Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » САҒЫНЫШ СЫРЛАРЫ

САҒЫНЫШ СЫРЛАРЫ


Жас ұрпақ ата-бабаларымыздың даңқты жолын жақсы біліп, келешекке жеткізуі керек. Бұл түптеп келгенде қоғамымыздағы тыныштық пен келісімнің, ел өркендеуінің басты кепілі болмақ. Бүгінгі бақытты өміріміз бен нұрлы болашағымыздың негізін салушылар қатарында жерлесіміз Байзақов Маширхан атамыз да бар еді.
Байзақов Маширхан 1924 жылы мамыр айында Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Амангелді ауылында кедей отбасында дүниеге келген. Орта білім алғаннан кейін 17 жасынан бастап ауылдық кеңес хатшысы болған. 1942 жылы ақпан айының аяғында әскерге шақыру қағазы келеді. Қатарымнан қалмаймын деп 1942 жылдың наурыз айында соғысқа аттанады. Маширханмен бір күнде соғысқа аттанған әкесі Байзақ, бауырлары Айтжан мен Маханбет қайтып оралмады.
М.Байзақов 1949 жылдың желтоқсан айына дейін Усть-Нарвада шекарашылық қызмет атқарып барып елге оралады. Соғыс ауыртпалығы артта қалды десек те, ел көші әлі де бірден түзеліп кете қойған жоқ. Елге майданнан жаралы болып оралғандардың өзі денсаулығына қарамастан еңбекке араласты.
«Қара қағаз» алып көкірегі шер мен мұңға толған ана мен жесір, ата мен бала тіренішті еңбектен тапты. Таңның атысы, күннің батысы еңбек майданында жүргендер 1950 жылдың ортасына дейін сол соғыс жылдарындағы тәртіппен, сол тұстағы нормаға сай жұмыс істеді. Елге келгеннен кейін қалалық түрме бақылаушысы болып қызмет атқарады. Одан соң автомеханик қызметін атқарған. 1955-1957 жылдары автокомбинатта жұмыс істеген. Одан соң Қызылорда облысы КРЭК басқармасында 4 жыл еңбек еткен. АТП-1 машина жөндейтін цехта жұмыс істейді.1983 жылы қараша айының 27-сінде дүниеден өтті. Артында 3 баласымен жары Айсұлу апа қала берді.
Маширхан ағаның баянды ғұмыры ақсақалдардың өсиет, өнегесін тың-даудан, қолдарына су құюдан өрбіді. Ауыл, елдің ақ батасын алды. Сөйтіп, бала Маширхан иманын серік етіп, әскери және жалпы ғұмырындағы талай қауіп пен қиындықтарды жеңе білді.
«Кеңес Армиясының отыз жылдығы 1918-1948 жж.», «Ерлігі үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің жиырма жылдығы» медальдарымен, «Даңқ» орденімен марапатталған.
Батыр ағаның өмірі мен қызметі, отбасы, ұрпақтары жөнінде білмек үшін Маширхан аға шаңырағына бас сұққанымызда алдымыздан қарттықтың төріне шыққан Айсұлу әжейді кезіктірдік.
Төргі бөлмеге өткенде Маширхан ағаның қабырғаға ілінген үлкен суреті көзге оттай басылды. Нар тұлғалы, жүзінен нұр төгілген, өн бойынан сабыр-лылық пен салқынқандылық лебі еседі. Суретші қылқаламынан туған жансыз суретке ұқсамайды, бейнебір өзін көргендей әсерде қаласыз.
– Тағдырыма ризамын, – деп бастады сөзін апа.– Қазақтың Маширхандай аяулы да ардақты азаматымен дәм-тұзым жарасып, отау құрдық. Бір-бірімізге сүйеу бола жүріп, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге таттық.
