Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықтық құрылыс – елге ырыс

Халықтық құрылыс – елге ырыс

Сонымен, елді егіншілікке ұйымдастыру мақсатында 1940 жылы облыс халқының қатысуымен үлкен Шиелі каналын қазу жұмыстары құмбыл бастау алады. Шиелі каналы дегенде еске түсетін елеулі есімдердің бірі – Байсын Көлдейұлы. Өңірдегі тұрғындарды ұйымдастырып, халықты сумен қамтамасыз етуге бар күші мен Ташкентте болған жеті жыл ішінде көрген әдіс-тәсілдерін ұтымды пайдаланып, білімі мен беделін жұмылдырады. Бұл аймақтағы түрлі өзен-көлдер, сулы, ойпат арналар, бастау саға болмағандықтан бір-бірімен байланыспайды екен. Мұраб кәсібін жетік меңгерген Байсын Көлдейұлы сол өзен-көлдердің Сырдария суымен толықтырылмай, елдің егіншілікпен түбегейлі айналысуға, табиғатының түрленуіне септігін тигізе алмай отырғандығын зерделей отырып, мұны бір жүйеге салуды көздейді. Сөйтіп, бұл мақсатқа халықты жұмылдыру жолында айтарлықтай игі істер атқарады.
Каналдың қазылу тарихы теңеуі жоқ оқиға болды. Төменарықтан Бәйгеқұмға дейін 40 шақырымға созылған құрылыс облыстың 7 ауданына бөлініп беріледі. Аудандардан канал қазуға жіберілгендер күш-көліктерімен көшіп келіп, таңның атысы мен күннің батысы, бас көтермей жұмыс жасайды. Әрбір құрылыс учаскесіне мыңдаған адам жұмыс істейді. Аудандардың шаруашылықтарынан бұл құрылысқа қатыспаған адам кемде-кем. Қызылордадан бөлінген вагондар әрбір разъезге азық-түлік таратумен айналысып, жұмысшылардың тамағы ағыл-тегіл болады. Бұл маңға жақын ауылдардан қымыз-қымыран, айран әкелінеді. Әрбір үйде көже суы ашытылып, судың орнына ашытылған сусын ұсынылып та отырыпты. Облыстың құрылыс штабы сол кездегі тұрмыс қажетін өтеу комбинаты тұрған жерге орналасқан екен. Штаб бастығы облыстық партия комитетінің екінші сек­ретары Зеленчук, оның көмекшісі обкомның үшінші хатшысы Аталықов деген азамат күні-түні құрылысшылар арасында жүреді. Аудандардың басшылары да бірінен соң бірі келіп, құрылысшылардың арасында болды. Қара жұмыстың кімді де болса қажытатыны жасырын емес. Осыны ескерген басшылық тарапы кешке қарай адамдар тамақтанып болған соң, әр ауданның өнерпаздарын жиып, көтеріңкі көңіл сыйлаған. Ойын-сауық, кино көрсететін болған. Бұл санатта Нартай ақынның да болуы сол кездегі жұмысшылардың ерік-жігерін жанып, еселі еңбекке қайраған. Халық концерттің басталуын асыға күтетін. Шаршағандарын ұмытып, таң атқанша ақынды тыңдауға жалықпаған. Қызылорда мен Алматыдан келген әртістер Жамал Омарова, Манарбек Жүсіпбек, Ғарифолла сынды бойына өнердің киесі қонған осынау жандарды каналшылар арасында ойын қойып, олардың құрметіне бөленді.
