Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр елінің тұңғыш генералы

Сыр елінің тұңғыш генералы


Қызылорда қаласының орталығында Сырдария өзені жағалауынан басталып облыстық полиция департаменті ғимаратына келіп тірелетін көше Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде Сыр елінен шыққан тұңғыш генералы Нұрылла Алмағамбетов атымен аталды.
Биылғы жылдың наурыз айында абзал азамат, жерлесіміз 19 жыл Қазақ Кеңестік Социалистік республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары болған. Жауынгерлік «Қызыл жұлдыз», екі мәрте «Еңбек Қызыл ту» орденінің, «Ерлігі үшін» және басқа да медальдардың иегері атанған. КСРО Ішкі істер министрлігіне және Қазақ ССР Ішкі істер министрлігіне еңбегі сіңген қызметкер, милиция генерал-майоры Нұрылла Алмағамбетов тірі болғанда 100 жасқа толатын еді.
Ол 1919 жылы Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр (бұрынғы Қызылту колхозы, Калинин совхозы) ауылында туған. Әуелі, Қызылорда қаласындағы орта мектепті, кейін Қызылорда медициналық училищесін «фельдшер» мамандығымен аяқтап, Алматы денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің білімін жетілдіру институтының курсын аяқтаған. Сонан соң Алматыда денсаулық сақтау бөлімінде жауапты қызмет атқарды. 1938 жылы Қызыл Әскердің қатарына шақырылып, 1939 жылы Фин соғысына қатысады.
Ұлы Отан соғысы басталарда ол Ақтөбеде құрылған 101-ші Ұлттық жеке бригаданы (көпшілігі Қазақстаннан барған дивизиялар, оның басым көпшілігі қазақтар) жасақтауға қатысқан. Ерекше бронепоезд бөліміне әуелі аға-әскери фельдшер, кейін бөлімнің әскери медициналық қызметінің бастығы, санитарлық ротаның командирі ретінде Калинин, Прибалтика, Төртінші Украина майданындағы қанды шайқастарға, Псков облысы, Белорусь, Латвия, Литва, Эстония және Шығыс Еуропа елдерін фашизмнен азат етуге қатысады. 1942 жылдың аяғында Ногинск қаласына жеткізіліп, Жоғарғы Қолбасшысының құзырындағы 39-шы армияның қарамағына еніп, Мәскеуді қорғауға қатысты.
Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі Рысбай Кәріммен баспаға берілген «Елім деп соққан жүрегі» атты кітабында 101 ұлттық бригада командирінің орынбасары, қызылордалық майор Мұса Сәдібеков 1942 жылдың 24 желтоқсанында Қызылорда облысының партия комитетінің бірінші хатшысы Төлебаевқа хат жазған.
Онда «Менің жерлесім Нұрылла Алмағамбетов жауынгерлер арасында үлкен беделге ие. Ол ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетіп, ұрыс даласында жараланған 30 жауынгерге медициналық көмек көрсетіп, оларды аман-сау алып шығып, ерлік көрсетті. Осы ерлігі үшін ол «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Әлі алда Жеңіс күніне дейін талай ерліктер жасай беретін болады» деп көрсетті.
1943 жылдың наурызында «Ржев асуынан» кейінгі шайқастардан кейін, батысқа қарай жорық жолдарын бастаған Нұрылла Алмағамбетов атақты «Багратион» операциясына қатысып, Беларусь жерін неміс басқыншыларынан азат етеді. Полоцк қаласын жаудан босатқан шайқаста ол көрсеткен ерлігі үшін жоғарғы бас қолбасшы Иосиф Сталиннің Алғыс хаты мен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
Сол кездердегі шайқастарды еске алған қаруласы, майдангер ардагер, отставкадағы полковник Кәкен Әбенов: «Нұрылла күні-түні ұйқысыз, демалыссыз жаралы жауынгерлердің өмірі үшін күресті. Оларды тірі алып қалу үшін білімі мен тәжірибесін аямады. Ал жаудан «Тіл» әкелуге жасақталған арнайы командаға ол бірінші шақырылатын. Фин соғысында осындай тапсырмаларды орындаудағы оның тапқырлығы, бай тәжірибесі, ер жүректігі ескерілетін еді» деп жазды («Ради жизни», №6, наурыз 1996 жыл).

