Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттар лигасы қандай турнир?

Ұлттар лигасы қандай турнир?





























Қыркүйектің 6-сы күні Еуропада жаңа футбол турнирі – Ұлттар лигасы басталады. Жарысқа Қазақстан құрамасы да қатысады. Бұл қандай жарыс? Турнир арқылы Еуропа чемпионатына қалай жолдама алуға болады?
Ұлттар лигасы (Nations League) турнирін ұйымдастыру туралы шешім 2014 жылы Астанада өткен UEFA (Еуропа футбол қауымдастығы) Конгресінде қабылданған. Бұл жарыстың алғашқы матчы да ресми түрде Астанада басталады. Қыркүйектің 6-сы күні Орталық Еуропа уақыты бойынша сағат 16.00-де (Астана уақыты - 20.00-де) Қазақстан өз алаңында Грузиямен ойнайды. Бұл Ұлттар лигасының алғашқы матчы болмақ.
ТУРНИР ЕРЕЖЕСІ ҚАНДАЙ?
Жарысқа UEFA құрамына кіретін 55 елдіңқұрамасы қатысады. Құрамалар UEFA рейтингіндегі орнына байланысты А, В, С, D лигасына бөлінген. Мысалы, А лигасында рейтингі жоғары Франция, Испания, Англия, Германия, Голландия, Хорватия, Польша, Швейцария, Италия, Бельгия, Исландия, Португалия ойнайды. Осы командалардың арасында Ұлттар лигасының жеңімпазы анықталады.
Ал Қазақстан рейтингі төмен 15 құрамамен бірге төменгі D лигасында ойнайды. Бұл лигадағы 16 құрама төрт топқа бөлінген. Қазақстанмен бір топта Грузия, Латвия және Андорра бар. Командалар өз алаңында және сырт алаңда кездеседі. Топтық кезеңқарашада аяқталады. Егер Қазақстан осы топта жеңіске жетсе, D лигасындағы басқа үш топтың жеңімпаздарымен 2020 жылы наурызда өтетін плей-офф кезеңіне қатысады. Төрт жеңімпаз алдымен жартылай финалда ойнайды. Ал жеңіске жеткен екі құрама финалда кездеседі. D лигасы финалында озған команда 2020 жылы жазда өтетін Еуропа чемпионатына жолдама алады.
Төменгі D лигасындағы топтар
  • 1-топ. Қазақстан, Грузия, Латвия, Андорра
  • 2-топ. Беларусь, Люксембург, Молдова, Сан-Марино
  • 3-топ. Әзербайжан, Фарер аралдары, Мальта Косово
  • 4-топ. Македония, Армения, Лихтенштейн, Гибралтар
Еуро-2020 турниріне 24 елдіңқұрамасы қатысады. 20 команда Еуропа чемпионатының іріктеу жарысы арқылы, төрт команда Ұлттар лигасы арқылы жолдама алады.


















Бұған қоса, әр топтың жеңімпазы бір лигаға жоғарылайды. Ал соңғы орын алған команда төмендейді. Мысалы, Қазақстан өз тобында бірінші орын алса келесі турнирде С лигасында ойнайды. Ал С лигасындағы топтарда соңғы орында қалып қойған құрамалар D лигасына төмендейді.
ТУРНИРДІҢ МАҚСАТЫ НЕ?
UEFA Ұлттар лигасы футболдағы жолдастық матчтардың орнын алмастырады деп санайды. Бұл турнир арқылы Қазақстан, Литва, Латвия, Молдова, Грузия, Македония сынды рейтингі төмен командалардың Еуропа чемпионатына қатысу мүмкіндігі артады. Мәселен, Қазақстан құрамасы бұрын Еуропа чемпионаты жолдамасын Англия, Португалия, Украина, Польша, Бельгия сынды күші әлдеқайда басым командалармен сарапқа салған. Ал Ұлттар лигасында өзімен деңгейлес құрамалармен ойнап, лицензияға таласады. UEFA мәліметінше, Ұлттар лигасы дәстүрлі турнирге айналады.
Сарапшылар Ұлттар лигасын "әлсіз командалардың арманын орындайтын турнир" я "рейтингі төмен командалар үшін трамплин" деп сипаттайды.
ҚАЗАҚСТАН ТОБЫНДА КІМ ФАВОРИТ?
Қазақстан Грузия және Латвиямен бұрын төрт рет кездескен. Қазақстан екі қарсыласынан бір рет жеңіліп, бір рет жеңген. Қалған ойындар тең аяқталған. Ал Андоррамен екі рет ойнап, екеуінде де басым түскен.
Букмекерлік кеңселердің есебінше, Қазақстан тобында Грузия – фаворит. Ал Қазақстан мен Латвияның мүмкіндігі тең. Андорра – аутсайдер.
  • Қазақстан құрамасының ойындары
  • 6 қыркүйек. Қазақстан - Грузия
  • 9 қыркүйек. Андорра - Қазақстан
  • 13 қазан. Латвия - Қазақстан
  • 16 қазан. Қазақстан - Андорра
  • 15 қараша. Қазақстан - Латвия
  • 19 қараша. Грузия - Қазақстан
Қазақстан құрамасын жаттықтыратын болгариялық маман Станимир Стойловқыркүйектің 5-і күні Грузиямен ойын алдындағы баспасөз мәслихатында команданың мақсаты туралы айтты.
"Рейтинг бойынша топта Грузия – фаворит. Коэффицент бойынша екінші орында Латвия тұр. Қазақстан – үшінші. Демек, коэффицентте Қазақстан – аутсайдер. Бірақ менің барым ойым - бірінші орын", - дейді ол.














Грузия құрамасын жаттықтыратын словакиялық бапкер Владимир Вайсс та Астанада өткен журналистермен кездесуде "біздің мақсат – топта жеңімпаз атану" деді.
Қазақстан құрамасындағы ойыншылардың негізгі дені "Астана" және "Қайрат" (Алматы) командаларынан шақырылған. Құрамада "Тобыл" (Қостанай) клубынан үш, "Ордабасы" (Шымкент) мен "Қайсар" (Қызылорда) командаларынан бір-бір ойыншы бар. Сондай-ақ, Ресейдің "Уфа" командасында ойнайтын Еркебұлан Сейдахмет те Қазақстан құрамасына енген.



17 қазан 2018 ж. 1 029 0