Арал теңізінің түбін көргіңіз келе ме?
Жаз айында турфирманың көмегіне жүгінбей, «all inclusive» (барлығы да қосылған) бағдарламасын пайдаланбай, комфортабелді демалыс түрін таңдамасаңыз, сіздің назарыңызға «Instagram-дық емес» демалыс түрін ұсына аламыз. Егер сіз санада қалыптасқан туристік демалыстан бас тартсаңыз, Арал теңізінің сіздің эмоцияңызға сыйлар ерекше көріністері көп. Турист күнделігінің бүгінгі айдары адамзаттың қолымен жасалған катострофа – Арал теңізіне арналады.
Арал тарихы
«Окс көлі», «Хорезм көлі» деп аталған Арал теңізі туралы мәліметтер сонау Х-ХІ ғасырларда айтылған еді. Жергілікті халық бұл үлкен көлді «Арал теңізі» деп атап кеткен. Себеп, көлде үлкенді-кішілі аралдардың болуы екен. Солардың ең үлкені Барсакелмес, Возрождение және Көкарал. Халықаралық география көрсеткіштері бойынша Арал теңізі ХХ ғасырдың басында көлемі жағынан 4-ші орында орналасқан еді. Алайда, 1960 жылдан бастап теңіз суы тартыла бастайды. Теңіз суының тартылуының салдарынан Арал теңізі екіге бөлінеді – Солтүстік және Оңтүстік. Теңіз тартылған жылдары оның түбінен ерте ғасырларға тиесілі ғибадатханалар мен баспаналардың қалдықтары табылуда. Зерттеуші ғалымдар арасында «Арал Атландидасы» деп аталып кеткен.
Арал географиясы
Арал теңізі «теңіз» болып тұрған жылдары, оның суындағы балықтың саналуан түрі мен көлемі көп болған. Теңіздің жағасында екі порттық қала орналасты. Қазақстан Республикасы жағынан Арал қаласы, ал Өзбекстан Республикасы жағынан Мойнақ. Аралға құятын екі өзен – Амудария мен Сырдария. Арал теңізін адамзаттың қолымен жасалған табиғат апаты төнген кезде, теңіздің территориясы екі есеге, ал аумағы үш есеге азайды. Үлкен және Кіші Арал болып, екіге бөлінді. Қазақ жерінің территориясындағы Кіші Арал өзінің су көлемін жыл санап ұлғайтып келеді. Бұл 2005 жылы салынған Көкарал плотинасының қайта жаңғыру салдарынан десек те болады. Теңізге біртіндеп балықтар қайта оралуда. Теңіз астының бүгінгі атауы Аралқұм.
Аралдағы күн райы
Теңіздің жағасына алдағы жаз айларында баруды жоспарласаңыз. Міндетті түрде күннен қорғанатын киім мен косметиканы өзіңізбен бірге ала шығыңыз. Жаз айларында бұл жердің температурасы 40-50 градусқа дейін көтеріледі. Жаздың аптап ыстығын көтере алмайтын болсаңыз, теңізге күздің алғашқы айларында, қараша айына дейін барған жөн.
Аралда нені тамашалайсыз
Бір қызығы ерте заманда Арал теңізінің орнында теңіз болмаған. Бұл жер халық мекендеген елді мекен болған. Ерте заман цивилизациясынан қалған архитектураның қираған мұраларын тамашалай аласыз. Туристтерді басты қызықтыратын объекттер, ол Аралқұм даласы, шөлдің үстінде қараусыз қалған кемелердің қаңқалар «бейіттері» мен ең бастысы Арал теңізінің бүгінгі жай-күйі. Жергілікті турфирмаларға жүгінсеңіз де болады. Компаниялар үш күндік турларды ұсынады. Жол талғамайтын автокөлік сыйымдылығы 1-12 адам. Тур ұзақтығы 3 күн 2 түн. Саяхаттау үшін ең қолайлы айлар: мамыр – маусым. Арал теңізін тамашалау бағыты келесідей болады: Қызылорда - Жосалы ауылы - Қорқыт ата мемориалы - Әйтеке би ауылы (Қазалы) -Жаркент қаласы - Қазалы ауылы - Ақтан батыр ауылы - Бекарыстан би ауылы - Қатанкөл көлі - Жаңақұрылыс ауылы - Қаракетен ауылы - Көкарал плотинасы - Қаракетен ауылы - Ақлай су торабы - Бөген ауылы - Қосжар ауылы - Қомбаш көлі - Арал қаласы. Үш күннің ішінде Қызылорда қаласымен, Қорқыт ата мемориалымен және Арал теңізімен таныса аласыз. Егер, компанияның көмегіне жүгінбей, өз бетіңізбен Арал теңізіне барғыңыз келсе, мархабат! Арал қаласы вокзалының алдында такси немесе шағын автобус жүргізушілерімен келісуге болады. Теңізге жету үшін алдымен Сексеуіл кентіне бару керек. Вокзалдан шағын автобустар жүреді. Бағасы 500 теңгеден басталады. Жол ұзақтығы 45 минут. Сексеул кентінен Арал теңізіне дейін машинамен жетесіз. Жүргізушімен жол құнын өзіңіз келісесіз. Әдетте ол 15 000 теңгеден басталады. Такси жүргізушісі сізді Сексеуіл – Ақбасты ауылы - Арал теңізі бағыты бойынша теңізге апарады.
