Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӨРТ АЗАМАТТЫҢ ЖАЛҒЫЗ ҰРПАҒЫ

ТӨРТ АЗАМАТТЫҢ ЖАЛҒЫЗ ҰРПАҒЫ

Бала күнімнен апамның жанында жүріп, әңгімелерін жиі тыңдайтыным есімде. Ол кезде байыбына барып, бағамдамадық па, айтылған ақыл, ойлы оқиғаның мәніне көп бойламай, сәби шақтың шат кездеріне марқайып жүретінмін. Есейе келе, тәрбиенің қайнар көзі – үлкеннің үлгілі жолында екенін түсіндім. Бүгінде апамның жасы тоқсанға тая¬ды. Көпшілік ақ жаулықтысын «әже» деп атап үйренсе, бізде «апа» деп жасартып айту қалыптасқан. Осыдан да болар, апамның көңілі әлі жас. Кез келген тақырыпта толғанып, шер тарқатуға дайын. Қазір сол кісінің айтылмаған қанша оқиғасы, тыңдалмаған өмірлік сабағы бар екен деймін. Асылында, апамның айтқан әр сөзін қағазға түсіре берсем, терең тарихтан сыр шерткен болар едім.

Апам – қазақ әйелінің ғана емес, ер-азамат атқарар істі қара нардай қасқая көтере алатын тұлға. Оның мұндай қайсар қалпы жасынан көрген бейнетінің әсерінен келгенін білемін. Кейде айтқан әңгімелерінен жанының түкпіріне жасырынған бала сезімдері оянады. Соның бірі – жақында естіген оқиғам болды. Бұл бір кездері халыққа нәубет әкеліп, мына өмірге енді бейімделгелі жатқан балғынның балалығын ұрлаған, елді дүрліктіріп, талайды қыршынынан қиған сұрапыл соғыс кезеңі еді.
Көп созып қайтем, әрі қарай апамның атынан баяндайын.
...Әкем соғысқа аттанғанда, мен 3-4 жас шамасында екенмін. Естіген жұрт «бұл жаста бала не біледі?» деп ойлайтын шығар. Бірақ есімде еміс-еміс қалған өткен күннің елесі мен анам – Күлбазар Ысқаққызының айтуы бойынша сол оқиға көз алдыма келеді.
Әкем – Құрманбай Мөңкеев ағайынды 4 бауырдың үлкені болған екен. Туған жылы есімде жоқ. Тарихтағы ауыр жылдардың бірі – соғыс кезеңі келген шақта ел азаматтарын жаппай майданға алып кету басталды. Олардың қатарында әкем мен оның інілері де бар.
Құжынаған халық толы вокзал іші анық есімде. Азаматтарын шығарып салмақ мақсатта бір жерге жиылған жұрттың көңіліне медеу болар ештеңе болмаған шығар сол сәтте. Анам сапарға аттанғалы отырған әкемді шығарып салуға мені де ерте келген екен. Жан-жақтан жапырласқан жүрдек пойыздар қара халықтың кеудесіндегі үмітін өзімен бірге әкетіп жатқандай.
Кенет анамның қажет құжатының бірін үйде ұмытып кеткені есіне түседі. Сол арада апыр-топыр қимылдап, жанын шүберекке түйген қайран шешем жолай біреудің атын сұрап, шаңыраққа қарай қайта бағыт алады. Ол келем дегенше, пойыз орнынан қозғалып үлгерді. Адамдар жақындарымен қимай қоштасып, солдаттар жапа-тармағай орындарына жайғасып жатты. Сонда мені қолында көтеріп тұрған әкем вокзал шетіндегі бір төмпешікке отырғызып, сәби көңілін алдамақ ниетте қолымдағы ыдысқа тамақ құйып, сол жерде қалдырған екен.
Куәгерлердің айтуынша, анам оралғанша пойыз жүріп кеткен. Ол болса амалсыз темір жолдың бойында жылап қала беріпті. Әкемді соңғы көргенім сол болды.
Кейін соғыс бітті дегенді естідік. Ол кезде әлі ойын баласымын, болып жатқан оқиғаларды сырттай көріп жүрсем де, жай-жапсарына бойлай бермеймін. Бірде үйге жиналған адамның қарасынан әкемнің соғыста қаза тапқанын түсіндім. Ағайынды жиып, ас беріп жатыр екен. Ал ағаларымның бірі Украинада, бірі Белорусь жерінде бақилық болыпты, енді бірі мүлде хабарсыз кеткен.
Соғыс ажалы жұтқан сол 4 азаматтың артында ұрпағы да қалмапты. Мен өзім егіздің сыңары екенмін. Бірақ өз бауырларым да, ағаларымның балалары да жаман аурудан қайтыс болды. Күллі ағайыннан қалған жалғыз тұяқ – мына мен. Әке тәрбиесін көрмей өссем де, абзал анам еш таршылық көрсетпеді. Білгенін үйретіп, барын салып оқытты. Кейде ағайынымның қиылған ғұмыры маған бұйырды ма деп те ойлаймын. Алла абырой беріп, 86 жас¬ты да өткеріп барамын...
Апамның айтқан әңгімесін еш бөлмей, үнсіз ғана тыңдадым. Қарт кісінің тілі еркін сайрап тұрса да, жүрегінің бағзыға беттеп, сергелдең көңілі саябырсып тұрғаны байқалады. Соғыстан кейін ес жиып, езілген еңсесі көтерілген халық бұл сезімді терең түсінетін шығар.
Дегенмен, қарт ананың өткенге өкпесі жоқ. Бүгінде бауырынан тараған екі ұл, екі қызын қанаттыға қақтырмай өсірген апам – Зәуре Құрманбайқызы жұбайы, атам – Әлішер Қалдыбекұлымен баянды ғұмыр жасады. Ажал тырнағы жан жарына тисе де, қайғы оны қисайтпады.
Жүрегі мейірімге, сөзі ақылға толған Зәуре Құрманбайқызы – медицина саласының ардагері, осыған дейін аудан игілігіне елеулі еңбек етіп, талай сәбидің дүние есігін ашуына себепші болды. Көмегіне жүгініп, қолынан ем алған аудан тұрғындары оның көпке жанашыр болған жүректі жан екенін бүгінге дейін айтып отырады.
Шалқыған шаңырақ астында осынау оқиғасын аяқтаған қария сөзінің соңында елдің тыныш болуын, соғыс жылдарының азабын енді көрмеуді жазсын деген тілегін айтты.

Таслима ӘЛІШЕР
13 мамыр 2024 ж. 2 853 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930