Сонымен қатар, арасында Қызылорда педагогикалық училищесінде 15-20 бала ойнайтын үрмелі оркестр болды. Осылардың ішінен 6 баланы іріктеп алып, канал жұмысы басталған күні поезбен әкеліп, сол кездегі стомотология емханасы тұрған үйдің бұрын салынған екі бөлмесіне төсек-орын қойып, орналастырған. Ондағылардың арасында Сара Есенова мен Феруза Жүсіпқызы болды. Күнде ертемен жүк машинасымен алып кетіп, түнде әкеліп салады. Канал басындағы үйлерден тамақтанады. Кешке дейін каналдың басымен жаяу жүріп, учаскелердегі жұмыс жасап жатқан жерде музыка ойналып, дауысы 2-3 шақырымға жетеді. Музыка дауысы каналшылардың дауысын көтеріп, жігерлендірді, жұмыс қарқынын үдетуге сеп болған. Күнде кешке каналшылар арасындағы социалистік жарыстың қорытындысы шығарылып, озаттарға мақтау қағаздары мен бағалы сый да жасалады. Ол күні жарыста озып шыққан аудандарға үлкен құрмет көрсетіліп, аяғы ойын-сауыққа жалғасып отырған екен. Канал қазушылардың жұмыс құралы кетпен, топырақ шығаратын сүйретпе. Қазіргідей жетілген техника болмаса да, қолдағы барымен бір адам бір күнде 18 м3 жер қазуы керектігі тапсырылса, көптеген еңбек озаты 20-60 м3 жерді қазып, күндік тапсырманы тіптен асыра орындап отырған көрінеді. Каналда әсіресе дәрігер қызметкерлерінің үлкен жұмыс атқарғанын айтқан абзал. Ауырғандарға жедел жәрдем көрсетіледі. Әрбір учаскедегі үйлердің бірі медпункт. Халат киген қызметкерлер де сонда. Адам көп шоғырланып, өткір еңбек құралдарымен жұмыс жасалған жерде түрлі жағдайлардың да орын алып отыратындығы белгілі. Осындай сәттерді аудан дәрігерлерінің де аяқтан тік тұрып қызмет еткен күндері аз болмапты.
Каналдың түбінің кеңдігі 30-40 метрдей. Биіктігі 2-3 адамның бойындай болған. Осындай үлкен құрылыс қолмен жасалған дегенге таңданбасқа амал жоқ. 1940 жылдың аяғына таяу яғни 6-қарашада Шиелідегі теміржол клубында каналдың біту құрметіне арналған үлкен салтанатты жиын өтті. Оған облыстың, аудандардың басшылары мен озаттар қатыстырылып, сыйлықтармен марапатталады және концертке ұласады.
Бұл үлкен халықтық құрылыстың Шиелі жерін суландырып, елге құт пен ырыс әкелетініне халықтың көзі жетті. Соның арқасында күріштік танаптары суға толып, арық-жаптардың табандарына тіршілік нәрі жүре бастайды. Бұл дегеніміз бүтін бір ауданның күретамырының тіршілік тынысы десек те артық айтқандық емес шығар. Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі жылдарда ауданда өндіріліп, мемлекет қоймасына құйылған күріштің есебі жоқ. Сол кездерде ұнның жеткіліксіздігінен күріш наны да желінген. Еңбектің ақысына берілген күріш арбамен үйлерге тасылып, сарайларға төгілді. Күріш даласында жоғары өнім еңбектің майданы басталып, Жақаевшылар қозғалысы осы тұста өріс алады. Ыбырай Жақаев, Ким Ман Сам, Маман Қалдыбаев сынды ондаған диқан социалистік еңбегі атағына ие болып, еңбекте жұлдыздары жарқырай түсті. Жүздеген адам аудан басшыларының орден-медальдарымен наградталған. Бұл тізімде бүгінде тірі тарихқа айналған Социалистік Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаева да бар. Шиелі каналының бастау алған кезіндегі аудандық партия, Кеңес ұйымдарын басқарған Кенжеғараев, Жүгіралин, Иманқұлов, Мырзалиев, Ақбаев, Дүйсенбеков есімді азаматтар лайықты құрметке бөленген. Колхоз басқарған Бегжан Баукенов, Оразмахан Ақпанов, Шайық Қалқаев, Жәлел Қонаев, Мәулен Рахметов, Ілияс Алтайбаев, Андрей Хан, Леонтий Хан және басқа көптеген азаматтардың есімдері ел есінде. Сөйтіп, аймақ тарихындағы үлкен құрылыс – Шиелі каналы өңірдің экономикалық әл ауқатын көтеруге сеп болып, үлкен маңызға ие болды.
Дина ЖҮСІПОВА.
30 қаңтар 2018 ж. 1 057 0