Қызылордалық хоккейшілер Ресейдің ашық біріншілігінде чемпион атанды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Татарстан Республикасының астанасы - Қазан қаласында көгалдағы хоккейден жоғарғы лига командалары арасында Ресей Федерациясының ашық біріншілігі мәресіне жетті. Бұл сында Қызылорда облысының «Қайсар» ерлер командасы бірінші орынды жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Біріншілік төрт айналым бойынша жүргізілді. Сол сайыстарда қызылордалық спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді. Жарыс барысында олар 20 ойында 17 мәрте жеңіске жетіп, небәрі 3 кездесуде қарсыластарына есе жіберді. Осылайша «Қайсар» жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, қызылордалық Мұрат Ешпанов «Жартылай қорғаушы» номинациясын иеленді. Команда сапында Ғалымжан Әлиев, Дәулетбек Әлиев, Диас Әлжанов, Мұрат Ешпанов, Асхат Ермағанбетов, Дәурен Қобландин, Дәурен Мэлисов, Ерасыл Қайқыбеков, Никита Пласкин, Асхат Зулпухаров, Мұқағали Сансызбаев, Олжас Әуезхан, Бақытбек Сәрсенбайұлы, Бақытбек Тәженов, Нұрхан Сансызбаев, Шыңғыс Сейітқалиев, Нұрлыбек Ұзақов, Дулат Шыныбек ойын көрсетті. Жігіттер «Қайсар» ойын түрлері спорт клубында тәлім алады. Оларды жарысқа облыстың аға бапкері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сұлтанбек Қобландин дайындады. Үстіміздегі жылдың 15-23 қазаны аралығында Қызылорда қаласында көгалдағы хоккейден ерлер арасында ел біріншілігі өтеді. Жарыс барысында еліміздің әр өңірінен келген хоккейшілер III-IV тур бойынша сайысқа түседі.
inform.kz