Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ханнан халықтың күшті екенін Бекболат би Абылайға қалай түсіндірді?

Ханнан халықтың күшті екенін Бекболат би Абылайға қалай түсіндірді?

Бекболат Қазыбекұлы Абылай ханның қаhарына ұшыраған інісін бір ауыз сөзбен құтқарып алған екен.Орта жүздің бас биі Қазыбектің кенже баласы жорықта басқа біреудің малымен шатастырып, Абылай ханның бір үйір жылқысын қуып кетеді. Оны естіген Абылай “Мені басынғаны болар би баласының”, – деп, би ауылына суыт кіріп келеді.Қазыбектің үлкен ұлы Бекболат Абылайды қарсы алып, ақ боз үйге кіргізеді. Дастархан жайылып, ас үстінде Абылайға “Тоғыз қабат айыбымен жылқыңызды қайтардық, балалықпен істеген екен, інімді кешіріңіз”, – дейді.
Ханның қасындағы нөкерлерінің бірі Бекболатпен бақталас болса керек, ханды одан сайын қайрап “Мұны олардың басынып, қыр көрсеткені деп біліңіз, бұл істі қатаң жолмен басыңыз”,- деп араға от салады.
Абылай біраз ойланып үнсіз отырады да: “Малға алданатын адам емеспін, өзгелерге сабақ болуы үшін ініңді өлтірмей тыныш отыра алмаспын”, – дейді.
Сонда Бекболат “Туған інімді өлтірткізіп мен де қарап қалмаймын”, – деген екен. Бірақ Абылай бұл жолы үндемей кетіп қалады. Арада бірнеше күн өткенде Абылайдың 300 жендеті Бекболат сұлтанның інісін байлап-матап алып кетеді. Сол күні түс ауа ханның нөкерлері бір жерге тоқтап, түгел демалады. Абылай биік төбеге қарауыл қойғызып, оларға Бекболаттың жолын тосқызады. Бекболат та 20 шақты жігітімен соңынан қуып жетеді. Бекболаттың келуін күтіп отырған нөкерлер оның атын ұстап, құрмет көрсетіпті. Бірақ ол аттан түспей теріс қарап тұрады да:
– Әй, Абылай, мұнан бұрын жолдастыққа мен қандай едім, қасыңдағылар қандай еді? – дейді.
– Сен бір төбе, бұлар бір төбе еді, – дейді Абылай.
Сонда Бекболат ештеңе деместен келген ізімен кері шауып кетеді де, біраз уақыттан кейін қайта шауып келіп, тағы да теріс қарап тұрып:
Оралтаудың ор түлкісі Айнала қуса, ит жетпес. Оралтаудың ақиығы Ақиық келсе, тек кетпес, Сонда-дағы мерт етпес! – деп байлаулы жатқан інісін шешіп алып, жөнеле беріпті.
Хан еш қарсылық көрсетпейді.
Бекболат кеткеннен кейін хан жан-жағына қараса, уәзірлері түкке түсінбей аңырып отыр екен. Сонда Абылай:
– Менің “Сендер – бір төбе, Бекболат сен бір төбесің”, – дегеніме намыстанбай тұрып, оның келіп кетуі мен айтқанынан не түсіндіңдер?, – деп сұрайды.
– Соны ұқпай қалдық, хан ием, – дейді уәзірлер.
– Түсінбесеңдер, Бекболатпен тартысып, таласпаңдар, – деп ескертеді де сөзін жалғайды.
Абылай Бекболаттың айтқанын жиналған адамдарға былайша түсіндіреді:
“Оралтаудың түлкісі” деп ол өзін айтқаны. “Айнала қуса, ит жетпес” деп сендерді айтты. “Оралтаудың ақиығы” деп, мені айтты. “Ақиық келсе, тек кетпес” деп мені келіп қалған соң ашумен інімді алып кеткен шығарсың дегені. Ал оның: “Сонда-дағы мерт етпес” дегені – ханнан халық күшті дегені. Осы сөздің түп төркіні – “Хан да болсаң, халықтан биік емессің, сондықтан да хан ақылыңа салып, інімді босат” дегені.
https://baribar.kz
19 қыркүйек 2019 ж. 1 375 0