегі, тіпті алыс ауылдардағы өткен тарихты ғасыр тереңінен маржандай теріп, өлгенді тірілтіп, өшкенді санада қайта жаңғыртуға сүбелі үлес қосқан жанның бірі қазақ радиосының ардагері, жерлесіміз Ахат Жанаев.
  Ол Сыр бойының өнерін, мәдениетін, әдебиетін, ескі тарихын жан-тәнімен сүйе білу өмірінің ең биік мақсаты екенін сезіне білген жан. Ең бастысы, ағамыз бойына өнер біткен саңлақ жыршы, жырау, күйші, өнер әлеміне ерекше нақыш қалдырған талантты, текті, тұғырлы азаматтарын насихаттап, жалпақ жұртқа танытуды өзіне биік мақсат санады.
  Сыр саңлақтарын, шайырларын, ақындарын, күйшілерін, өнерлі адамдарды іздеп, ол кісінің табаны тимеген жер қалмады. Сыр өнеріне жастайынан ғашық болды, зерттей берді. Алдынан өнердің киелі парақтары ашыла түсті. Өнердегі танылмаған жандарды жарыққа шығарды.
  Құрыш қаламы да, талабы да құнарлы дүниемен шыңдала түсті. «Ел іші – өнер кеніші» деген аталы сөздің бағасын енді пайымдағандай. Өз ұлтын жақсы көрді. Қарапайым адамдардың бойындағы талант пен бекзат болмысын көз майын тауысып, шеберлікпен жаза білді. Жазғанда да шегіне жеткізіп, терең парасат-пайыммен әр адамның жеке басының асыл қасиеттерін, қарапайым қағаз, қаламның құдіретімен терең зерделеді.
  Тілші ретінде қазақ радиосының толқынынан Сыр өңірінің өнер жұлдыздарын, қарапайым еңбек адамдарын республика жұртына кеңінен танытты. Оның жанға жайлы қоңыр дауысы естілгенде елде селт етпейтін адам болмайтын, көпшілік бұйып тыңдайтын. Себебі, ол көне тарих қатпарларынан ұлттық болмысымызды алыс-жақын елдерге танытатын құнарлы әңгіме айтып, күмбезді үнімен көпшілікті өзіне баурап алатын. Қарт журналистің ерекшелігі, кіндік қаны тамған жерге топырақтай төселіп қызмет етуді өзіне зор бақыт санағаны.
  Облыстық шығармашылық орталығының қолдауымен «Қайталанбас дауыстар», «Мирас» деген атаумен музыкалық антологияға енгізілген үнтаспалардың басым бөлігі – Жанаев Ахат ағаның кезінде дыбыс таспасына жазып алған ғажап дүниелер. Олар – өмірінің өзегіне айналған журналистика саласындағы майталман еңбегінің жемісі.
  Сыр бойында ертеректе Әлшекей, Құрақтың Досжаны, Шал, Мырза секілді күйшілер болған. Аталған күйшілерді елге кеңінен насихаттау ағаның назарынан тыс қалған емес. Ғажайып өнерімен шет елді таң қалдырған Көшеней Рүстембековтің де өнердегі алғаш тұсауын аяулы аға кескені де елді елең еткізер оқиға. Абай атамыздың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» деген аталы жыр жолдарын ол өзінің өмір жолына мәңгілік шырағдан етіп, шәкірт тәрбиеледі.
 Қарт қаламгердің ақ батасын алғандардың қатарында сыбызғы саз сырнайдай тамылжыған үнімен әншілік өнердің жарқ еткен жұлдызы болған жерлестеріміз Мәдина Ералиева мен өнердің саңлақтары Елена Әбдіхалықова, Әлмырза Ноғайбаев, Набат Ойнарова, Бексұлтан Байкенжеев, Қуандық Бүрлібаев, Алмас Алматов бар.