Санитарлық рота алдынғы шептегі ұрыстарға, қолма-қол шайқастарға қатысып, жауған оқтың арасында жаралыларға дәрігерлік көмек көрсетіп, оларды ұрыс даласынан шығарып жататын. Сондықтан да олардың міндеттері жауапты да, күрделі болатын- деп жазады майдан, әскер қолбасшылары.
Нұрылла ағаның соғыстың ең сұрапыл жерлерінде, әсіресе Ржев қаласын алудағы басынан кешкендерін өз аузынан талай естігенмін, кейін бұл шайқас туралы оқып, білдім. Ұлы Отан Соғысына бастан аяқ қатысушы, бірнеше кітаптардың авторы, А.Невский, «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз», Құрмет белгісі және екі рет Отан Соғысы 1, П-дәрежелі жауынгерлік ордендерінің иегері П.А.Михиннің «Біз жеңу үшін қаза болдық» атты Ржев шайқасына арналған еңбегінде төмендегі жолдар бар: «Біз Ржевке жерде жатқан қаптаған адам өліктерін баса отырып жылжыдық. Ол жердегі 200-250 шақырымды құрайтын Ржев асуындағы айқастар барысында көптеген өлім алқаптары мен шоқ-тоғайлар пайда болды. Жаз, ыстық желсіз күн, алдымызда өлім алқабы. Ол жерде шайқаста болмаған адам сасыған мыңдаған адам өліктерінің бүкіл денесінде қаптаған құжынаған құрттарды көзіне елестете алмайды, түсіне білмейді. Жердегі адамдар өліктері үш қатардан тұрады, олардың үстінен телефон кабелі жүргізілген, ол үзілген кезде оны қалайда болса жалғау керек. Мәйіттердің үстімен еңбектеп келесің, ал олар 3 қабат болып жатыр, ісініп жарылуға айналған, кейбіреулері жарылып үлгірген өлі адам денелерінде құжынаған мыңдаған құрттар. Жүрек ауыртатын жиіркенішті жағымсыз тәттірек сасып, шіріп жатырған, адам өліктерінің қолаңса сасыған иісі бүкіл алқапты алып жатыр. Снаряд жарылғанда еріксіз осы мәйіттер астына тығыласың, денең үрейден түршігеді. Үстіңде шіріген, сасыған мәйіт, мыңдаған құжынаған құрттар мен бетіңе бұрқақ қан шапшып атылады.Снаряд жарықшақтары ұшып өтісімен жан-айқаймен орныңнан тұрып, жалма-жан үстіңді қағып алдыға ұмтыласың. Жоғарыда өте ыңғайлы позицияда жау орналасқан. Біздің орналасқан жер оларға жақсы көрінеді және оларға атуға өте ыңғайлы, бұл жерді айналып өте алмайсың».
Ржев асуындағы шайқас Кеңес азаматтарының есінде «Ржев еттурағышы» ретінде қалды. Бұл соғысты немістер де қорқынышпен еске алады екен. Қазір бұрын жалпы айтылмай, жазылмай келген ұғымдар пайда болды.
Соның бірі «Ржев түбіне айдап алып барды» дейді. Бұл шайқаста Кеңес әскерлері әскери техника мен адам саны бойынша өте көп шығынға ұшырады, ал немістер аз шығынмен қаланы тастап шықты. Шабуылмен қалаға кірген Кеңес әскерлері немістің 9-армиясымен тастап кеткен бос қала мен онда әскер мен әскери техникаға ұқсатып көз қылып орналастырылған «арьергардқа» тап болған.
Бұл немістің 9-армия командованиесінің «Буйвол» операциясын, күні бұрын дайындалған позициясына ауыстыру арқылы әскер санын шығыннан және қоршауда қалу қаупінен аман алып қалуы әскери мамандармен олардың Ұлы Отан Соғысындағы көрсеткен асқан әскери шеберлігі ойдағыдай өткізілген шегіну операциясы болып есептеледі және әлемнің көптеген мемлекеттерінің әскери оқу орындарында әлі күнге шейін оқытылады екен.
