Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көне шаһар Сығанақ һәм рухани құндылық

Көне шаһар Сығанақ һәм рухани құндылық

Қазақ даласында, әсіресе, Сыр бойында қалалар көп болған дейміз. Олардың барлығы да ата тарихымызға, елдігімізге өлшеусіз үлес қосқан шаһарлар. Осы кезге дейін жұмбағы ашылмай келе жатқан көне шаһарлардың бірі – Сығанақ. Сондықтан да ол туралы айтылатын әңгімелердің аңыздық, болжамдық сипаты басым. Тарихта Сығанақ қаласы қазақтың алғашқы мемлекеті – Ақ орданың астанасы болған. Бойына сан мың жылдардың сырын бүккен қалашықтың құндылығын көзбен көріп, бойға сіңірмек мақсатта шығармашылық ұжым жолға шықтық. Ондағы мақсат – ұлы қазақ даласына кеңінен танымал, қазақ мемлекетінің қалыптасуында өзіндік тарихи орны бар көне Ұлы Жібек жолы бойына орналасқан Сығанақ қаласын халыққа таныту, оны кейінгі ұрпаққа насихаттау.
Күз мезгілі демесеңіз, күн ерекше жылып, жаздыкүнгі ыстықтан кем емес. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» екендігін ескере отырып, тарихи орынға бағыт алдық. Жаңақорған ауданына қарасты Сунақата елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 2 шақырымдай жерде орналасқан Сығанақтың адам бойына рухани азық сыйлайтын қасиетті мекен екені белгілі. Қыпшақ даласының қақпасы атанған бұл жер Қазақстанның киелі жерлері картасына да енгізілген.
ІХ-Х ғасырларда Сыр бойын оғыз тайпалары мекендеген. Сол кездері Сығанақ оғыздардың иелігінде болған. Х-ХІ ғасырлардың ортасында ішкі алауыздық салдарынан Оғыз мемлекеті әлсіреп, ХІ ғасырдың бас кезінде қыпшақтардың шапқыншылығына төтеп бере алмайды. Сол мезетте біршама оғыздар Сыр бойынан ығысып кетеді. Парсы деректерінде қыпшақтар мекендеген жерлер «Дешті Қыпшақ», яғни «Қыпшақ даласы» деп атала бастады. ХІ-ХІІ ғасырларда Ертістен Еділге дейінгі ұланғайыр аумақты қамтып жатқан Қыпшақ мемлекеті Сығанақ қаласын өз астанасына айналдырады. Қала өмірі VІ ғасырдан ХVІІІ ғасырға дейін созылған.
«Орта ғасырдағы Сығанақтың саяси тіршілігін, мәдениетін, ұлан байтақ базарын, қала құрылысын, үйлерін, толығырақ жазған ғалымдар Шараффуддин Иазди, Фазулулла Ибн Рузбихан, – деп жазады академик Әлкей Марғұлан. – Бұлардың баяндауынша, Сығанақ қыр даланың іргесінде әдемілеп салынған шаһар. Ескі дәуірлерде ол өте гүлденіп тұрған үлкен қаланың бірі болған. Бұл өлкенің жер байлығы елінің әдеп, мәдениеті көзге ерекше түскен. Сәулетті салынған шаһардың халқы да көп болған. Қаланың базарында күн сайын 500 түйеге артылған тауар сатылып отырған. Оның маңайы толған егіндік, бақша, арық, тоған еді. Бұл қалаға Арқадан (Дешті Қыпшақ), Хажы – Тархан (Астрахань) жағынан қаншама бай дүние келетін, олардың ішінде мыңдаған қой, топталған жылқы, түйе, қымбат ішіктер, тондар, қару-жарақ, қайыңның безінен жасалған жебелер, жібек маталар болатын.
Сығанақтың атақты болуының себебі, ол өзінің 2 мың жылға жуық тарихында қаңлылардың, қыпшақ хандығының (ХІ-ХІІ ғғ.), Ақ Орданың (ХІІІ-ХІV ғғ.), Әбілқайыр хандығының (ХV ғ.), Қазақ хандығының (ХVІ ғ.) астанасы болған қала. Қала қандай шапқыншылыққа ұшыраса да өмірі қайта жанданып отырған. Қаланың Орта Азия мен Дешті Қыпшақ хандығының арасында орналасуы оған небір алмағайып заманда тез есін жиып, еңсе көтеруіне ықпал еткен. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, 1219 жылы Отырар маңынан шыққан Жошының қолы Сығанақ шаһарына келіп, оны қоршайды. Шайқас бір апта күні-түні үздіксіз жүреді. Осылайша Жошы қаланы әскер күшінің басымдылығын пайдаланып, басып алды.
Содан кейін Жошы ханнан тараған ұрпақтары, Эрзен хан тұсында Сығанақта Алтын Орда хандарының атында күмістен ақша құюды жолға қояды. Бүгінгі таңда Эрзен ханның ұлы Мүбәрәк Қожаның есімі көрсетілген (1320-1344), хижра бойынша 768 жылы Сығанақтан соғылған 5 тиын Петербургтағы Эрмитажда сақтаулы. Ол кезде хандарының атынан ақша соғу биліктің дербестігін көрсетеді. Сығанақта көптеген құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Қала гүлденеді. Сыр бойындағы қалалармен байланыс жасады. Эрзен хан 25 жыл билік құрып, 1344-1345 жылы дүние салып, Сығанақта жерленді. Осыдан бастап Сығанақ Жошы-хан – Орда Эрзен әулетінен тараған Алтын Ордалық ақсүйектерін жерлейтін ата қорыққа айналды деген дәйек те бар.
Тасын аударып, топырағын түртсең, тарихтан сыр шертіп сала беретін қасиетті орынға табан тірегенде, ескіліктің сайрап жатқан іздерін аңғардық. Бейне бір өткен күндердің лентасын кері айналдырғандай сан мың шайқастан қалған қирандылардың кішкене бөлшегін көзбен көріп, қолмен ұстағанда тарихқа қалай шолу жасамайсың? Аудандық «Өскен өңір» газетінің редакторы Н.Пірімбет кешегі мен бүгінгі күнді сабақтастыра жүріп, туған жердің құндылықтарын жадымызда қайта жаңғыртты. Бабалар жерленген құтты орында Құран бағышталды. Сыр бойындағы көне шаһарды зерттеушілер көп. Академик В.Бартольд Стамбулға барған сапарында «Миһман – нама-ий Бұхара» («Бұхаралық қонақтың жазбалары») атты еңбекті кездестіреді. Осы қолжазбадан Сығанақтық бір ақынның:
«Көрген кісі пейіш екен дер еді,
Құтты білік ұя салған жер еді.
«Нихайаны» жазды мұнда бір бауыр,
«Хидеяны» ұқтырды ері өрелі.
Шыққан мұнда ғұлама да, дана көп,
Айтады жұрт қасиетті қала деп.
Қайта туу нәсіп болса, дүние-ай,
Қайтып осы Сығанақты қалар ек», – деп жазған өлеңін көшіріп алған көрінеді. Біз де қайта саяхатқа шығар болсақ, ең әуелі осы Сығанақ қаласына баруды қалар едік...

Гүлнәр
ДҮЙСЕБАЙ

02 қараша 2019 ж. 1 163 0