Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕГІН ТҮЗЕУ – ТЕКТІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ

ТЕГІН ТҮЗЕУ – ТЕКТІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ


Бәз біреулер фамилияның соңында жүретін «-ов» «-ев» жалғауларының орыстың «чей холоп?» деген сөзінен шыққанын айтады. Яғни, кезінде құлдар мен күңдердің қай құлиеленушіге тиесілі екендігін анықтайтын жалғау болғанға ұқсайды. Кейіннен бұл жалғау орыс халқының фамилиясына айналып кеткен екен. Бір қызығы, жалғанды жалпағынан басқан орыс патшалары мен зиялы қауымы «-ов», «-ев» атаулыға үйірлік танытпаған екен.
Иван Грозный, Петр І, Николай ІІ, Дмитрий Донской, Александр Пушкин, Лев Толстой, Ярослав Мудрый, тағысын тағылар.
Қазақ қоғамын фамилиядан арылту туралы мәселенің айтылып жүргеніне ғасырға жуық уақыт болды. Сонау 1917 жылы Қазақ білімпаздарының бірінші съезінде Алаш зиялылары ең маңызды тақырып ретінде осы мәселені көтерді. Онда Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан «Қазақ аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «-ов, -ев» деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!», – деп ұрандаған еді. Осы бір ұлағатты ұсыныс сол кезден бері өзектілігін жоғалтқан емес.
1996 жылы Рахманқұл Бердібаев, Шерхан Мұртаза бастаған біраз қоғам қайраткерлері Мәдениет министрлігіне хат жазып, сол жылы 2 ақпанда «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлық шықты. Аталмыш құжатқа сәйкес, ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес қосымшаларды алып тастай отырып, өзгертуіне мүмкіндік туғандай көрінген еді. Бірақ бұл Жарлықтың іске асуы аяқсыз қалды. Біреулер мұны құзырлы органдардың жауапсыздығынан десе, енді бірі қара халықтың құлықсыздығы деп бағалады.
Мәселе тек қана жалғауда емес-ау. Мәселен, төлқұжатында «Кулимбетов» деп жазылған кісіні қазақша «Күлімбетов» деп ойласақ, ол «Құлымбетов» болып шығады. Сол секілді есімдерімізді де құжатта орысшалап, бастапқы мән-мағынасын жоғалтып жатамыз. Жарайды, төлқұжатта аты-жөніміз еркімізден тыс жазылды делік. Дегенмен, қазір халыққа қызмет көрсету орталықтарында оны ауыстыру бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеген. Жауапкершілікпен қарап, ниеттенсаңіз аз ғана уақытта тегіңізді ұлттық тілде алмастырып алуға болады.
Түйін. «Ұлы», «қызы» деп жазуға – Алаш зиялылары қалдырған аманат деп қараған дұрыс болар. Ұлттық мәселенің үлкен-кішісі болмайды. Бәлкім, аты-жөніміздегі ала-құлалықты реттеу үшін арнайы заң керек шығар. Бабамыздың атына бөтен елдің «қоспасын» қосарламай, өз болмысымызға сай әрекет қылайық. Сіз бен біз тегімізді «қосымшасыз» айтуды дәл қазірден бастайық. Нағыз «рухани жаңғыру» деген – осы болмақ.  
Гүлхан ЯХИЯ.
15 желтоқсан 2017 ж. 1 473 0