Ржев-Вяземск операциясы Кеңес Одағының басшылығының бақылауында болған. Жау Мәскеуден бар болғаны 150-200 шақырымда Ржевте мықты плацдарм құрған. Ржев қаласы 1943 жылдың 3 наурызында босатылды, ал 4 наурызда Ұлыбритания Премьер-министрі У.Черчилль Сталинге құттықтау хат жолдаған. Қазіргі Ресей тарихшыларының деректеріне сенсек Сталин бүкіл Ұлы Отан соғысы барысында бір-ақ рет шайқас болған жерге барған екен. Бұл 1943 жылдың 3-5 тамыз күндері Ржев асуы мен қаласына барған екен. Соғыс шығыны туралы әр түрлі деректер бар. Қаза болған, із-түссіз жоғалғандар саны 392 554, жарақат алғандар 768 233, тұтқынға түскендер 63 700. Тарихшы П.Кривошеев өлгендер саны 433 037, тұтқынға түскендерімен бірге саны 605 984 дейді. Шайқасқа дейін қала мен оның төңірегінде 20 000 адам тұрса, шайқастан кейін 150 немесе 5443 үйден 297 үй қалған екен. Шайқас салдарынан келген зиян 1,5 млрд. рубльді құрайды. Бұл ол кездегі есеппен орасаң шығын болып есептеледі. Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы В.П.Астафьев өзінің «Прокляты и убиты» кітабында: «Біз оларға өзен тола қан ағыздық және оларды тау-тау өліктермен көміп тастадық» деп жазды.
Қазіргі Ресей тарихшылары бұл алапат қырғынға ол шайқаста кезекпен кезек жалпы басшылық жасаған Жуков пен Коневті кінәлауда. Ржевте бас қолбасшы болған Жуков өз мемуарларында бұл шайқасқа бар болғаны бірнеше қатар ғана арнаса, Конев ол тақырыпты айналып өтіп, мүлдем ештеңе жазбайды. Бұл шайқасты Кеңес әскерлері жеңгенмен техника мен адам саны өте көп шығындарға ұшырап, ауыр зардаптарға әкеліп соққан.
«Ржев асуындағы» қанды шайқаста құрамы 80 пайызға қазақ жастарынан тұратын бригаданың 90 пайызы сол жерде қаза болған деп жазады тарихшылар. Ржев шайқасы туралы орыс халқымен қанша еңбектер жазылуда. Оның құпиясы әлі толық ашыла қойған жоқ.
Ржев шайқасынан қаншама адам жер жастанғанда сол жерде соғыстың басынан аяғына шейін қатысқан, қаншама қиыншылықтарды көріп, майдандастырын, достарын ұрыс алаңынан алып шығып, кейбіреулерін жерлеп, қанша рет жаны күйзеліске ұшыраған Нұрылла ағаның «Қанша қырғын болса да ажалды өледі» демекші елге аман-есен қайта оралуы оны ата-аналарының аруақтары мен періштелердің жебеп-желеп, қорғап жүруінен деп түсінуге болады.
Осындай қиян-кескі ұрыстар кезінде Алмағанбетов Н. бірнеше рет жараланып, контузия алып, екінші топтағы мүгедек болған. Бірақ ол майдан сабындағы әскер қатарында қала берді. 1998 жылы Алматыда «Атамұра» баспасында шығарылған «Сыр өңірі» тарихы (көне заманнан бүгінге дейін) кітабының 146-шы бетінде ол туралы төмендегідей жолдар бар: «...Осындай бір ұрыстың кезінде Қызылорда медицина мектебінің түлегі жалағаштық Н. Әлмағанбетов ұрыс даласынан 30 ауыр жарақаттанғандарды алып шықты. Осы ерлігі үшін ол «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталды».