Ақбасты ауылы туралы бірер сөз қозғасақ қайтеді? Ауылға қонақ болып келсеңіз міндетті түрде сыйлы қонақтың қатарында боласыз. Қазақтың дархан даласындай кең пейілді қазағымның қонақжайлығы осы ауылда қатаң сақталған. Жөн сұрап келген жолаушыны «бір кесе шайсыз» жібермейтін ауыл тұрғындарының жайсаң мінезі сіздің жадыңызда мәңгі қалары анық. Сондай-ақ, ауылға аяқ басқанда өзіңізді шығыс ертегілері зманына түсіп кеткендей сезінесіз. Еліміздің басқа ауылдарын білмейміз, ал Ақбасты ауылының ақсақалдарының барлығы да иықтарынан шапандарын, бастарынан тақия-бөріктерін тастамаған. Қазақтың қонақжайлығы, тұрғындардың жайлылығы мен ақсақалдардың салтты берік ұстауы Ақбасты ауылының ең ерекше ерекшеліктері.
Ақбасты ауылының сыртында, теңізге бірнеше жүз метр қашықтық қалғанға дейін жерасты қайнар көзін көресіз. Жердің астынан атқылап жатқан су ыстық. Жергілікті халықтың пайымдауынша судың емдік қасиеті бар. Сенесіз бе бұл қайнар су кезінде Арал теңізінің ортасында орналасқан еді, ал қазір жағалаудың бойында қалып қойды. Бұлақтың ыстық суына аяғыңыз бен қолыңызды жуып, көлікке отырып «кетіп қалған» теңіз жағасына бағыттайсыз. Тартылған теңіздің тереңдігі ересек адамның беліне де жетпейді. Суға кіріп тура қарай адымдай берсеңіз, судың беліңізге дейін жетпейтінін байқайсыз. Өкінішті! Осыдан ондаған жылдар бұрын Арал теңізі жергілікті халықтың күнкөріс азығы еді, Қазақ елінің мақтанышы еді. Адамзаттың өз қолымен жасаған қателігінен табиғат-ана зардап шегуде. Үлкен табиғи апатты өз көзіңмен көріп, жарық эмоцияларды бастан кешіру үшін Арал теңізіне міндетті түрде барыңыз. Мүмкін біздің балаларымыз Аралды басқа көлемде көрер, бірақ сіз көрген бейнені болашақ ұрпақ көре алмас.
Аралға жол
Вокзал перронына аяқ басқан кезде көзге түсетін «Арал теңізі» жазуы. Теңіз деген жазуды оқығанмен, теңіздің иісі мұрныңызға келмес. Вокзал ғимаратының ішінде бірден назарға ілігетін, ол Кеңес заманының мұрасы болып қалған қабырғадағы мозайкалық панно. Міндетті түрде суретке түсіріп алыңыз. Вокзалдан шыққан бойда, алдыңыздан қолдарына кілт ұстаған такси жүргізушілері мен кеменің ескерткіші сізді күтіп алады.
Аралға дейін теміржол көлігімен келесі бағыттағы поездар арқылы жете аласыздар:
• «Ақтөбе - Алматы»
• «Маңғышлақ - Алматы»
• «Атырау - Алматы»
• «Орал - Алматы»
• «Мәскеу - Алматы»
Аралда қонақ болу
Интернет желісіндегі қосымшаларға жүгінсеңіз бағасы 6 000 теңгеден басталатын қонақ үйді таба аласыз. Интернетке жүгінбей-ақ вокзалдың маңындағы қонақ үйге барып, бөлме жалдай аласыз. Бөлме бағасы 5 000 теңгеден басталады. Аралға туристтердің маусымы басталған айлары бұл қонақ үйлердің бөлмелері бос болатын күндері азаяды. Теңіз апатын көруге келетін туристтердің қатарында Италия, Польша, Ресей, Украина, Франция, Австрия елдерінің азаматтарын кездестіруге болады.
Ruh.kz