  Сәл кешеуілдеп болса да ән-жырлары мен терме толғаулары «Алтын қорға» алынғандардың ішінде аға буын өкілдері де аз болмаған. Олар – Рахмет Мәзқожаев, Қуаныш Баймағамбетов, Жүсіптің Мұзарабы, Манап Көкенов, Сүйінбай Ақбаев, Мұхамедияр Жабағиев, Балқашбай Жүсіпов, Ақмырза Тұяқбаев, Мүтәліп Қыраубаев, бұл тізім жалғасып кете береді.
  Сонымен қатар, абыз аға – ерен еңбегінің нәтижесінде Сыр сүлейлерінің ғана емес, он ғасыр бұрынғы көне дәуір тарихын да қайта тірілткен қаламы қарымды журналист.
  Ол 1975 жылы Қызылорда қаласында тұратын Смайыл Шәменұлы есімді қарт қобызшыдан (Лақап аты Соқыр Нышан) Қорқыт бабамыздың 12 күйін үнтаспаға жазып, ұлттық академияның алтын қорына тапсырған аңыз адам.
  Олардың қатарында «Башпай», «Желмаяның желісі», «Әуіпбай, Әуіпбай», «Ұшардың ұлуы», «Тарғыл тана», «Аққу күйі» бар.
   Өзінің осы еңбегіне қатысты Ахат аға «Қорқыт баба күйлері үнтаспаға қалай жазылып алынған еді?» атты мақаласында: «...Қорқыт күйлерін қайта тірілтіп, азаматтық іс атқарғаным имандай шындық. Мұны кез-келген уақытта нан ұстап, құран ұстап тұрып батыл айта аламын» деп тебіренген еді.
  Осы еңбегін ерекше бағалаған ғұлама ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев та оған 30 жыл бедерінде Сыр сүлейлерін тарих сахнасына қайта тірілткені үшін алғыс білдірді.
  Қорқыттың 20 күйі болса, жартысынан көбін Ахат ағаның бүкіл Түркі әлеміне қайта әкелгені – ерен ерлік. Ұлағатты ұстаз осылайша шәкіртіне ұстаздық ризашылығын білдірген еді.
  Жақында сәті түсіп, Ахат ағамен біраз сұхбат құрған болатынбыз. Аға өзін марапаттап, мақтану дегенді білмейтін ақеден, өте таза, шынайы кісі ғой. Ол кісіге атақ-даңқ пен шен-шекпеннен гөрі халықтың ақ батасын алу үлкен бақыт.
  Осы жолы бұрын айтпаған біраз сырын білуге ниет еттік. Ойлы жанарын алысқа қадап аз-кем уақыттан соң «Айналайын, ол кезде тәуелсіздікті жаңа алып, шекара ашылып, Түркиядағы қандастарымыз елге оралып, мәре-сәре болып жатқан шағымыз. Бір күні Алмас Алматовтың үйіне шақырылдым.
  «Осы жерде Түрік елінен туыстар келіп, сізді іздеп жатыр. Сізге әкелген сый-сияпаты да бар» деп олардың бар ықыласымен іздегесін бармасқа болмады. Барсам, Түркиядан келген кісілер мені ескі танысынша құшақтап, ризашылық кейпін танытты. Құшақ жая қарсы алды. «Сізді Иран, Ирак, Таяу Шығыстағы қазақтардың бәрі таниды. Сіз сөйлегенде міз бақпай, радиоқабылдағыштың жанына жиналып, хабарларыңызды тырп етпей тыңдайтынбыз. Одан ауылдың лебі есіп тұратын. Сіздің дидарыңызды бір көру – біз үшін арман болды», - деп, сыйлыққа әкелген Құран кітабы мен тәспісін тарту етті.
  Міне, бұл ұлттық өнеріміздің құдіреті деп түсінемін. Мені алыс-жақын шетелдерге танымал еткен де қасиетті қазақ радиосының киесі емес пе? Өнер мен тынымсыз еңбек қана адамды құрметке бөлейтінін мен сол жолы анық түсіндім»дейді қария.
  Қалай десек те, рухани әлемнің қайнар бұлағынан келешек ұрпақты сусындатып, халық санасында қайта жаңғыртуда асыл ағаның еңбегі ерен.

Г.ҚОЖАХМЕТОВА  
05 мамыр 2018 ж. 1 123 0