Соғыс аяқталғаннан кейін өзінің командалық құрамымен Н. Алмағамбетов Шығыс Германияның Оңтүстік Саксониясындағы Кетен қаласына әкімшілік қызметке жіберіледі.Соғыстан кейін жауынгер офицер 2 жыл бойы Германиядағы Кеңес әскерінің қатарында саяси жетекші, кейін өзі қызмет атқарған құрамының медицина қызметінің бастығы болып қызмет атқарады. Соғыс аяқталғаннан кейін Германияда нацистік топтар шабуылдарына тойтарыс беріп, қираған ғимараттарды қалпына келтіру, халықты бейбіт өмірге бейімдеу, дәрігерлік көмек көрсету, халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыруда Н. Алмағамбетов өзінің іскерлік қабілетін көрсете білді.
Менің әкем соғыстан 1946 жылдың қарашасында келсе Нұрылла аға елге 1947 жылы оралды. Н. Алмағамбетов бейбіт өмірге араласып, әуелі облыстық денсаулық сақтау бөлімінде эпидемиологиялық науқастарға қарсы күрес секторының меңгерушісі лауазымын атқарып, кейін, 1948 жылы ол Қызылорда облыстық партия комитетінің нұсқаушы, Қызылорда қалалық партия комитетінің хатшы (секретары) лауазымдарын атқарды.
1955 жылы Мәскеудегі КОКП ОК жанындағы жоғарғы партия мектебін аяқтаған соң, Сырдария өзенінде салынып жатырған Қызылорда плотина құрылысына парторг лауазымына тағайындалды. Соғыстан кейінгі ел тұрмысын түзеу үшін Сыр елінің күріш алқаптарын арттырып, оны сумен қамтамасыз ету, Сырдария өзенінің көктемдегі көп суды реттеу үшін бұл құрылыстың стратегиялық маңызы бар еді. Өзіне сеніп тапсырылған бұл жұмысты да Н. Алмағамбетов күш-жігерін жүмсап, алдыңғы қатардан көрініп, өзіне көрсетілген сенімді ақтай білді. 1956 жылы плотина құрылысы аяқталған соң мемлекеттік қауіпсіздік органдарын партияның кадрларымен нығайту саясатына байланысты ол Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің ШҚО бойынша төрағасының орынбасары қызметіне жіберіледі. Бұл қызметте ағамыз 6 жыл еңбек етіп, Мәскеудегі ҰҚК біржылдық курсын бітіреді. Осы кездері ол мемлекеттік қызметпен қатар Өскемен қалалық партия комитетінің мүшесі, қалалық Кеңестің депутаты сияқты қоғамдық жұмыстарды белсене атқарды.
Оның бұл қызметі, сол кездегі елдегі саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты, елде 1181260 түрмедегі жазаланған адамдарға амнистия беріліп, бостандыққа шыққан болатын. Олардың көбісі тың игеруге, Қазақстанға ағылып келіп жатты. Олардың ішінде рецедивистер, қоғамда ауыр қылмыс жасаушылар, т.б. қылмыскерлер көп болатын. Олармен бейбіт өмірде жұмыс жүргізу, азаматтардың тыныштығын сақтау күн тәртібінде тұрды.Оның үстіне елдегі қауіпсіздік органдар тарапынан жаппай қуғын-сүргін тоқтаталып, бұл органдар партия тарапынан қатаң бақылауға алынған кез болатын.Осы жағдайды ескерген үкімет ІІМ Орталық аппаратын нығайту мақсатында білімді, тәжірибелі, өмірдің ыстық-суығынан өткен кәсіби кадрлармен толықтыруды көздеді. Бұл талапқа майдангер, партия ҰҚК басшы қызметін мінсіз атқарған 43 жастағы Н. Алмағамбетов сәйкес келіп, Қазақ ССР ІІМ-нің бірінші орынбасары қызметіне жіберіледі. Өзіне сеніп тапсырылған бұл қызметті ол 19 жыл абыроймен атқарды. Ол министрліктің үлкен де, жауапты, ауқымды саласын басқарды. Ол тергеу, БХСС, еңбекпен түзеу (лагерлер, колониялар, түрмелер), құрылыс саласына, өртке қарсы күрес қызметтері саласына жетекшілік етті. Әсіресе Н. Алмағамбетов ІІМ-нің ауыр саласы еңбекпен түзеу мекемелеріндегі еңбекпен қайта тәрбиелеу, оларды қоғамның кәдесіне жарату, оларға тұрмыстық жағдай жасау, т.б. өмірлік, өзекті мәселелерін республика көлемінде шешті. Ол түзету колониялар мен мекемелердегі бас бостандықтарынан айрылған азаматтарды халық шаруашылығының түрлі салалары бойынша өндіріске тарту, пайдалы еңбекке пайдалану, сол арқылы халық тұтынатын өнімдер шығару, мамандықтарға оқыту, т.б. шаруашылық орындарын ұйымдастырып, тәрбиелік мәні бар «министрліктер ішіндегі министрлік» саланы өмір талабына сай басқара білді.