Әжейдің көңілі босаңқырап қолына ақ матаға оралған затты ортаға қойды да, ішінен бір суретті алып телміре ұзақ қарады. Ол Маширхан ағаның суреті болатын. Менің қолыма Маширхан атаңның анасына жазған хаттары деп сарғайған қағаз беттерін ұстатты. «Сағынышты сәлем хат» деп бастаған екен атай бір хатында, «Ардақты, аса артық көруші жан анам Шаркүлге армияда өмір сүруші перзентің Маширханнан сансыз сағынышты сәлем бердім, осы алақандай ақ қағаз арқылы, сағынышымды білдіргелі отырмын. Денің сау, саулықтың арқасында ағайын-туысқанның арасында тиісті қызметіңізді атқарып жүрсіз бе, көптен бері хат жаза алмағаныма ренжімеңіз, орыным ауысып хат сала алмадым, мені уайымдамаңыз менде бәрі жақсы, денім сау, Қызыл армиядағы тиісті міндетімді ойдағыдай атқарып жүрмін. Мені ойлап жылама, неге жылайсыз? Мен қазір үлкен жігіт болдым. Сенің кішкентай Маширханың ел қорғайтын жігіт болды. Апа, денсаулығыңызға қараңыз, сіздің саулығыңызды күнде Алладан тілеп жүрмін, сізде күнде менің тілегімді тілеп жүрген боларсыз мен Эстония шекарасында қызметімді атқарып жүрмін. Біз жеңіспен ораламыз, батыр ұлыңызға сеніңіз, сіздердің үміттеріңізді қалайда ақтаймыз, апа. Аман болыңыздар, босап жатсам міндетті түрде хат жазып тұрамын. Есендік хатпен балаңыз Байзақов Маширханнан. 03.05.45 жыл» делінген.
Бүгінде Маширхан ағаның көре алмай кеткен қызығын Айсұлу ана қызықтап, төрт баланың, 8 немеренің, 4 шөберенің шуағына жылынып, шат-шадыман өмір сүруде. Маширхан ағаның артында өзін жоқтатпайтын іскер азамат, ат үстінде жүрген Янухан есімді ұлы бар. Януханнан Әлихан, Нұрлыхан есімді ұл, Әйгерім есімді қыз туып, еліміздің үлгілі азаматтары қатарына қосылды. Күлпан, Гүлбану есімді қыздары ата-анасынан алған өнегелі тәрбиені немере-шөберелеріне дарытып, асқар таудай әкеге және ардақты анаға қамқор бола білді. Бар базары осылайша жалғасумен келеді. Сонау бір жылдары «Ақмешіт апталығы» газетінде «Сарғайған хаттардың сыры» атты мақала жазғаны бар.
– Ал енді айтайын дегенім, қанша ауыр болса да адамды қара жұмыс қажыта алмайды, қайта қайраттандырып жібереді екен. Соғыс жылдарында осындай болдық қой. Ең жаманы, қайғы-қасірет екен. Сол сұрапыл кезеңде қара жамылып, жүрегі жараланбаған жан болды ма, амалдың жоқтығынан көндік, көтердік. Өз әкем Төрегелдиев Ермағамбет 1942 жылы наурыз айында соғысқа аттанды. Артында анасы, қарындасы, жұбайы және үш баласы қалды. Жарынан 28 жасында жесір қалған анам колхоздың барлық жұмыстарын өз қолымен өткерді. Егін егіп, оны бастыру, ору, жинау жұмыстарымен қатар өзге замандастары секілді мал шаруашылығының да отымен кіріп, күлімен шықты. «Шіркейлі» каналын қазуға белсене араласты. Жұмыс таңдаған жоқ, тіпті олай етуге қақысы да жоқ болатын. Жастай жесір қалса да енесі мен балаларының жағдайын жасап, қайта тұрмыс құрмады. Балалар да еңбектен тыс қалмады. Колхозда қолдарынан келген іске араласты. Бидай баулары тиелген өгіз арбаны қырманға жеткізу, масақ теру, тракторға иінағашпен су тасу жұмыстары буыны қатаймаған балалардың еншісінде болатын, – дейді әжей.
Маширхан атаның ерлігі және жары Айсұлу апаның тылдағы еткен қызметі бүгінгі бейбіт күннің өтеуі жолындағы жанқиярлық іс. Демек бұл кісінің майдандағы ерлік істері мен жарының тылдағы ерен еңбектері терең зерттеліп, тиісті бағасын алады деп ойлаймын.
Эльмира НҰРПЕЙІСОВА,
Қызылорда медицина
жоғары колледжінің оқытушысы.
24 мамыр 2018 ж. 1 123 0