Н. Алмағамбетов өзінің өмірлік тәжірибесін қай салада қызмет атқарса да көрсете білді. Оның басшылығымен мыңдаған бұрынғы қылмыскерлер құрылыс материалдарын, халық тұтынатын тауарларды өндірді. Республикада, қалалар мен қыстақтарда тұрғын үйлерді, зауыт-фабрикаларды, өндіріс орындарын салды. Осындай тәрбиелік маңызы бар жұмыстардың негізінде, көптеген бас бостандығынан айрылғандар, еңбек тәрбиесін алып түзеліп, отбасына оралып жатты. Осы жұмыстардың ұйытқысы және басшысы болып генерал Н. Алмағамбетов соғыстағыдай еңбек майданында алдыңғы сапта жүрді. Осы бейбіт күндердегі еңбегі ескеріліп, ол «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
Өз міндетін қай қызметте жүрсе де үлкен абыроймен атқара білді. Ел қорғауда, бейбіт еңбекте қалтықсыз қызмет атқарғаны үшін Н. Алмағамбетов 40-тан аса, оның ішінде КСРО басшысы И.В. Сталиннің Алғыс хаты мен «Ерлігі үшін» медалімен, 4 рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Мақтау Грамотасымен, 21 рет Үкіметпен, жауынгерлік «Қызыл жұлдыз», екі «Еңбек Қызыл ту» ордендерімен, «Ерлігі үшін және т.б. 14 медальдермен марапатталған, КСРО Ішкі істер министрлігіне және Қазақ
Министрлікте күрделі мәселелер бойынша ол кісі заңды жолмен шешу жолдарын көрсетіп береді екен. Менің курстасым В. Нечуй-Ветердің (қазір Ресей Федерациясында тұрады) әкесінің ағасы полковник А.Нечуй-Ветер денсаулығына байланысты ішкі қызметтен кететін болғанда Нұрылла аға бір өзі министрліктің басқа алқа мүшелеріне қарсы шығып, оны алып қалыпты. Кейін ол Қарағанды жоғарғы мектебінің Алматы факультетін басқарды
Тауқыметтер мен қиындықтарды басынан кешіріп, елін жаудан қорғауда, бейбіт күндері қылмысқа қарсы күресте қатардағы жауынгерден генералға дейін көтерілген жерлесіміз Н. Алмағамбетовтің өмір жолы бүгінгі келешек жастарға үлгі екендігі сөзсіз.
Ол кісі менің әкем Ұлы Отан соғысына қатысушы, партия, Кеңес, кәсіподақ ардагері, «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» жауынгерлік ордендері мен алты медальдің иегері Асан Құлмағанбетұлы Қоразбаевтың Мариям апасынан туатын жиені.
Өзім де кейін есейген кезде ол кісінің ақыл-кеңестерін естіп, өстім. Ол кісінің аты Сыр бойына, Ұлы Отан соғысы мен ішкі істер органдары және т.б. тақырыптардағы көптеген кітаптарға енді, әлі де енеді. Сондықтан ол кісінің кімге болса да үлгі болатын өмірбаяны, қиын балалық шағы, Фин және Ұлы Отан Соғысындағы өшпес ерліктері, соғыстан кейінгі Партия, Ұлттық қауіпсіздік, Ішкі істер органдарындағы халық шаруашылығын қалыпқа келтірудегі, социалистік заңдылықты сақтаудағы көрсеткен ерліктері айтуға, жазуға, өлең жолдарын арнауға, тіпті ол туралы фильмдер түсіруге тұрарлық.
Оның үлгілі өмірбаяны, жүріп өткен жолы көптеген шәкірттері үшін үлгі болады және жастар, құқық қорғау, әскери оқу орындары түлектеріне патриоттық тәрбие беруде маңызы зор. Оның отбасына Өскеменге, Алматыға әке-шешем жиі барып тұратын. Оның бізге жақындығынан басқа, оның Алматыда тұрып жатырған Әдия жеңгеміздің өзі де бізге жақын жиен апамыз болады, оның туған үлкен апасы – Райхан әже менің Қоразбай атамның інісі Мергенбай атамыздың (белгілі заңгер, Ақтөбе облыстық сотының бұрыңғы төрағасы, Парламент Сенатының бұрыңғы депутаты, ҚР Конституциялық Кеңесінің бұрыңғы мүшесі марқұм Иран Амировтың әкесінің әкесінің ағасы) баласы Әмзе атамыздың жұбайы, біздің қолымызда болып, бізді бағып өсірген.
Ол кісіні есейген шағымда алғашқы көргенім әлі есімде.1978 жылы мен мектепте 9-сыныпта оқып жатырған кезімде үйімізде қонақта болып, маған көптеген сұрақтар беріп, менімен біраз әңгімелесіп, маған КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды Жоғарғы милиция мектебіне оқуға баруымды ұсынды және ата-анамның келісімін алды. Олардың бұл шешіміне қарсы болып, милиция қызметкері болғым келмеді.Ол үшін орта мектепті бітірер алдында құжаттар жинау барысында созып, қасақана Ш-оқу тоқсан табельін тығып тастау салдарынан, құжаттар ішкі істер басқармасына кеш тапсырылып, кейін кадр қызметкерлері менің милиция қызметкері болғысы келмегенімді байқап, ішкі істер министрлігінің нұсқауын орындау үшін, менің құжаттарымды Қарағанды мектебіне емес, Алматы өрт-техникалық училищесіне тапсыруымды сұрады және мен солай істедім. Ол оқуда милиция емес әскери киім киесің дегесін осы оқуды таңдап,түстім.Кейін менің ол кісінің айтқанын істемегеніне ренжіп, өзіме, әкеме ұрысқаны бар еді. Кейін Нұрылла ағам әкеме телефон соғып ол туралы айтпағанына ренжіп, дер кезінде хабарласқанда өзінің құжаттарды қабылдататынын айтып «Сенің қабілетіңе қарай сол оқуға жібергім келіп еді»- ғой деп өкінгені әлі есімде.
Менің әкем айтатын: 1941 жылы Қызылордадағы 1-Май орта мектебін алғашқы түлектері қатарында аяқтап, соғысқа аттанғанда Нұрылла Ақтөбе қаласында әскери жиында болатын. Оны перронда күтіп алып: «Асан бұл бір ғаламат соғыс болады, бір әке-шешеден сен де, мен де жалғыз ұлмын. Алла тағала екеумізді соғыстан аман-есен қайтуды жазсын, хош бол»-деп аздаған ақша ұстатты. Алла олардың тілектерін қабыл қылып екеуі де, екі шаңырақтың жалғыз болашақ иелері елге аман оралды.Әкем де құпия тапсырмаларды орындап, елге тек 1946 жылдың қарашасында оралған. Ол адамзат тарихының құрылықтағы ең үлкен әскери операциясына айналған 2 миллионнан аса адамның басын жұтқан Сталинград шайқасында болып, 2 рет контузия, 5 рет жараланып, елге аман-есен оралған. Нұрылла аға да бірнеше рет жараланып, контузия алып, екінші топтағы мүгедек болып соғыстан 1947 ж. елге оралған.
Ол кісінің балалық шағы Қызылорда қаласының түбіндегі бұрыңғы Теңтек өзек, қазіргі Қызылжарма ауылындағы біздің үйімізде өтті, өзінен 3 жас кіші менің әкеммен бірге отын, су тасығандарын, аталарымыз молда діндар Құлмағанбет, Ысқақтың, олардың әкесі молда Қоразбайдың қатаңдығы, жағымсыз нәрсе істесең қыз, ұл екендігіне қарамай қамшымен салып жіберетінін жиі еске алатын.Бірде шөп шабуға барғанда менің әкем «Нұрылла ана қара шайтан келе жатыр» деп шөп шабудан өзі қашып, мені де жұмысты тастап кетуге мәжбүр қылғанын күлдіріп айтқан. Ол кісінің соғыс, милиция қызметі туралы әңгімелері қызықтыратын. Батысқа Молдавия арқылы бір хутордың үстінен таң алдында өтіп бара жатқанда жолдың жиегінде пісіп жетілген қарбыздарды көріп, ел есіне түсіп біреуін үзіпті. Сол жерде бір ақ сақалды шал пайда болып: «Ей бала қарбызды неге аласың?» деп сұрапты. Ол шошып кетіп: «Қазақстаннан едім, бізде де осындай қарбыздар өсетін еді, елімді сағындым, Сіз қазақсыз ба?» деген сұрағына ол өзінің гагауыз (түркі тілдес оғыздарға жататын) екендігін айтқан.
Бірде Алматыға Жалағаш ауданынан барған белгілі партия, Кеңес қайраткері Қойшығулов Қалдан екеуі Алматыда серуендеп жүріп, Абай даңғылындағы «Самал» гастрономына кіріп, темекі алу үшін кезекте тұрғанда милиция капитаны кезексіз зат алуға сатушыға ақшасын береді де кезекте тұрған спорттық киімдегі генералды байқап, шошып кетіп «Здраю желаю товарищ генерал» дейді. Жұрт абдырап қалады. Әлгі капитан сәл есін жиып алып «Не аласыз, мен алып берейін-дейді», аға оның ұсынысынан бас тартады, ал халық «Ұяты бар генерал кезекте қарапайым адам сияқты тұр, ал ұятсыз капитан бүкіл халықты адамға санамайды» деп шулапты. Ағаның ұлт жандығы да бар тұғын. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін, бұрыңғы Бас Прокурор Ғ.Елемесовпен, Қазақ ССР-ның әділет министрі болған қызылордалық Б.Жүсіповпен араларында желтоқсандықтарды жазалаудағы мәскеуліктердің ролі, шектен шыққан қатаңдығы, заңды белінен басып жүргендігі туралы әңгіме қозғалғандығын өкінішпен, қиналып есіне түсірген болатын.
1988 жылы қазан айында менің әкемнің қатты науқастануына байланысты Нұрылла телефон соғып, артынша үйге келді. Сол кісінің келгенін күткендей көп ұзамай бірнеше күннен кейін кейін әкем қайтыс болды. Сонда ол кісі әкемді қимай, Алматыға алып кетіп, жақсы дәрігерлерге көрсетпекші болды. Шешем көнбей, жолды көтере алмайтынын айтты. Ол біздің үйде болғанда бір жастан енді асқан менің ұлым Ардақты ерекше жақсы көріп, қолына алып: «Тынышсыз бала екен, молданың шөбересі ғой...» дейтін. Алматыдағы саяжайында мені баласынбай, әңгімеге тартып, көп нәрсені еске түсіретін. Бұрын соңды келген кездері қасында көп адамдар еріп жүретін. Мені жақсы көретін. Қатаң болатын кезде қатаң болатын, бірақ жұмсақ, ақ жарқын, кішіпейіл, көпшіл, ағайындарды жақсы көріп, сыйлайтын, елді сағынатын. Мен ол кісімен кездескенде жас болғандықтан, көп әңгімелерін қағазға түсірмеппін, әйтпесе шығарылып жатырған кітапқа көптеген деректер қосатын едім.
Сол кісінің шын ықыласпен берген батасы қабыл болған болу керек, мен полицияда орта, жоғарғы басшы лауазымдарында абыроймен 40 жылға жуық қызмет істеп, полковник шенінде отставкаға шықтым, қазір қызметімді әкімшілік-мемлекеттік қызметкер ретінде жалғастырудамын.
Медицинадан, өнер, әдебиеттен жақсы хабардар еді. Кезінде Нұрылла ағаның отбасында Қызылордадан шыққан елдің игі жақсылары, белгілі азаматтары жиі қонақта болатын Олардың қатарында Кеңес Одағының батыры Нағи Ильясов, КСРО-ның Халық әртісі Сабира Майқанова, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ ССР-ның Жоғарғы Кеңесінің бұрыңғы төрағасы Исатай Әбдікәрімов, танымал этнограф-ғалым Мардан Байдильдаев, Қызылорда облыстық атқару комитетінің бұрыңғы төрағасы Зейнулла Жарқынбаев, ҚР-ның еңбек сіңірген қаржыгері Бименді Баймаханов және т. б.
Жеңістің 70 жылына арналған облыстық ішкі істер департаменті ғимарат алдына орнатылған мәрмәр тақтаға ол кісінің аты жөні жазылған.
Қазақстанның әр түкпірінде ол кісінің шәкірттері жетіп жатыр. Иә, Нұрылла ағаның Сыр елінде іздері сайрап жатыр. Жалағаш ауданының орталығында да ол кісінің атымен аталған көше бар. Генерал оқыған Қызылорда медициналық колледжі мен облыстық өлке-тану мұражайында ол кісіге арналған бұрыш ұйымдастырылып, ол кісінің тірі кезінде ұстанған заттары мундиры бүкіл орден, медальдерімен сақталуда. Халық ол кісіні әрдайым тек жақсы жағынан ғана еске алады. Бірнеше жыл бұрын генералдың інісі, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті Ардагерлер Кеңесінің төрағасы, отставкадағы қаржы полиция полковнигі Ж.Бекішовтың ұйымдастыруымен Қызылорда қаласында ол кісіні еске алуға арналған іс-шаралар барысында ол кісінің өміріне, ерліктеріне арналған «Елім деп соққан жүрегім» атты кітаптың тұсауы кесілді. Ә.Тәжібаев атындағы кітапханада өткізілген іс-шараға генералдың ұлы Талап Алмағанбетов, қыздары Алмағанбетова Әсия, Әлиямен бірге ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі, «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары мен Ұлттық Ұлан ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы милиция генерал-майоры У.Болсамбеков, Қызылорда ОІІД бастығы полиция полковнигі Ж.Қ.Сулейменов, ОІІД бастығының кеңесшісі, ардагерлер Кеңесінің бұрыңғы төрағасы отставкадағы милиция полковнигі, бүгінде марқұм М.П.Пейсов және марқұмның көзін көріп, араласқан облыстың ҰОС, еңбек ардагерлері, ОІІД қызметкерлері, қоғамдық өкілдері, туған-туысқандары қатысты. Әсіресе іс-шарадан өмірінің көпшілігі ерліктен тұратын Сыр елінің тұңғыш генералы туралы естіп-білген жас қызметкерлерге қатты әсер етті. Іс-шара соңында ол кісіге арнап құран оқылып, ас садақа берілді.
Аты Қызылорда халқы арасында мәңгілікке ұмытылмайтын генералдың ұрпақтары ол кісінің туылғанына 100 жыл толуына Қызылорда қаласындағы ол кісінің атымен аталатын көшенің бойынан бюст орнатылса деп армандайды. Ол іс-шараға ат салысу біздің парызымыз.
Иә, жылдар зуылдап өтуде, Нұрылла ағаны көріп білген, араласқан адамдардан Қызылордада қарт журналист Ахат Жанаев пен милиция ардагері запастағы полиция капитаны Қ.Абшакиров қана қалды.
Қызылордаға ол кісі соңғы рет 1990 жылы Күлбарам апаның (жұбайы Әдияның апасы) қайтыс болуына байланысты келді. Екеуміз Сырдария жағасында біраз серуендеп, әңгіме айттық. Қызметім туралы көп сұрады. Қатаңдықты да, жұмсақтықты да қабағымен танытып, қанша жоғары лауазымды атқарса да кішіпейіл, көпшіл кейпінен танбаған ағаның сөздері мен жарқын бейнесі жүректе мәңгі қалады.
(өз сөзімен аударылған)

Хұсайын ҚОРАЗБАЕВ,
Қазақстан журналистер Одағының,
Халықаралық жазушылар Одағының мүшесі.
Қызылорда облыстық полиция департаментінің
бөлім басшысы, запастағы полиция полковнигі.
05 сәуір 2019 ж. 1 099 0